Намаз тастап кетпеу үшін... (кеңестер)

19 тамыз 2019 13374 0
Оқу режимі

Намазын аялағысы келетін, ең ұлы құлшылықтың өзін тастап кетуінен қорқатын мұсылман бауырларымыз үшін пайдалы кеңестер:

Күнәдан тыйылу.

Күнә адамды тағат-ғибадаттардан мақрұм етеді. Жүректі өлтіреді. Күнә артқан сайын оның қарсысындағы тағат-ғибадаттар кеми береді. Пенде намаз оқығандағы, Құран оқығандағы ләззаттарынан ажырайды. Иманның тәттілігін жоғалта бастайды. Намазда Раббысынан болған қорқыныштарды жоғалтады. Жүрегі қатайып, көзінен жас тамбайтын болады. Ал, адам күнәдан алыстаса бұл нәрселер керісінше болады. Кім тағат-ғибадатқа беріліп, харам істерден тыйыла бастаса, Алла оны тәрк еткен нәрсесінен де артықша нәрсеге жолықтырып, оны иман ләззаттарымен, ғибадат ләззаттарымен бақытты етіп қояды.

Салихалы адамдармен жолдас болу, Алла еске алынатын мәжілістерге қатысу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамның жақсы досы қай дінде болса, ол да сол дінде болғаны, сондықтан, адам достасайын деп жатқан адамына мұқият зер салсын»,[1] – деген. Орта –  адамның жүрегіне, тәрбиесіне, мінез-құлқына әсер етеді. Алла еске алынатын орталар, үнемі көркем насихат айтатын адамдар сіздің иманыңыздың күшеюіне, біліміңіздің артуына себеп болады. Мұндай ортадан шайтандар да алыс болады. Құлшылықта өзіңізден жоғарыларға қарап, алға қарай ұмтыласыз. Хадисте: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы әтір сатушы мен көрік басушы секілді. Әтір сатушы саған әтірін сыйға береді немесе одан әтір сатып аласың немесе жақсы иісте боласың. Ал, көрік басушының қасында не киіміңді күйдіресің, не сасық иісте боласың»,[2] – делінген. 

Яғни, жақсы ортада отырған адам бойына тек жақсылықтарды жинап шығады. Ал жаман орта иманына кері әсерін тигізеді. Исламдағы бауырластық – бір Аллаға құлшылық етуден кейін аталатын үлкен ғибадат. Алла разылығы үшін жақсы көретін бауырларыңыздың болуына көңіл қоя бастаңыз. Бауырластық болса дін өседі.

Намазды тастамауға тырысу.

«Бәрібір қаза болады» деп қол сілтей салмай, соңғы мүмкіндік қалғанша дер кезінде оқуға тырысу, үлгермесеңіз уайымдау, өзіңді кінәлау, жегідей жеу, немқұрайлылық танытпау – намаз оқылмай қалғанда жүрегі селт етпейтіндей күйге ұшырамауға мүмкіндік береді. Шариғат намазды себепсіз оқымауға рұқсат етпейді. Себеп дегеніміз – мүмкіндік болмай қалғанда оқымай қою емес. Біздің баратын той-жиындарымыз, қызметіміз, түрлі кездесулер – намазды қаза қылуға себеп бола алмайды. Тырысқан адамға Алла Тағала мүмкіндікті беріп қояды. Хадисте: «Кім бір намазды ұмытса не ұйықтап қалса, есіне түскен кезде оқысын. Оның басқа өтеуі жоқ»,[3] – делінген. Яғни, тек екі жағдай ғана көрсетілген.

Ислам сіздің немесе біздің ойымыздан, көңіл қалауымыздан тұрмайды. Бұл әлемдердің Раббысының діні болғандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін Иесі ғана шешеді. Бізге ұнамаған нәрсе дін бойынша дұрыс деген сөз емес. Құлшылық Аллаға ұнамды ма, ұнамсыз ба деген сауалдың жауабы арқылы анықталады: «Алланың тура жолынсыз көңіл құмарлығына ергеннен өткен адасушы бар ма?»[4]. Сол себепті, намазыңызды кез келген уақытта өз көңіл қалауыңызға байланысты қаза етіп, Алланың хақысына қол сұғудан сақ болыңыз.

Құран мен сүннетте Алла Тағалаға ең ұнамды амалдардың саусақпен санарлығы ғана көрсетілген. Соның негізгісі – уақытысында оқылған намаз. Алланың разылығын іздеген адам осыны әрдайым есте ұстауы қажет.

Иманыңызды бүтіндеу.

Отбасын құрған болсаңыз, жолдаңызды намазға шақырыңыз. «Иманды (мүмін) ерлер мен әйелдер – бір-біріне дос, қамқоршы»[5].  Имандарының жартысы, бір-біріне киім. Жақсылыққа үгіттеуші, жамандықтан тыюшы. Күн сайын бірге жаңа білім үйреніп, жарыңызға жеткізіп отырыңыз, бірге амал жасаңыздар. Бірге Құран оқып, тәпсірлеріне ой жүгіртіңіздер, білмегеніңізді одан сұраумен болыңыз.

Дұға жасау.

Құлшылықтағы ықыласты, тақуалықты, ихсан дәрежесін (сен Алланы көріп тұрғандай немесе Алла сені көріп тұрғандай құлшылық ету) Алла Тағаладан сұраңыз. Себебі, жүректердің Иесі – Алла. Алла жеңілдік бермесе, Алла қаламаса, ешкімнің шарасы жоқ. Иманы ең кәміл, ең тақуа болған Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.): «Уа, жүректерді Өзгертуші! Жүрегімді Өзіңнің дінінде бекем ете гөр!» – деп дұға жасайтын болған. Ал, Жаратушымыздың иман келтіргендерге үйреткен дұғасы мындай: «Раббымыз! Бізді тура жолға түсіргеннен кейін жүректерімізді ауытқытпа және бізге Өзіңнен бір мейірім сыйла. Ақиқатында, Сен – Сый берушісің»[6]. Әр нәрсеге Күші жетуші Алладан ісіңізге жеңілдік сұраңыз. Дұғасы дұрыс, тырысуы, амалы шынайы әр орнымен болса, мұндай адамды намаздың тастап кетуі мүмкін емес.

Иманыңызды күшейту.

Намаз – иманымыздың өлшем бірлігі. Себебі, ғалымдар «Алланың алдындағы қадіріңді білгің келсе, мына дүниеде не істетіп қойғанына қара» деген. Иманның әлсіздігі я күштілігі, Алланы, Ақыретті немесе дүниені көп ойлайтындығымыз – намазға деген қарым-қатынаспен анықталады.

Қолдағы ақшаны, алтынды сақтауға тырысатынымыз секілді, иманды да күзету талап етіледі. Және Құран мен сүннетте иманды сақтаудың, күшейтудің осындай бірнеше әдістері көрсетілген:

1. Ілім үйрену.                
2. Құранға ой жүгіртіп оқу.
3. Пайғамбарлар қиссасынан өнеге алу әрі оларға амал қылу үшін түсініп оқып, терең зерттеу.
4. Салихалы, тақуа, шыншыл адамдар туралы оқу. 
5. Алла Тағаланың құдіретін танытатын жаратылыстар, құбылыстар туралы  ойлау.
6. Алланың бекіткен шариғатына, салихалы амалдарға ұқыпты болу.
7. Дұға–тілек.
8. Жүрек амалдарына көңіл бөлу.
9. Жақсы кісілермен жолдас болу, салиқалы адамдар болатын отырысқа қатысу.
10. Көп тамақ, көп сөз, көп ұйқыдан тыйылу.
11. Көзді харамнан тыю.
12. Елдің қолындағыға қызықпау.
13. «Дінде өзіңнен жоғарыға, дүниеде өзіңнен төменге қарау».
14. Өлімді жиі ойлау.

Алланың алдындағы намаздың дәрежесін әрдайым есте сақтау.

Намаз – адамды Алласына жақындатып, дұғасы қабыл болатын, адамды адам етіп қалыптастыратын, жүректі жандандырып, дақтан тазартатын, күнәларды шаятын, шүкірліктің үлкені және Жәннаттың кілті болатын үлкен құлшылық, «Адамның амалдарынан ең алғаш сұралатыны - намаз. Егер де намазы толық болса, онда ол жетістікке жеткен болып саналады. Ал егер де толық болмаса, онда ол анық шығынға ұшыраушы болады»[7].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өлер шағында: «Намаз, намаз, намаз! Намазда Алладан қорқыңдар»,[8] - деп айтып кеткен. Бұл сөйлемде намазды оқудың артықшылығы мен оны тастаушыға деген қорқытудың қаттылығы байқалады.  

Сондай-ақ, жан тазалығының дәлелі – намаз. Өйткені ең абзал әрі ниеті түзу адам ол Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Ал, ол кісі түнде аяғы күп боп іскенше намаз оқитын болған.

Жер бетінде миллиондаған адамдар намазға ниеттенеді, бірақ  оқи алмайды. Тура жол – Алладан. Жаратқан сізді сүйіп, иман берді, намазбен сыйлады. Өзінің алдында қолды байлап тұруға мүмкіндік берді. Қаншалықты лайық болып жүрсіз?

 


[1] Тирмизи, Әбу Дәуід.
[2] Бұхари, Муслим.
[3] Бұхари.
[4] «Қасас» сүресі, 50-аят
[5] «Тәубе» сүресі, 71-аят
[6] «Әли Имран» сүресі, 8-аят.
[7] Тирмизи.
[8] «Әс-силсилату сахиха» /868. Умму Сәлама сөзінен.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру