МҰСЫЛМАН ҮШІН ЕҢ АУЫР БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН КҮНӘ

24 мамыр 2024 1668 0
Оқу режимі

Әбу әл-Лайс жақсы амалдардың төрт негізі бар деген. Олар:

1. Ниет (пиғыл).

2. Пайдалы ілім.

3. Тақуа (Алланың қаһарынан қорқып, күнәдан аулақ болу).

4. Ықлас (Аллаға шынайы берілгендік).

Сондай-ақ, шірктің үш түрі бар (Аллаға серік қосу):

1. Анық шірк – күпірлік (күпір).

2. Жасырын шірк – күнә жасау.

3. Одан да жасырын шірк - рия (көзбояушылық).

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Рия барлық істерді бүлдіріп, толықтай төңкеріп тастайды». Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (ﷺ) тағыда былай айтқан: «Рия жетпіс бөліктен тұрады. Соның ең төменгісі - шірк. Шірктің ең кішісінен де қорқыңдар!» Одан: «Уа, Алла Елшісі! Кіші шірк дегеніміз не?» -деп сұрайды. Сонда ол: «Егер кімде-кім құлшылығын адамдар көрсін деп жасайтын болса, онда бұл рия. Ал егер ол құлшылығын адамдарға жағу үшін тастап кетер болса, онда бұл шірк», - деп жауап берген.

Ендеше, рия (екіжүзділік) салдарынан кез-келген амалдар, кез-келген құлшылық жарамсыз болып қалады. Имам Фахри ар-Рази «Тәпсір әл-Кабир» еңбегінде келесіні айтқан: «Егер кімде-кім құлшылық жасау барысында сауап алу туралы ойлап тұрса немесе Тозаққа түсу қорқынышынан ғана құлшылық етер болса, онда оның құлшылығының дұрыс болмағаны, өйткені мұндай құлшылық Алла Тағаланы дәріптеп әрі мадақтау үшін жасалмайды және әлгі адамның ниеті шынайы болмағаны».

«Әл-Кашшаф» еңбегінде, хадистерде және «Ихья» кітабында егер кімде-кім үлкен, кіші күнәлары үшін тәубеге келмей құлшылық жасар болса, шариғатқа сай намазын дұрыс оқыса, онда ол парызын ғана өтеп, өз міндетін ғана орындағаны делінген. Алайда бұл үшін сауап алмайды, оның сауабы көкке көтерілмейді. Оның құлшылығын Алла Тағала қабыл етпейді.

Егер адам баласына бұл дүниеде тәубеге келу пешенесіне жазылған болса, оның үлкенді-кішілі күнәлары кешірілетін болады. Ал егер тәубеге келу маңдайына жазылмаған болса, адам тәубеге келмеген күйі дүниеден озып кетсе, онда бәрі Бір Алланың қалауына байланысты болады. Егер Жаратушы қаласа – жарылқайды, ал қаламаса – жазалайды. Алла Тағала Қасиетті Құранда бекер былай айтпаған ғой:

«...Сонда кімді қаласа, жарылқайды да кімді қаласа, азап қылады. Сондай-ақ Алла (Т.) ның барлық нәрсеге толық күші жетеді» (2:284).

Егер адам жасаған үлкен күнәлары үшін Алладан кешірім сұрап, тәубесіне келер болса, онда осы тәубенің арқасында оның кіші күнәлары да кешірілетін болады. Алла Елшісі (ﷺ) бекер былай айтпаған: «Егер үлкен күнәлары үшін тәубе етсе, онда бір жұмадан келесі жұмаға дейінгі, бір Рамазаннан келесі Рамазанға дейінгі бес уақыт намаздың оқылуы кіші күнәлардың өтелуі болмақ».

Мынаны есте ұстаған жөн, шынайы тәубеге келу – жасаған күнәлары үшін жарылқау тілеуді, тыйым салынғаннан бойды аулақ салуды, ендігәрі күнәлі істерге жақындамауды білдіреді. Үлкен немесе кіші күнәлар жасалғанда тәубеге келу уәжіп болып табылады, өйткені адам баласы жасаған күнәсі үшін жазаға тартылады.

 

"Әнуарул-ашиқын" кітабынан

 

 

Пікірлер Кіру