Мұхаммед (с.ғ.с.) – адамзатқа ортақ тұлға

21 қараша 2020 5262 0
Оқу режимі

«Алладан өзге табынуға лайықты құдайдың жоқтығына және Мұхаммедтің Оның құлы әрі елшісі екендігіне күәлік етемін» деген мағынадағы «Әшһәду ән лә иләһә илләллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деген кәлиманы тілімен айтып, жүрегімен бекіткен кез келген адам мүмин-мұсылман болады. Адамды Ислам нұрына бөлейтін бұл қасиетті кәлима екі негізгі түсінікті қамтиды:

1. Алланың барлығы мен бірлігі
2. Хазірет Мұхаммедтің Алланың құлы әрі елшісі екендігі

Пайғамбар – Алланың құлы. Жоғарыдағы кәлимада «Алланың құлы әрі елшісі» делініп Оның құлдық функциясы бірінші кезекке қойылып отыр. Ардақты елші бір хадисінде: «Мені тиісті деңгейімнен асыра мақтамаңдар. Себебі, Алла мені елші етпес бұрын, алдымен Өзіне құл қылып алды», – дейді. Бұл жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қарапайымдылығы байқалады. Мұхаммед пайғамбарды адамзаттың ардақтысы деп мақтасақ, бұл әсте астамшылық емес. Астамшылық болар еді, егер оны жаратушы Алланың дәрежесіне шығарар болсақ. Хақ тағаланың өзі қасиетті Құранда: «Біз сенің даңқыңды асқақтаттық», – деп, пайғамбарымыздың Алланың алдындағы мәртебесінің биік екендігін шегелеп айтқан-ды.

Бір ақын айтқандай:

Мен өз сөзіммен Мұхаммедті мақтай алмадым,
Мұхаммедтің есімін айту арқылы өз сөзімді мақтадым.

Мұхаммед – бүкіл адамзаттың бақытына орай туылған ұлы перзент.

Францияның саяси қайраткері, жазушы Альфонс де Ламартин: «Адамдықтың ұлы өлшемдерімен санаса отырып мына сұрақты қойғым келеді: Мұхаммет пайғамбардан  да артық тұлға бар болуы мүмкін бе? («Түркияның тарихы», ХІ том, 276-277 бб. Париж – 1854 жыл) дей отыра ардақты елшінің алдында бас июде.

«Жүз ұлы тұлға» атты кітабының ең бірінші тұлғасы ретінде Мұхаммед пайғамбарды жазған Майкл Харт былай дейді: «Мұхаммед – адамзат тарихындағы ең ұлы адам» («Жүз ұлы тұлға» кітабынан).

Пайғамбарымыздың тарихтағы жүз ұлы адамның ішіндегі алғашқы орынды иеленуі бекер емес. Атақты фрунциялық психолог, әлеуметтанушы, антрополог әрі тарихшы Гюста́в Лебо́н «Араб өркениеті» деп аталатын кітабында: «Мұхаммед – тарихи тұлғалардың ішіндегі ең ұлысы» десе, АҚШ-тың жазушысы, тарихшы, философ Уильям Джеймс Дюрант «Өркениет тарихы» атты кітабында: «Мұхаммед – тарихтың ең ұлы тұлғасы» деп бұл ақиқатты кәміл мойындаған.

Үндінің ұлы ойшылы Махатма Ганди бір газетке берген сұхбатында былай дейді: «Мұхаммет еш талассыз миллиондаған адамның жүрегін жаулап алды».

Ағылшын жазушы, тарихшы Томас Карлил пайғамбарымызға арнайы «Мұхаммед – ең ұлы өнеге» атты кітап жазып, онда мынаны айтады: «Мен Мұхаммедті өте жақсы көремін. Себебі, ол Рим патшалары мен Иранның шаханшахтарына өзінің батыл да ашық сөздерін айта білген кісі».

Британдық жазушы, публицист Ге́рберт Джордж Уэ́ллс: «Мұхаммед – әділдік пен толеранттылыққа негізделген мемлекетті құра білген ұлы тұлға», – деп, пайғамбарымыздың саясаткерлік қырына әлем назарын аудартты.

Әйгілі шығыстанушы Жозеф-Франсуа Мишо: «Мұхаммедтің тағылымдарының арқасында мұсылмандар өзге дін өкілдеріне сый-құрмет танытты» дейді «Кресттік жорықтардың тарихы» атты кітабында.

Бебітшілікті ту еткен, І, ІІ дүниежүзілік соғыстарды сынап, жалпы соғыс атаулыға қарғыс айтқан, өткір де шынайы туындыларымен әлем жұртшылығының есінде қалған ағылшын жазушысы Бернард Шоу бір сөзінде: «Әлем Мұхаммед сияқты ойлай білетін адамға аса мұқтаж», – десе, Иса мәсіхті құдайдың ұлы деп санаған қарт Еуропада өмір сүрсе де Бернард Шоу адамзаттың ардақтысы жайлы міне былайша ой өрбітеді: «Мен Мұхаммедті бірден бір адамзатты құтқарушы деп білем. Әрі ол сияқты адам мына әлемнің тізгінін қолына алса күдіксіз адамзаттың проблемаларын толықтай шешуге қол жеткізіп, ғаламға бейбітшілік пен бақытты орнататынына сенімім мол. Қазіргі таңда адам баласы бейбітшілік пен бақытқа қаншалықты мұқтаж десеңізші!» – дейді «Мұхаммед» атты кітабында.

Алла Тағалам баршамызға Алланың сүйіктісін сүйіп, адамзаттың ардақтысын ардақтай білуге жазғай!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру