ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕ МЕДРЕСЕЛЕР

29 сәуір 2024 1858 0
Оқу режимі

Оқу-ағарту орындары құлшылық орындарының қасында орналасқан. Арнайы оқу-ағарту орындары жоқ еді. Бұл жерде оқудың мақсаты бастапқыда діни оқу болып, кейін барлық ғылымдарды қамтыған. Құлшылықпен айналысып, халықты дінге шақыратын адамдар тәрбиелеу мақсатында бірнеше мекемелер ашылды. Мұндай құлшылық орындары медреселер мен жоғары оқу орындарының алғашқы формасы болып табылды. Әрине ертеректе Шумерлерде (б.э.д. 5-4 мыңжылдықта) құлшылық орындарының жанында мектептер болғандығы, онда дін адамдары сабақ бергендігі белгілі. Дегенменде Ислам дінімен адамзат тарихында мәдениет пен өркендеу, оқу-ағарту жаңадан қарқын алды.

Ислам келгеннен бастап халықтың діни оқуға ықыласы күшейіп, оқу-ағарту орнына айналған мешіттерде дәріс алқаларының көбейгені соншалық, халық мешітке сыймауға айналды. Бір мешітте бірнеше алқа құрылып, бұл алқада сабақ берген мұғалімдер мен сұрақ қойған шәкірттердің даусы мешіттің тыныштығын бұзып, намаз оқуға келгендердің мазасын алды. Сонымен бірге осы уақытта кәлам, муназара сияқты ілімдер пайда болып, бұл ілімдер тартыссыз өтпейтін. Бұл жағдай мешіттерді құлшылық және оқу орны ретінде бірдей қолдану мүмкін еместігін көрсетті. Сондықтан 378/988-жылдан бастап Каирдегі әл-Әзһар мешіті тек қана дәріске арналды, бұл жерде жұма намазы ғана оқылатын. Алайда бұл да бір нәтиже бермеді. Өйткені мешіттің салынуының негізгі мақсаты құлшылық ету үшін еді. Осы себептерге байланысты Исламның алғашқы уақыттарында оқу орны қызметін атқарған мешіттер кейіннен бұл саладағы сұраныстарға жауап бере алмағандықтан, жанынан медреселер ашылды. Егер медресе мешіттен ұзақ болса, онда медресенің жанына мешіт салынатын. Бұл медреселердің салынуын, даму сатысын негізге ала отырып, Осман мемлекетіне дейінгі медреселер және Осман мемлекетінің дәуірі медреселері деп екі бөлімге бөлеміз.

Осман мемлекетіне дейінгі медреселер:

Оқу-ағарту үшін мешіттен тыс өз алдына салынған алғашқы құрылыс Аббаси халифасы Мәмун (813-833) кезінде Бағдатта салынған Бәйтул-Хикма[1]. Бәйтул-Хикмада улумуд-дахила, (арабтарға кейіннен келген ғылымдарға берілген жалпы атау) практикалық және теориялық ғылымдар оқытылып, аудармалар жасалатын. Мұнда оқылатын ғылымдар мен мешіттегі дәрістер бірдей емес. Медреселер мешіттегі сабақтар оқытылатын орын болғандықтан мешіттің міндетін өзіне алды. Мешіттегі дәрістерге қалаған адам қатыса алатын. Әркім қалаған ғылымды оқып, қалаған ғылымды оқытатын. Бәйтул-Хикмада да осылай еді. Бірақ медреседегі дәрістер белгілі бағдарламамен оқытылатын, мұғалімдер мен шәкірттерге белгілі талаптар қойылатын.

Бәйтул-Илим, Бәйтул-Хикма сияқты құрылыстар оқу-ағарту мекемелері ретінде медреселердің құрылуына негіз болған. Кейбір ғалымдар Бәйтул-Хикманы алғашқы медресе деп санайды. Аббаситтер кезінде медресе термині қолданылмаған. Бұл термин алғаш ІХ ғасырда қолданыла бастап, ресми түрде мемелекеттік мекеме ретінде Қарахандықтар заманында қолға алынған. Мұнымен қоса Ислам тарихшылары бір ауыздан алғаш медресе ашқан Селжүк уәзірі Низамулмүлк екенін айтса да, одан бұрын Нишабурда Бәйхақия медресесі ашылған. Махмуд Ғазнауи де Ғазнада Низамулмүлктен бұрын медресе салдырған[2]. Белгілі ең алғашқы медресе 349/960 жылы Нишабурда Әбул Уәлид Хасан ибн Мұхаммед әл-Умауи салдырған медресе екенін айта аламыз. Медреселердің алғаш құрушысы ретінде Низамулмүлктің аталу себебіне келсек, оның құрғаны белгілі бағдарламамен үзіліссіз жұмыс істейтін, мемлекеттің түкпір-түкпіріне тараған оқыту жүйесі. Содан бастап, медреселердің жаңа дәуірі басталды. Низамулмүлктен бұрында медресе терминінің қолданылуына келетін болсақ, олар бейресми оқу орындары еді. Бұған қарамастан Ислам тарихшылары медреселердің құрылу тарихын нақты айта алмайды.

Медреселер көбіне бір сынып және жан-жағында шәкірттердің жатақханасынан тұратын. Ашылған уақытынан бастап қорлар арқылы басқарылғандықтан, оқу ғимараттары жанында қордың ақшалай жағдайына қарай көпшілік тамақтанатын асхана, кітапхана, монша сияқты құрылыстар да салынатын.

  1. Бейресми медреселер

 Бұлар жалпы көпшілікке ашық еді. Қалаған адам оқып, қалаған адам оқытатын.

  1. Ресми медреселер

 Бұған Низамулмүлк салдырған Низамия медреселері жатады. Бұлар Ислам өлкесінде өнер-ғылымды дамыту, мұсылмандардың мәдени және рухани сұранысын өтеу жолында жұмыс істеді. Бірақ бұлардан басқа дербес медреселерде де оқу-ағарту ісі жүргізілген. Ресми медреселер деп белгілі бағдарламамен оқытылатын, бітірушілерге мемлекеттік қызмет берілетін медреселер айтылады. Бұлардан басқалары жалпы білім беретін медреселер.

Медреселер ашылмай тұрып та Ибн Сағд, Имам Мәлик, Әбу Ханифа сияқты атақты ғалымдар шыққан. Бұл, ресми оқу-ағарту орындары құрылмай тұрып та ғылыми ізденістердің болғанын көрсетеді. Медрселер де мешіттер сияқты Ислам әлеміне тез жайылды. Аббаситтер дәуірінде тек қана Шам төңірегінде 300 медресе болған. Бұлардың ішінде 631/1234-жылы Халифа әл-Мустансир салдырған төрт мәзһаб үшін ашылған әл-Мустансирия медресесі сол дәуірдегі ең атақты оқу орны еді. Әр мәзһабқа бір мударрис, 4 муид, 75 шәкірт, бір-бір хадис мұғалімі және екі-екіден Құран мұғалімі, бұған қоса бір дәрігер және медицинамен айналысатын он мұсылман шәкірт, медресенің жанында бір кітапхана, аурухана, асхана, моншасы бар болатын.

 

ӨТКЕЛБАЕВ Бақытжан

 

[1] Ислам тарихы. (Умаялықтар және Аббасттықтар кезеңі), Сейтбеков С. Нысанбаев С. Шымкент 2002, 154б.

[2] М. Фарук Байрактар, Ислам еғитиминде Өғретмен-өғренжи мунасебетлери, Стамбул 1994.

Пікірлер Кіру