Кешір бізді Рамазан!
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ислам ғаріп боп келіп, ғаріп боп қайтады. Ғаріптерге жәннат болсын», – деген екен. Алғашқы буын және олардың тәлімін алған халаф буынның өкілдерінің өмірбаянын оқысаң, дін өз адамдарының расында ғаріп болғанына көз жеткізесің.
Ол ізгілердің оразасы мен түнгі ғибадаты жайлы естіген кезде бүгінгі буын сол ғибратқа толы ғұламалар мен тақуалар әңгімесіне қаншалықты мұқтаж екеніне тағы бір рет көзім жетті.
Олардың тұтқан оразасы мен рамазан айындағы құлшылыққа деген құлшынысын көріп еріксіз: «Рамазан, бізді кешір», – дейсің
Ақын сахаба – Ибн Рауаха
Әбу Дәрда (р.а.) риуаяты: «Бір жолы пайғамбармен (с.ғ.с.) бірге сапарға шықтық. Ауа райы тас төбені тесетіндей қатты ыстық болатын. Арамызда тек Пайғамбар мен Абдулла бин Рауаха ғана ораза еді».
Жәннатпен сүйіншіленген сахаба
Осман бин Аффан (р.а.) жұбайы риуаят етеді: «Осман жыл бойына ораза тұтушы еді. Түннің алғашқы бөлігінен басқа уақытты құлшылықпен өткізетін. Оған қастандық жасалған кезде аузы берік болатын. Қолында Құраны бар, сақалын қос жанарынан төгілген жас жуып-шайған болатын».
Жаужүрек сахаба
Әбу Талха Ансари (р.а.) жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әбу Талханың әскердегі дауысы мың сарбаздан да айбарлы», – деген. Ал, Әнас бин Малик (р.а.): «Әбу Талха (р.а.) Алла елшісі (с.ғ.с.) дәуірінде жорыққа шыққандықтан нәпіл ораза тұтпайтын. Пайғамбар (с.ғ.с.) бақилық болғаннан кейін тек үлкен-кіші айттарда ғана ауыз ашып, қалған уақытта ораза тұтатын», – дейді.
Үмбеттің дана һәм төресі
Әбу Дәрда (р.а.): «Мен Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар боп келгенде саудагер болатынмын. Мұсылман болған соң сауда мен құлшылықты қатар алып жүре бастадым. Бірақ, екеуінің басын біріктіре алмадым. Ақырында сауданы тастадым да құлшылыққа дән қойдым», – дейді.
Ал, Әбу Дәрданың жұбайы былай деп еске алады: «Ол бұл дүниеден ешнәрсеге мұқтаж болмады. Түнде құлшылық етіп, күндіз ораза тұтты».
Ғұлама әрі тақуа сахаба
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Абдулла неткен тамаша құл», – деп айтқан сөзінің көп нәрсені аңғартады. Нафиғ: «Ибн Омар сапарға шықса ғана ораза тұтпайтын. Ал, қалған уақытта үзбей ораза ұстайды», – дейді.
Ізгілік құмар Әбу Үмәмат
Алла Елшісі (с.ғ.с.) жорыққа үндеп жатты. Мен келіп: «Уа, Алла елшісі! Маған шаһидтікті сұрап, дұға етіңіз», – деп өтіндім. Ол кісі: «Уа, Алла! Олар аман-есен, олжалы оралсын», – деп дұға етті. Біз аман-есен олжамен қайттық. Осылайша, үш рет жорыққа барып, аман қайттым. Мен Пайғамбарға (с.ғ.с.): «Уа, Алла Елшісі! Маған жәннатқа кіруге себеп болатын амалды бұйырыңыз», – дедім. Ол (с.ғ.с.): «Оразаға берік бол. Ол – теңдесі жоқ құлшылық», – деді.
Содан бастап Әбу Умәмат та, әйелі де, қызметкерлері де көп ораза тұтатын болған.
Ислам ғалымы Масрұқ
Масрұқ Ислам ғылымында өзіндік орны бар, құлшылыққа жаны ғашық ғұлама еді. Шағби әңгімесінен: «Аптап ыстық күні Масрұқ талып қалды. Оның Айша есімді қызы бар еді. Масрұқ қызының сөзін екі етпейтін. Қызы келіп: «Әке, аузыңды аш су іш», – деді. Ол болса: «Балам, олай еткім келмейді», – деді. Қызы: «Әке! Өзіңе бірақ жұмсақ болшы», – деді. Сонда: «Балам! Мен өз жаныма елу мың жылға татитын күні жұмсақтық етудемін», – деген екен.
Ғалә бин Зияд
Ол ерекше тақуалығымен танылды. Тек қара нанмен күнелтетін. Көгеріп құлап қалғанша ораза тұтатын. Ес-түсін білмей талып қалғанша намаз оқитын. Күндердің күні Әнас пен Хасан (р.а) кіріп: «Алла Тағала саған мұның ешқайсысын әмір етпеді», – дегенде, Ғалә: «Мен бар болғаны басыбайлы құлмын, пендемін. Шама келетін бірде-бір құлшылықты қалдырмай орындаймын», – деп жауап береді.
Бір күні оның құлшылығына тәнті болған біреу келіп: «Сен сіздің жәннаттық екеніңізге куәмін», –дейді. Сонда ғұлама: «Шайтан мазақ ету үшін сені екеуімізден басқа адам құрып қалыпты ма?» – деп кейіп тастаған екен.
Мұсылмандар анасы – Айша (р.а.)
Абдурахман бин Қасым: «Айша (р.а.) өмір бойы оразамен өтті», – десе, жиені Уруа: «Айша (р.а.) оразаны үзбей жалғастыратын», – деп еске алады. Ал, Қасым: «Ол (Айша) өмір бойы ораза ұстады. Тек құрбан айт пен ораза айтта ғана ауыз ашты», – дейді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жұмақтағы жұбайы
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хафсаға талақ береді. Сонда екі нағашысы Құдама мен Осман кіріп келгенде көз жасына ерік беріп: «Менің аузым ашық болған кезде талақ етпеді», – деп жылайды. Біраз уақыттан соң Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кіріп келіп: «Маған Жәбірейіл келіп: Хафсаны қайтар, ол оразашыл және түнгі ғибадатқа аса берік. Ол сенің жәннаттағы жұбайың, – деді», – деп қайта алады.
Періштелердің төресі Жәбірейілдің (ғ.с.) өзі Хафса (р.а.) анамыздың оразаға берік екеніне көктен куәлік етіп келген. Байқасаңыз, Ораза Хафса (р.а.) анамызға отбасын сақтап қалуға көмектесті. Тіпті, Пайғамбардың жәннаттық жұбайы болу мәртебесіне жеткізді. Хафса анамыз дүниеден өткенге дейін оразасын үзбей тұтып кетті.
Бұл аталғандар – таусылмайтын тақуалар өмірінен бір теңізден тамшысы ғана. Олардың барлығы да жақсылықта жарысатын ізгі жандар еді. Құран Кәрімнің: «Олар жақсылықты ұмтыла, жарыса жасайтын. Әрі Бізден үміт пен қорқумен тілейтін. Сондай-ақ, Бізге беріле бойұсынушы еді», – деген аяты осы ізгі жандар жайлы.
Бағдат Абдукаримов