ИСТИУА МӘСЕЛЕСІН ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?

22 қараша 2023 2412 0
Оқу режимі

Имам Ғазали истиуаның мағынасы жайлы былай деген: «Адасқан жолдағылар Құран Кәрімдегі: «истиуа», «уәжх», «йәд» сияқты сөздерді тәуил етпей (тәпсірлемей), тура мағынасын алғандары үшін адасып, бұзық сенімге ие болды. Алланың Аршты истиуа етуі дегеніміз, Аршқа билеуші болуы, Аршты билігіне алуы деген сөз. Мәселен, «Бишр Иракқа қан төгусіз истиуа етті» дегеніміз «Иракты қан төкпей қолға түсірді» деген сөз. Йәдуллаһты да «йәд» деген сөзді, біз білетін қол деп ойламау керек. Мысалы, «пәлен қала пәленше әміршінің қолында» дегенде, ол қала әміршінің алақанында емес, оның билігінің астында болғаны түсініледі. Истиуа, уәжһ сияқты сөздер де осылай тәуил етіледі» (Илжамул-ауам).

Алла аспанда немесе Аршта деу адамға ұқсату болады. Ал Құран Кәрімде «Ол ешнәрсеге ұқсамайды» делінген («Шура» сүресі, 11-аят). Яғни Алланы аршқа отыруға мұқтаж деп ойлау күпірлік болып саналады. Алла Тағала барлық кемшіліктен пәк. Алла Тағала Құранда: «...және Алланың аршысы судың үстінде еді...» («Һуд» сүресі, 7-аят), «...Алла ұлы аршының иесі» («Тәубе» сүресі, 129-аят), «Мәртебелі Алла аршының иесі» («Буруж» сүресі, 15-аят), «Сен періштелердің аршының айналасын қоршап тұрғандарын көресің...» («Зумар» сүресі, 75-аят), «Сондай аршыны көтергендер және оның айналасындағылар Раббыларын мақтап, пәктейді...» («Ғофир» сүресі, 7-аят), «Ол кезде Раббыңның аршысын сегіз (періште) көтереді», – дейді («Хаққа» сүресі, 18-аят).

Осы аяттарды мысал ретінде келтірген Имам Бәйһақи аршыға мынадай анықтама берген: «Тәпсіршілердің сөздері мынаған тоғысады: Аршы – ол тақ әрі ол өте алып жаратылған дене. Құдды Алла жер бетінде бір үй жаратып, адам баласына оны тауап жасауға, намазда оған жүз бұруға бұйырғандай, Алла аршыны жаратып, періштелеріне оны көтеруге, оны құрметтеп (айналасында) тауап жасауға бұйырған. Жоғарыдағы аяттардың көбінде тәпсіршілердің бұл пікірлерінің дұрыстығына дәлел бар. Тап осы мағынада риуаятпен жеткен хабарлар мен хадистер бұл ойдың дұрыстығына айғақ».

Шындығында шынайы сәлафтар хабари сипаттарда қолданылған тура мағынасы белгілі бір ағзаны немесе жаратылғандарға тән іс-әрекеттер мен ерекшеліктерді білдіретін сөздердің тура мағынасын Аллаға қолдануға болмайды деген сенімде болған. Олар ондай сөздердің қандай мәнде айтылғанын білмейтінін толық мойындап, мұрат болған мағынасын Аллаға тапсырған. Оған төмендегі сәлаф һәм халаф ғалымдарының хабари сипаттарға байланысты ұстанымын білдіретін мына мәліметтер дерек бола алады: Ахмед ибн Ханбал: «Оған (ондай сипаттарға) ешбір мағына берместен әрі белгілі бір кейіпте болады деместен, иман келтіреміз әрі растаймыз», – деген. Имам Суфиян ибн Уиайна былай деген: «Алла Тағаланың Құранда білдірген барлық (хабари) сипаттарының тәпсірі – оны оқу және мағынасына үнсіз қалу».

Бәйһақидің «әл-Асма уас-Сифат» атты еңбегінде Суфиян ибн Уиайнаның былай дегені жеткізілген: «Алла Тағаланың Құранда білдірген барлық (хабари) сипаттарының тәпсірі – оның оқылуы (яғни аударуынсыз оқып өтуі). Және ешкімнің оны арабша да, парсыша да түсіндіруіне болмайды». Демек Ибн Уиайна хабари сипаттарды білдіріп келген аяттарды тек оқуды әрі мағынасына үнсіз қалуды тәпсірге жатқызып отыр. Бұл дегеніміз – хабари сипаттардың мағынасы белгісіз деген сөз.

Алла Тағала Құранда: «...содан кейін Алла аршыға истиуа етті...» («Ағраф» сүресі, 54-аят), «Сосын Алла аспанға истиуа етті», – дейді («Бақара» сүресі, 29-аят). Бұл аяттарды ғұламалар екі түрлі түсіндірген:

1) Алланың истиуа етуін қабылдап, мағынасын Аллаға тапсыру (тафуид жасау);

2) Алланың истиуа ету сипатын жоққа шығармай, оны ешнәрсеге ұқсатпай тәуил жасау;

Бұл жорамалдаудың өзі екі түрлі болған:

а) Алланың аршыға истиуа етуін «меңгеру» мағынасында түсіну;

ә) Алланың аршыға истиуа етуін мәртебенің жоғарылауы мағынасында түсіну.

Алланың аршыға истиуа етуін қабылдап, мағынасын Аллаға тапсыруға (тафуид жасауға) келсек, атақты тәпсірші Ибн Касир Құранның жоғарыдағы «...содан кейін Алла аршыға истиуа етті...» деген сөзін былай тәпсірлеген: «Ғұламалардың бұл мәселеге қатысты көптеген сөзі бар. Қазір олардың бәрін келтірудің реті жоқ. Біз тек ізгі сәләфтің (алдыңғы буынның) жолын ұстанамыз. Ол – кейіпсіз, ұқсатусыз, сипатты жоққа шығармай, аятты келуі бойынша қабылдау. Ал Алланы ұқсатушылардың (мушаббиһтердің) ойында жанданған нәрсені Аллаға қатысты етуге болмайды. Себебі жаратылыстың бірде-бірі Аллаға ұқсамайды. Осы орайда Алла: «Ешбір нәрсе Алланың нақ сөзіндей бола алмайды. Алла бәрін естуші, көруші», – дейді. Бұл сөзімен Ибн Касир истиуаны келуі бойынша қабылдап, оның мағынасын Аллаға тапсырып (тафуид жасап) отыр. Неге десеңіз, ғұлама истиуаны «жоғарылады, орнықты немесе меңгерді» деп жорамалдамады. Тафуидтің анықтамасы да – оны жоққа шығармай, иман келтіріп, мағынасын Аллаға тапсыру. Алланың сипаттарының мағынасын Аллаға тапсырған көпшілік сәләфтың арасында Имам Мәлик те бар. Имам әл-Бәйһақи «әл-Әсмә уас-сифат» кітабында Имам Мәлик туралы мына оқиғаны жеткізеді. «Яхия ибн Яхия былай деген: «Біз Мәлик ибн Әнастың жанында тұрғанбыз. Бір кісі келді де: «Уа, Абдулланың әкесі! Рахман болған Алла аршыға истиуа етті. Сонда қалай истиуа етті?» – деп сұрады. Имам Мәлик басын төмен иіп, үндемеді. Содан кейін оны тер басты. Сосын тіл қатып: «Истиуа белгісіз нәрсе емес, оның кейпін сұрау қайтарылған. Оған иман келтіру – уәжіп, ол жайында орынсыз сұрақ қою – бидғат (дінге жаңалық енгізу). Мен сенің бидғатшы екеніңді ғана көріп тұрмын», – деп әлгіні шығарып жіберуді бұйырды».

Имам Бәйһақи кітабында осы оқиғадан бұрын Абдулла ибн Уахбтің риуаятын жеткізеді. Онда Имам Мәлик: «Рахман өзін сипаттағандай аршыға истиуа етті. Истиуаның кейпі қалай деп айтылмайды. Кейіп Аллаға жүрмейді. Сен бидғатшыл жаман адам екенсің. Мынаны шығарып жіберіңдер» деген екен.

Кейбіреулер Имам Мәликтің «Истиуа мәлім, оның кейпі беймәлім» деген басқа бір сөзін келтіріп, «Алланың аршыға истиуасының кейпі бар, бірақ біз ол кейіпті білмейміз» дейді. Бұл сөзге қазіргі заманның сунни ғалымдарының бірі Сәйф ибн Әли әл-Асри былай жауап береді: «Егер «Истиуа мәлім, оның кейпі беймәлім» деген сөзге келер болсақ, бұл сөз Имам Мәликке дейін дұрыс тізбекпен жалғасып жетпеген». Яғни бұл – сөз әлсіз.

Бір күні шәкірттерінің бірі үлкен табиғин Рабиғат Райдан «Таһа» сүресінің: «Рахман Алла Аршыға истиуа етті», – деген бесінші аятын оқып, «Алла Тағала Аршыға қалай истиуа етті?» – деп сұрап келіпті. Сонда ол кісі: «Қалай екені белгісіз. Истиуа ақылмен игерілмейді. Бірақм мұның бәріне иман келтіру маған да, саған да – міндет», – деп жауап берген екен (Ибн Құдама, Сыфат Ғулу).

Әбу Ханифа өзінің «әл-Уасия» атты кітабында: «Біз Алла Тағала мұқтажсыз түрде, мекен тұтпай аршыға истиуа етті деп сенеміз. Әрі ол аршы мен одан өзге жаратқандарын қорғауда өзгеге мұқтаж емес. Егер ол мұқтаж болғанда, құдды басқа жаратылғандар сияқты әлемді жоқтан бар етуге және оны жүргізіп отыруға шамасы жетпейтін еді. Сондай-ақ ол аршыға отыруға, орналасуға да мұқтаж болғанда, аршыны жаратпай тұрып Алла қайда еді? Алла Тағала мұндай кемшілік атаулыдан пәк», – деп тафуид жасаған.

Алланың аршыға истиуа етуін «меңгеру» мағынасында түсіну жайына тоқталар болсақ, Имам Әбу Ханифаның «әл-Уасия» атты кітабына түсіндірме жазған ханафи ғұлама Әкмалуддин Бабирти: «Истиуаның «меңгеру» (истилә) мағынасы қабылданады», – деген. Аталмыш кітаптағы осы сөздің сілтемесінде истиуаны «меңгеру» мағынасында жорамалдағандардың есімдері берілген. Олар – имам әл-Матуриди, ханафи ғалымы Камалуддин ибн Һумәм, Ибн Әби, Әбу Маймун Нәсәфи, имам Ғаззали, Ибн Қутлубуға, Әбуссууд және т.б.                                           

Алланың истиуа етуін «мәртебенің жоғарылауы» деп түсінуге келсек, бұған байланысты Имам Табари: «Алла аспанға патшалық, билік мағынада жоғарылады, (бір орыннан басқа орынға) ауысу, кету мағынасында емес», деген. Яғни истиуаны «мәртебенің жоғарылауы» мағынасында алған. Себебі Алланың истиуасын бір жерден екінші жерге ауысу мағынасындағы жоғарылау десек, оны жаратылысқа ұқсатқан боламыз. Демек тәпсірін сәләф ғұламаларымыздың сөздеріне негіздеп жазған имам Табаридің ақидасы бойынша Алланы затымен аспанда деп сену дұрыс емес. Ал Алла Тағаланың «Жер теңселген сәтте аспандағының сендерді жерге жұттыруынан қауіпсізсіңдер ме?» («Мүлік» сүресі, 16-аят) деген сөзіне келсек, оны Имам Қуртуби: «Сахаба Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Сендер қарсылық танытқан жағдайда аспандағының азабынан қауіпсізсіңдер ме?» – деген (яғни аяттағы «аспандағы» деген сөзді «аспандағының азабы» деп тәпсірлеген). Сол сияқты «Сендер құдіреті, билігі, аршысы, патшалығы аспанда болған Алладан қауіпсізсіңдер ме?» – деп те айтылған. Алланың билігі күллі нәрсені қамтыса да, арнайы аспанды атауының себебі – мүшриктердің жер бетіндегі ұлықтағандары тәңір емес, құдыреті аспанда өтімді болған Алланың тәңір екенін білдіру. Мұнымен қатар бұл («аспандағы» деген) сөз періштелерді білдіреді деп те айтылған. Жәбірейілге (оған Алланың сәлемі болсын) қатысты деген көзқарас та бар.

Имам Әбу Ханифаның «Фиқһул-әбсат» деген кітабында: «Кімде кім: «Менің Раббым аспанда ма, жерде ме, білмеймін» десе, кәпір болады», – деген сөзін ғұлама әл-Баязид былай түсіндіреді: «Оның кәпір болуының себебі – бұл сөзді айтумен Жаратушыны бір тарап пен кеңістікке қатысты етіп тұр (яғни Алла аспанда немесе жерде, бірақ нақты бұл екеуінің қайсысында екенін білмеймін деп Аллаға мекен беріп тұр). Тарап пен кеңістікке қатысты болған әр нәрсе міндетті түрде өзгеге мұқтаж, кейін жаратылған болады. Ал бұл сөз Алла Тағаланың бойында анық кемшілік бар деп айтуға алып барады».

Алланы барлық жерде деу қателігіне түспеу үшін, Матуриди мектебінің ғұламасы Нуруддин әс-Сабуни былайша түсіндіреді: «Сондай-ақ «Алла барлық жерде» деген сөз мүлдем дұрыс емес. Себебі бір мекенде мекендейтіннің өзі бір мезгілде екі жерде болуы мүмкін емес. Ал енді мекендеуі мүмкін болмаған Алланың барлық мекенде болуы қалайша мүмкін болсын?! Мұнымен қатар «Алла Тағала затымен (өз болмысымен) емес, бірақ білімімен барлық жерде» деп айту да дұрыс сөз емес. Өйткені бір мекенді білетін біреу жайлы «ол өзінің білімімен сонда» деп айтылмайды». «Хадид» сүресінің 4-аятында: «Ол көктерді және жерді алты күнде жаратқан, кейін аршқа истиуа еткен. Қайда болсаңдар Ол сендермен бірге», – делінген.

Құран Кәрімде: «Шығыс та, батыс та – Алланікі. Қайда бұрылсаңдар –Алланың жүзі сол жерде» («Бақара» сүресі, 115-аят), «Алла барлық нәрсені қоршаған» («Ниса» сүресі, 126-аят), «Алла көктердің және жердің нұры» («Нұр» сүресі, 35-аят) деген аяттар бар. Егер бұл аяттар тәуил етілмесе, Алла әрі Аршта, әрі жерде екені түсінілуі мүмкін немесе әркімнің түсінігіне қарай әртүрлі бұрмалануы мүмкін. Сондықтан сәләфилердің немесе басқа да мазһабсыздардың сандырағына емес, әһли сүннет ғұламаларының түсініктемелеріне көңіл аудару керек...

Танымал ғалым әл-Бағдади: «Алла аршыға тиіп тұр дегенді айтқан Һишамия мен Каррамияға қарсы бағытты ұстанушы ғұламалар Алла Тағаланы ешбір мекен қамтымайтынын және оның уақытқа тәуелді емес екеніне бірауыздан келіскен (ижма жасаған)», – деген. Мүминдердің әміршісі Әли (оған Алла разы болсын): «Шынында Алла Тағала аршыны өз затының мекені ретінде емес, өзінің құдыретін көрсету үшін жаратты», – деген. Ол тағы бір сөзінде: «Бірде бір мекен жоқ кезде Алла бар еді, Алла бұрын қандай сипатта болса, қазір де сондай», – деген болатын. Демек бұрынғы өткен ізгі сәләф пен халаф ғұламаларының сенімінде Алла мекен мен уақытқа тәуелді емес, жаратылыс заңдылықтарына сыймайды. Сондықтан Оған жаратылыс өлшеуімен баға беру, Жаратушының сипаттарына нұқсан келтіру болып саналады.

 

Ержан СМАТҰЛЫ,

Түркістан облысының бас имамы

«Мұнара» газеті, №16, 2023 жыл

 

Пікірлер Кіру