Мешітті мұнтаздай ұстау – ұлы ұстаздың сүннеті

04 ақпан 2021 7283 0
Оқу режимі

Мешіт – Жаратушы Алланың үйі. Құлшылық һәм қоғамдық орын. Мешітте жамағатпен құлшылық жасау – аса сауапты іс. Демек, мешіт – Жаратушы мен  сүйікті құлдарын тығыз байланыстыратын мекені. Біздің тілге тиек еткелі отырған мәселе қоғам және мешіт тазалығы төңірегінде болмақ.

Құран Кәрім мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде тазалық жайлы ерекше мән беріп тоқталған. Құлшылық ниетімен жасалатын әрбір істе сауап бар. Ислам – тазалық діні. Дініміз кейбір құлшылықтарды орындау үшін тазалықты негізгі шарт ретінде бекіткен. Ислам мәдениетінде жай тазалық пен құлшылық мақсатындағы тазалық бір-бірін толықтырып тұрады. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) алғашқы түскен уахилар жан тазалығы мен тән тазалығына ден қоюын бұйырған. Соның бірі: «...Раббыңды ұлықта. Киіміңді тазала. Лас істерден аулақ бол!»[1]  деп, жиырма үш жыл пайғамбарлық міндетінде, исламға кірген сахабаларды аса сабырлығымен, даналығымен әрі көркем мінезімен тазалыққа көңіл бөлуді үндеген.

Ислам діні – ең әуелі адамды рухани һәм материалдық ластықтан арылтуды көздейді. Алланы танып құлшылық жасауда, рухани танымын өсіруде тән тазалығымен қоса құлшылық жасайтын мекеннің де таза болуын қамтиды. Қасиетті Құран аятында: «Ол Мешітте әсте намаз оқыма! Тақуалыққа негізделіп салынған мешітте (Құба мешіті) намаз оқуың әлбетте дұрыс. Ол жерде тазалықты жақсы көретіндер бар. Алла да таза болғандарды жақсы көреді»,[2] – деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманында мұнафықтардың көшбасшысы Абдулла бин Убай бастаған Гуним ибн Ауф ұлдарының жаман пиғылмен бүлік шығару ниетінде Құба мешітінің жанына тұрғызылған Дырар мешітінің Алла разылығын қалап емес, теріс мақсатта салынғанын уахи етеді[3]. Демек, Құранда рухани әрі материалдық шынайы тазалыққа ерекше мән берудің астарында құлшылық арқылы рухани тазалық, тән мен қоршаған ортаның тазалығы арасындағы тығыз байланысты екенін көреміз. 

Хақ Тағала тазалық мәселесіне ерекше мән бергендерді жақсы көретіндігі айтылады. Тазалықты жанындай сүйетін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да тазалық жайлы: «Тазалық – иманның жартысы»[4] деу арқылы мұсылманның қарым-қатынас жасайтын барлық орындардың таза болуында иманмен байланыстырады. Саңлақ сахаба Әнәстің (р.а.) риуаяты бойынша, бірде Пайғамбар мешітіне шалғайдан келген бәдәуи кенеттен мешіттің бір бұрышына кіші дәретін сындыра бастайды, бұл жағдайды көрген сахабалар оған бас салып, бірі айқайлап ұрысса, енді бірі оны ұрып-соғуға дейін барды. Сонда мейірімділікке толы Алла елшісі (с.ғ.с.) дереу ара түсіп: «Тимеңдер! Өз жайына қалдырыңдар», – деп, әлгі адамды жанына шақырып: «Мешіт – кіші дәрет сындыратын немесе қақырып-түкіретін не адамдардың жиіркенішін тудыратын орын емес. Бұл жерде тек Алла Тағаланы зікір етіп құлшылық жасайтын және намаз бен Құран оқитын мекен»,[5] – деді де, жамағаттың біріне шелекпен су алып келіп, дәрет сындырған жерге төгуін бұйырды. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бұл байсалдылығы мен парасаттылығы, сахабалар мен қиямет қайымға дейін келетін үмбетіне ізі өшпес терең тәрбие қалдырды.

Қазіргі кезде адамдардың мәдени-этикалық тұрмысы төмен деңгейде десек қателеспейміз. Әрине, бәрі емес. Адамдар жүретін жолда бірі түкіріп, бірі қақырып немесе бірінің сіңбіріп кеткен жайттарына тап боламыз. Бұл жағдайлар адамдардың жиіркенішін тудырады. Діни тұрғыдан қарағанда, күнә қатарына жатады. Неге десеңіз, жердегі жағымсыз түкірік немесе қақырықты көрген адам жиіркенудің арқасында ұшынып ауыруына не түкірген адамды боқтап-балағаттауына себепші болады. Айша (р.а.) анамыздың риуаятына қарағанда, Расулулла (с.ғ.с.) бір күні мешіттің дуалына біреудің сіңбіріп не қақырып кеткенін көріп, дереу бір таспен оны қырып тастайды[6]. Демек, бұндай жағдайға тап бола қалсақ, дер кезінде оны аяғымызбен көміп яки басқа жақтан топырақ әкеліп үстін көмгеніміз үшін, Алланың әжір-сауабына кенелеріміз хақ. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Иман жетпіс бөлімнен тұрады. Ең жоғарғысы «Лә Иләһә Иллаллаһ», ал ең төменгісі болса, жолда адамға зиян беретін нәрселерді алып тастау»[7]  деу арқылы әрбір істі иман арқылы көркемдеп отырған.

Мұсылман тұлға ретінде тазалықты әуелі тұратын үйінде, жүретін көшесінде, жұмыс орны мен қоғам ортасында жүзеге асыра білуі керек. Мешіт Алланың үйі әрі қоғамдық мекен болғандықтан, мешітке келетін жамағат аса ұқыптылық пен тазалыққа жауапкершілікпен келген абзал. Өкінішке орай, мешітке келген жамағаттан бағзы біреулерінің жағымсыз қолтық исі, шұлықтарының шуаш иісі, қала берді ауызынан жеп келген пияз яки сарымсақтың жағымсыз исі шығып, жан-жағындағы жамағаттың мазасын қашыратындар да жоқ емес. Жалпы, қоғамдағы тазалық – кең ауқымды тақырып. Бұл мәселе әрбір адам баласы үшін өте маңызды.

Ол үшін не істеуіміз керек? Қоғамды құрайтын тұлға. Ал, мемлекетті құрайтын қоғам. Демек, ең бірінші әрбір тұлға өзіннен бастауы қажет. Қараңғылық қапас дәуірін нұрға бөлеген Алла Елшісі (с.ғ.с.) ең әуелі өзінен бастады. Сахабалар Оның ісі сөзіне, сөзі ісіне сай екенін куәлікпен қоштады. Әрекет – бізден, нәтижесі – Алладан. Олай болса, іске сәт, бауырым!

 


[1] «Мүддәссир» сүресі 3-5 аят.
[2] «Тәубе» сүресі, 108-аят.
[3] Хамды Языр, «Хақ дини Құран дили», 4 том, 404-бет
[4] Муслим, Тахарат -1.
[5] Ибн Мажә, Тахарат -78
[6] Бұхари, Салат -33
[7] Муслим, Иман -58

Қуат Ерғалиұлы

Пікірлер Кіру