КЕЗ КЕЛГЕН МӘДЕНИЕТТІҢ, ҰЛТТЫҢ МӘНІ ОНЫҢ ДІНИ САНАСЫ

25 қыркүйек 2024 924 0
Оқу режимі

Мәдениетті құрайтын тіл, өнер, саз, сәулет, әдет ғұрып, салт, дәстүр, тарих, әдебиет, кәсібі, уақыты мен кеңістігі осы тілдік қор арқылы білу, тану, сезу, ұғыну, түсіну, түсіндіру, бағалау, жеткізу, әсер ету, оқу, тоқу, байланысу және т.б. қабаттарды қамтиды. Мәдениеттің мамұнындағы діни сана да осы тіл арқылы ұлттың ұясына айналады.

Ұлт ұясы ол мәдениеттің мазмұнында сақталады. Кез келген мәдениеттің, ұлттың мәні оның діни санасы. Ол мәдениетті сақтайтын, келер ұрпаққа беріп отыратын қор, ғарыш. Ол ғарыш сакральды әлеммен, киелілікпен байланысты. Енді «қазақ тілді» қазақтар мен «орыс тілді» қазақтар деген сыныптамаларға алданып жүрген ғалымдар мен саясаткерлерге айтарым, бәрі өткінші, мына бүгінгі саясат та, сондықтан, елді алдауға болмайды. Ешқашан бір ұлттың екі тілі болмайды.

Ал енді тіліміз сорлады, өз тілімізде сөйлеу кемістік болды, анау сөйлемейді, мынау сөйлемейді деп «өтірік қайғыруды» доғару керек. Тіл тұр, сенің тілің қолдансаң, ол жандана береді, саған күшті де қуатты да сол ана тілің ғана береді. Тіл деген ғарыш, сол ғарыштың есігінен кім кіреді сол ұтады. Ал кім ол ғарышты менсінбейді, демек оның ұясы басқа деген сөз.

Енді тағы бір исламды орыс тілді қазақтарға орыс тілінде насихаттау деген көлденең мәселе бар. Жарайды, орыс тілінде исламды үйрету де заман талабы екені рас. Себебі уахабистік салафилік бағыттағы жастардың дені орыс тілді қазақтар. Олар қазақ мәдениетінің мазмұндық қабаттарынан жұрдай. Жоғарыда айтылған сезу, ұғыну, түсіну сияқты мәселелерді «мәселе» қылмайтындар. Өтпелі уақытша шара. Бірақ бұл құбылыс қазақты тұтастандыратын емес, жікке апаратын бастама. Неге десеңіз, орыс тілі орыс тілді қазақтарға діни таным, діни тәжірибе, діни сенім бергенменен, діни сана бере алмайды. Діни сана ол қазақтың мәдениетінің мазмұны. Ол мазмұнға тек қана қазақ тілінде ғана ене алады.

Кен Уильбер осы мәселе бойынша былайша түсіндіреді: мәдениеттің формалық ұстындары-шахмат ойынындағы түрлі тастар болса, мазмұндық ұстындары түрлі тастардың өзара ішкі байланыстарын анықтайтын қағидалар мен ережелер. Мазмұндық ұстындар ойынды анықтап, сол ойын кезінде формалық ұстындарды өзгерте алады. Яғни, шахматтың тастарын балшықтан, тастан, ағаштан жасауға болады. Мазмұндық және формалық ұстындардың өзара байланысы транскрипция деп аталады. Тастарды шахмат тақтасының үстінде қозғалысқа ендіру немесе ойнау-трансляция деп аталады. Енді шахмат ойынының ережелері мен қағидаларын яғни, мәдениеттің ішкі мазмұндық ұстындарын өзгертетін болсақ, шахмат ойыны басқа бір ойынға өзгереді, яғни, шахмат тастарымен шашка ойынын ойнауға да болады. Сол сияқты мазмұнынан айрылған мәдениет те сол баяғы мәдениет болудан қалады.

Құқықтық нормалар барлық адамға тең берілгенімен, оны психологиялық жағынан әркім әртүрлі сезінеді. Неге десеңіз ол кеңістік пен сол мемлекеттің тұғыры болып табылатын мәдени, құндылықтық қабаттарға қатысты. Адамды «Мен» деген дәрежеге жеткізуші алаң ол мәдениет. Ал мәдениеттің мазмұны тікелей діни санамен тығыз байланысты. Діннің мәдениеттің мазмұны болуымен қатар оның, құқықтық, өркениеттік қабаттары бар. Мемлекет институты осы екі қабаттың ортасынан орын алады. Себебі мемлекет кеңістік пен уақыт қатынасын да анықтайды. Ал оның психологиялық ықпалы тарихи тәжірибемен сипатталады. Қазақ болмысы, мәдениеті осы тарих арқауына негізделеді. Ал енді бүгін қазақ ұлты бола тұра дінін ауыстырып жатқандар бар. Сол мәдениеттің өкілі басқа дінге кетіп жатыр. Сұрақ: дінін ауыстырған қазақ, әлі қазақ болып қала бере ме?

Жалпы кез келген анықтаманы оның принциптері мен идеясына қарап ажыратуға болады. Принцип пен идея құбылыстың мәніне жауап беру керек. Біздің қоғамдағы ұлт мәселесі, діни және мәдени болмысымыздың қайта жаңғыруы мен баяндылығы мәселесі кез келген көзі ашық азаматты толғандырмай қоймайды. Ал мемлекет сол өзін құрушы тұғырдың барлық жағынан дамуына, баяндылығына қауіпсіздігіне жауапты институт. Себебі мемлекетті құрушы ұлт қазақ ұлты, мәдени құндылықтық қабаты, тарихи сабақтастығы. Біздің ел дәстүрлі ел. Басқа құрылық не басқа өркениеттік қабаттан ауып келмеген. Мына топырақ менің ата бабамның қасиетті қанымен суарылған, сол үшін жан беріп, жан алысқан. Демек бұл топырақ тарихи жағынан да, рухани жағынан да қазақ деген болмыстың тіршілік етуінің құқықтық табиғи кеңістігі. Енді сол қазақ деген болмыстың егер оны мәдени ғарыш деп қарасаңыз, мазмұнында ислам діні жатқанын ғылыми теориялық культурологиялық сараптаулар мен талдаулардан ақ көре аласыз.

Кешегі Батыстық мәдениет теорияларында бұл анықтамалар керісінше болатын. Дін мәдениеттің құрамдас компоненті ретінде ғана танылатын. Олай емес екендігі бүгінгі қоғамдық ғылымдар зерттеулерінде өзекті бола бастады. Бүгінгі қазақ мәдениеті, болмысы, ғарышы сыртқы жахандық күштердің экспанциясына душар болып отыр. Іштен және сырттан «әсер - кері әсер» теориялары нақты жобалар арқылы өзінің тегеурінен танытып отыр.

Мысалы жастар арасында кездесіп қалатын «мен алдымен қазақпын, сосын мұсылманмын» деген анықтама ғылыми танымға сия бермейді. Себебі біз қазақ мәдениетінің өкіліміз. Мәдениетіміздің мазмұны исламмен сомдалған. Қазақ болу деген мұсылман болу деген сөз. Екеуінің біріншілігі не екіншілігі деген жоқ. Бұл «бірінші тауық пайда болды ма, жоқ әлде жұмыртқа пайда болды ма деген» болмыстық, онтологиялық мәселе. Мәселе кейбір жастарымыздың діни танымының жасанды қалыптармен сомдалуында болып отыр. Оған себеп, әрине ұлттық құндылықтары, тарихи санасы мен өзінің мұсылмандық негіздерін танып, білмеуден туындаса, екіншіден жастарымыз сыртқа күштердің құралына айналып, саяси жобаларына алданып кетті. Елдегі ұлттық негіздер қалыпты жүйелермен берілсе, әлеуметтік мәселе жоспарлы түрде үзбестен жетілдіріл отырса, ішкі және сыртқы ықпалдарды зерттеп талдап бағалап отыратын орталығымыз болса, оны да мемлекеттік бақылау қадағалау тетіктері арқылы жүргізіліп отырса, жастарымызға өзіміз иелік етіп, мемлекеттің баяндылығына сай тәрбиелей алсақ, жастар далаға қаша ма? Бұл ұлттық әрі мемлекеттік мәселе болып отыр.

 

Dosay Kenjetay

 

Пікірлер Кіру