ИСЛАМДАҒЫ АҚЫЛДЫҢ ОРНЫ
Ислам дінінде ақылдың орны өте маңызды. Ислам дінінің қайнар көзі – Құран Кәрімде ақыл, ойлану туралы 70-тен астам аяттар келеді. Құран Кәрімнің бірінші аяты:
«Сондай жаратқан Рабыңның атымен оқы!» («Алақ» сүресі, 1-аят) болғаны барша мұсылманға белгілі. Осы аяттан адамзат баласын ілімге, оқуға ұмтылуға шақыратынын байқаймыз. Ал оқу ақылдың дамуына әкелетіні анық.
Адамзаттың басқа жаратылыстардан айырмашылығы – ақылының ерекшелігі және ойлау қабілетінің жоғары болатындығында. Құран аяттарында Алла Тағала адамды «ақыл иелері» деп ерекше қасиетін көрсете отырып, оларды мақтайды. Мәселен, Сад сүресінің 29-аятында:
«(Мұхаммед Ғ.С.) саған бір мүбарак Кітап түсірдік; аяттарын түсінсін әрі ақыл иелері үгіт алсын». Демек, Құранның түсу мақсатты – оны тек оқып, жаттап алу емес, сондай-ақ Құран аяттарын ақылға салу, ойлану және оны түсінуге ұмтылу.
Жаратушы Құранға ақыл жүргізбегендерге «Мұхаммед» сүресінің 24-аятында былай дейді:
«Олар Құранды оқып ақыл жүргізбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?» Бұл аятта Алла тағала жаратылыстың пайда болуымен оның өмірлік мақсаты, болмысы туралы Құранда көрсетілген аяттарға қарап, ойланып, ақыл жүргізбегендерді жүректері жабық екенін айтады.
Адамның періштелерден абзал болуы оның нәпсісі, ақылы, ойлану қабілетінің болуында. Сондықтан Жаратушы періштелерге адамға сәжде етуге бұйырды. Періштелердің жаратылысы Алла үйреткен нәрселерді, яғни Алладан келген бұйрықты орындау. Ал адамға берілген ақыл ерекше қасиет болғандықтан, біз Алланың сөзін немесе оның пайғамбарының (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін ақылға сала отырып, сенуге бұйырылғанбыз.
Дінімзде ақылдың алар орны ерекеше. Пайғамбарлар өз қауымына насихат жасаған кезде ақылды көп қолданды. Ақиқатты ойларына жеткізе отырып, туралыққа шақырды. Өйткені Алланы танымайтын, мойындамайтын халыққа аят-хадис дегеннің еш құны жоқ. Сол үшін ең алдымен ондай қауымның ақылына, ойына ақиқатты жеткізу ләзім болды. Ибраһим (а.с) өміріне қарайтын болсақ, ақылды қолдана отырып, ақиқатқа шақырды:
Біріншісі, Пайғамбар өзін жаратқан Жаратушыны іздеуі:
Оны түн қаптаған сәтте, бір жұлдыз көрді де: «осы менің Раббым» деді. Жұлдыз батқан кезде; «Бататындарды жақсы көрмеймін» деді. Бұл арқылы жұлдызға табынатын адамдардың ойына ой салып, жұлдызға табыну қате екендігін көрсетті.
Екіншісі, әкесіне ақиқатты көркем түсінікпен жеткізуі:
Сол уақытта әкесіне: «Әй әкетайым! Естімес, көрмес, сондай-ақ өзіңе бір пайдасы жоқ нәрсеге неге шоқынасың?» - деді.
Үшіншісі, өзінің халқына ойландырар бір мысалмен қадам басуы:
Аллаға серт етемін! Сендер бұрылып кеткеннен кейін әлбетте бұттарыңа соқтығамын" деді. Сонда оларды быт-шыт қылып, бәлкім осыған айналар деп, үлкенін ғана қойды.
Төртіншісі, сол заманның залым патшасымен пікірталас жүргізуі:
«Расында Алла күнді шығыстан келтіреді, сен оны батыстан келтірші» деді. Сонда кәпір абыржып қалды. Алла залым елді тура жолға салмайды».
Міне, Ибраһим (а.с) пайғамбардың әрбір әрекеті ақылға ой саларлық, ақылы бар адамды тура жолға бағыттайтын амалдар екенін көреміз.
Әйгілі ғұлама имам Ғазали былай деген екен: «Ақыл – көз, Құран – күн тәрізді. Күн жарығында көздің жақсы көретіні сияқты ақиқатты түсінуде Құран негізінде ақылды пайдалануға мұқтаждық бар. Тек Құран жеткілікті деу күндіз көзді жұмып жүргенмен бірдей. Ал, тек ақыл жеткілікті дейтіндер де қараңғы жерде бейне бір жарық іздеген адам тәрізді. Бұл екі нәрсе азғындыққа апарады. Сондай-ақ, шариғат пен ақыл бір-бірін толықтырып, кемелдендіріп келген екі нұр».
Шын мәнінде, ақыл – Алланың берген нығметтерінің бірі. Адам баласы көру, есту, сезу, ойлану арқылы Алланың құдіретін түсінеді, ой жүгіртіп, ақылға салып, жақсы амал жасауды ұйғарады. Ақылды дұрыс нәрсеге жұмсау – Жаратушы Жаббар Иеміздің жарылқауына, ризалығына жетелейді. Ал нәпсі қалауын ақылмен басқара алмау азғындыққа апарып, Алланың ашуын шақырады.
Алла Тағала Құранда бірнеше аятта «Ойланбайсыңдар ма?» деп ескертеді. Қасиетті кітабымызда ақыл, ойлану, даналық сынды мағыналарды білдіретін тәдәббур, тәфәккур, хикмет, улул әлбаб, фәһім, әбсар, қалб, рушд, назар деген сөздер кездеседі.
Алайда кез келген пенденің ақылы шектеулі болғандықтан, біз қашан да Құран мен сүннетті өміріміздің темірқазығы етуіміз керек. Сонда біздің сезім мүшелеріміз өзінің міндетін дұрыс орындайды.
Хайриддинов Оңғар,
«Рахымқызы Раиса ана»
мешітінің наиб имамы
Дереккөз: muslim.kz