МІНЕ! АҚЫЛЫ КӨЗІНЕ ТҮСПЕГЕН АДАМНЫҢ СӨЗІ!

08 қазан 2025 1069 0
Оқу режимі

Бүгін көңілді ояндым.

Түсіме Орынғали атам кіріпті.

Кеше Алматының іргесіндегі мектепке оқушылармен кездесуге барғам. Қарасам, әлгі мектеп орналасқан ауыл – атам жатқан мазараттың қасында екен. Тек басқа бағыттан кіретін жағында. Кездесу біткенше тыпыршып отырдым. Шыға сала, бейітке жүйткіп бердік. Атам, ағам Айдарбек пен Ербол інім жатқан зиратқа бара сала, тізе бүктік. Қасиетті Құран аятарын оқып, олардың сауабын аталған аруақтарға және көрші қорымдағы Асқар ағам мен Гүлғайша жеңгемнің рухтарына бағыштап, бет сипадық.

Енді араға күн салмай, атам түсіме кіріп тұр. Түсімде ол кісіге жап-жаңа (сұмдық қымбат екен деймін) бренд көзілдірік сатып алып беріп жатырмын. Көзілдіріктің әйнегін алтынмен қаптап қойыпты. Соны атам көзіне киіп алып: “Ой, айналайын-ай, көзімді аштың ғой. Қарағым-ау, рахмет саған!” деп риза боп жатыр. Бала кезімде ара-тұра әкем түсіме кірсе, соны жүгіріп барып, атама айтушы едім. Сонда ақсақал: “Ол саған неғып кеп жүр?! Өзі өлгенімен қоймай, баланың мазасын алғаны несі-ей?! Аулақ жүрсін!” деп жат та кеп ашуланып, мені өз әкемнен қызғыштай қоритын.

. Артынша жеңгелеріме дастархан жайғызып, түске кірген кісінің рухына Құран бағыштайтын. Осы амал біздің жадқа мықтап қашалып қалған.

Мұны не үшін айтып отырмыз?! Өлген адам – өлді, шаруасы бітті деген адам, ғалым болса да – надан. Дүниеден өтіп, Алласына қайтқан адам біз көктен қалай тілесек, ол жерден сондай қайыр күтеді. Өз басым аруақтар үшін күнде Құран оқып, дұға етем. Соның арқасында болар, талай борап соққан дауылдардан аман қалып жүрміз. Өйткені, әке-шешесі үшін, бабалары мен Алланың сүйікті достары - әулиелер үшін дұға жасаған пенде - Құдайға сүйкімді болады. Һәм оның жолы қашанда ашық, даңғыл боп жарқырап жата бермек. Тек Аллаға тәуекел ет те, жүре бер. Елді ойлаған адам өз халқының амандығын, мемлекетінің өркендеп дамуын ең әуелі Жаратқаннан сұрау керек. Өйткені бар мүлік пен тіршіліктің жалғыз иесі - Алла ғана. Туған-туыс, ата-бабаңа дұға еткен сайын, олардың руханият әлеміндегі дәрежесі биіктей береді, солардың ұрпағы - сіз де құралақан қалмайсыз. Одан кейін өзіңіз де бұл жерде мәңгі өмір сүріп, сайранды салып жүре берем деп ойлап қалмаңыз. Бұл дүниеден өтетінін бәрі біледі, бірақ ол туралы сирек ойлайды. Ол басқа мәселе. Мәселе өткен адам үшін Құран оқып тұруда және осындай әрекетке өз балаларыңызды баули білуде. Сен ата-бабаң үшін амал қылсаң, ертең сен үшін сол амалды ұрпағың істейді. Қазақша айтқанда, алдыңнан шығады. Немесе зор өкініш. Руханият әлемінде бабалардың дәрежесі биіктеген сайын, олардың байырғы мекені - Қазақ жеріне жау етігінің ізі де түспейді. Әлбетте, Құдайдың әмірімен. Мұның хикметі сонда. Сондықтан егерәки жолыңыз болмай жүрсе, депрессиядан көз ашпай жүрсеңіз, ісіңіз қиқы-жиқы боп, шаруаңыз шашылып жатса, дереу біз айтқан амалды қылыңыз. Сенесіз бе оған, сенбейсіз бе - өз шаруаңыз. Бұл амал - жұмыс істейтін амал. Әрі бұл ғасырлар бойы дәлелденген - бабалардың жолы. Бәсе, солардың ұрпағы біз неғып еп-еркін тайраңдап жүрміз деңіз?! Ұрпағыңды шын сүйсең, ол да бейбіт заманда өмір сүрсін, сенің де артыңнан сауап кеп тұрсын десең, осы бір хикметті амалды жиі істеп тұр.

Кеңес: Дұғаны бағыштағанда Пайғамбардан (с.ғ.с.), оның сахабалары, күллі қазақ жерінде жатқан (Арыстанбаб, Қожа Ахмет Иасауи, Бекет, Құнанбай, Ибраһим-Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп және ауылдарыңызда жатқан әулиелер) әулие-әнбиелерден бастап, өзіңіздің ата-баба, әке-шеше, туыспен аяқтау керек.

Сосын түсіңе де кірмеген небір кереметтерді өңінде көріп, бақытты, бай-қуатты боп кетпесеңіз, бетіме кеп түкіріп кетсеңіз болады.

Мұндайға сенбейтін аса ақылды адамдар пікір жазатын жерді шулатпай, озған мәдениеттілік көрсетіп жөніне кете барса бек қуанар едік.

 

Ақберен ЕЛГЕЗЕК

Пікірлер Кіру