ИСЛАМ ҚОҒАМЫНДАҒЫ БҮЛІКШІЛ ТОП

13 тамыз 2024 1214 0
Оқу режимі

قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: تَفْتَرِقُ أُمَّتِي عَلَى بِضْعٍ وَسَبْعِينَ فِرْقَةً أَعْظَمُهَا فِتْنَةً عَلَى أُمَّتِي قَوْمٌ يَقِيسُونَ الْأُمُورَ بِرَأْيِهِمْ فَيُحِلُّونَ الْحَرَامَ وَيُحَرِّمُونَ الْحَلَالَ. (ك)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Үмметім жетпістен астам жікке бөлінеді. Бұлардан үмметім үшін бүлігі ең үлкені, діни үкімдерде өз пікірімен қияс жасап, харамды халал, халалды харам есептейтіндер”. (Хаким, әл-Мүстәдрак)

Әбу Саид әл-Худри (р.a.) Пайғамбарымыздың (с.a.у.) былай дегенін риуаят еткен:  

Уа, мүміндер! Болашақта мұсылмандардың арасында сондай топ пайда болады, (діни жетекші саналатын) сол (надан, екіжүзді)лердің оқыған намазынан өз намаздарыңды, oлардың оразалары жанында өз оразаларыңды, олардың ғибадаттары қасында өз ғибадаттарыңды болмашы көресіңдер. Олар Құран да оқиды. Бірақ Құранның берекеті олардың алқымынан әрі өтпейді. Олар жебенің бірдеңені тесіп өткені тәрізді, діннен шығады”.

Бұл хадис Құран кәрімді рия мен надандық арқылы өз жаман ниеті үшін яки зұлымдық, бүлік, кесірге пайдаланушылардың күнәсін айқындап көрсетуде.

Хузәйфә ибн Йәман (р.a.) айтқан: 

“Бәрі Пайғамбарымыздан болашақ жайлы қайырлы нәрселер сұрайтын. Ал мен Ислам үмметінің басына келетін жамандық, бүліктерді сұрайтынмын. Бір жолы былай дедім:

“Уа, Расулалла! Біз мұсылмандар кезінде жаһилят заманында ширк пен зұлымдыққа берілгенбіз. Сосын Алла Tағала сізді бізге пайғамбар етіп жіберді. Өзіңіз мықтаған осы қайыр мен бақыттан кейін жамандық, бүліншілік заманы келе ме?”

“Иә, келеді. Oл кезде неше түрлі біреулер шығады, надандықпен, ерекше ықыласпен халықты жалғанға шақырады. Кімде-кім олардың соңынан ерсе, оны жаһаннамға, бәлекетке ала кетеді” деді. (Сахих Бухари және Мүслім) 

Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде былай дейді: “Шынында үмметім адасушылық-бұзықтық үстіне жиылмайды. Егер алауыздық байқалса, Сәуад ағзам (Әһл-и сүннет уәл-жамағат)нан айрылмаңдар, мықтап ұстаңдар”. (Сүнән ибн Мажа)

Пікірлер Кіру