ИСЛАМ ЖӘНЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ

11 желтоқсан 2023 2310 0
Оқу режимі

Кез-келген діни немесе зайырлы қағидаттардағы ең құнды норма ол - адам баласының өмір сүру құқығы. Құранда: «Бейкүнә бір адамды өлтіру барлық адам баласын өлтірумен бірдей!» деуі осыны көрсетеді. Басқа адамдардың әсіресе бейкүнә жандардың өміріне балта шабуды қазіргі аласапыран заманда жиі көретін болдық. Бұл тек діни тұрғыдан емес адами тұрғыдан да адамгершілікке, ізгілікке жатпайды. Сонымен бірге дінге сенімде де мәжбүрлік жоқ. «Егер Раббың қаласа жер жүзіндегілердің барлығы иманға келер еді. Адамдарды иман етуге сен мәжбүрлейсің бе?!» деген аятта да ешкімді күшпен дінге мәжбүрлеуге болмайтындығы ашық айтылған. Бір адамның кінәсі үшін басқа адамның жазаланбайтындығы да Құранда бірнеше рет қайталанған мәселелердің бірі. Олай болса, қазіргі көптеген құқықтық нормалар мен исламдағы адам құқықтары қағидаттары үндесіп келеді. Қыл аяғы жұмысшылардың ақысын «Маңдайының тері құрғамай тұрып беріңдер!» (Хадис) деген ислам адам баласы үшін барлық ізгіліктерді қолдаған. Жеке меншікке ие болу, адам баласының өз бетінше тіршілік етуі, бас-бостандығының құны сияқты барлық құқықтық мәселе исламнан тыс қалмаған. Бұл қағидалар тек қағида жүзінде ғана емес, адамгершілік құндылық ретінде бекігендігін байқауға болады. Құдайдың кешірмейтін ең үлкен күнәларының біріншісі Аллаға серік қосу болса, екіншісі адамның ақысын жеу екендігі баса айтылады. Бұқар Жырау бабамыз:

Кісі ақысын көп жеген - арам емей немене,

Сыртыңдағы қулығың – амал емей немесе?!- дегені осы. Базыбір озбыр саясаткерлердің немесе әсіредүмшелердің әрекетіне қарап исламдағы адам құқықтарына күмән келтіру орынсыз іс. Сонымен бірге исламофобияға салынып дін дұшпандығын жасау да қазіргі зайырлы қоғам өкілдеріне жараспайтын қылық. Ең жақсысы әркімнің діні өзіне! (Құран) Өзгелердің хақы басталған жерде біздің құқымыз аяқталатынын ұмытпайық, Адамшылықтан шығып кетпейік!

 

Пікірлер Кіру