Намаз жəне денсаулығымыз

04 желтоқсан 2020 9882 0
Оқу режимі

Мұсылман адам намазды Алла Тағаланың əмiрi болғандықтан оқиды. Раббымыздың əмiрлерiнде көптеген хикмет, пайда бар. Тыйым салынған нəрселердiң адам баласына көптеген зияны бар екендiгi ақиқат. Бұл пайда мен зиянды нəрселердің бір бөлігі бүгiнгi күнгi медицина ғылымы тарапынан тiлге тиек етiлген. Ешқандай дін мен идеология адам денсаулығына Ислам дініндегідей мəн бермеген. Дiнiмiз ғибадаттардың ең үстемі болған намазды өмiрiмiздiң соңына дейiн оқуымызды əмiр еткен. Намаз оқыған кiсiнің денсаулығына пайда беретiн нəрселерге қол жеткiзетiнi анық. Намаздың адам денсаулығына беретiн пайдаларының бiрнешеуi төмендегiдей:

1. Намаздағы əрекеттер байсалдылықпен жасалғандықтан адамды шаршатпайды, жүрегiне күш түсірмейді. Намаз күннiң əртүрлi уақытында оқылатын болғандықтан адамның үнемi жiгерлi, қуатты болып жүруіне алып келеді.

2. Күнiне басын сексен рет жерге қойған адамның миына ритмге сай артық қан барады. Сондықтан мидың клеткалары толық қоректенгендiктен есте сақтау жəне жаратылысының (адамдық қасиет) бұзылуы намаз оқыған адамдарда өте аз кездеседi. Намаз оқыған адамдар денсаулық жағынан басқаларға қарағанда əлде қайда мықты өмiр сүредi. Бүгінгі медицинадағы “demans senil” деген алжу ауруына ұшырамайды. Жақында ғана Огайо штатындағы Кливленд университетінде американ зерттеушілері жүргізген зерттеуде намаздың альцгеймер ауруының алдын алатынын дәлелдеді. Зерттеуге 65 жастан жоғары 892-ден астам адам қатысқан. Зерттеулер күніне бес рет оқылатын мүміндердің  намазы адам жадының төмендеуі мен Альцгеймер ауруының қаупін 50%-ға азайтады  деп көрсетті (Жасы ұлғая келе кейбір адамдар ұмытшақ болып, жадынан айырыла бастайды. Ал медицинада ол Альцгеймер ауруы деп аталады).

3. Намаз оқыған кiсiлердiң көздерi ретпен еңкейiп тұрудың арқасында одан да қуатты қан айналымына ие болады. Осы себептен көз iшiндегi қан қысымының артуының алдын алады жəне көздiң алдыңғы бөлiгiндегi сұйықтықтың үнемi ауысуына кепiлдiк етедi. Көзді “катаракт” немесе ”қарасу” ауруынан сақтайды.

4. Намаз оқудағы əрекеттердің асқазандағы азықтардың жақсы араласуына, өттiң оңай ағуына жəне өт қалтасында тас пайда болмауына, iш кебуiн кетiру үшiн де ролi үлкен. Бүйректiң жəне зəр жолдарының жақсылап шайқалуынан, бүйрекке тас байлануының алдын алуға жəне қуықтың босауына да жəрдемшi болады.

5. Бес уақыт намаздағы ритмдiк əрекеттер күнделiктi өмiрде қозғалмайтын бұлшық еттердiң қозғалуына өз əсерiн тигiзедi. Остехандроз сияқты буын ауруларын жəне сiңiр тартылуларының алдын алады.

6. Дененiң саулығы үшiн тазалықтың маңызы өте зор екендiгiн бiлемiз. Дəрет жəне ғұсыл - əрі рухани əрі дене тазалығы. Ал намаз – тазалықтың нағыз өзі. Дене жəне рухани тазалықсыз намаз оқуға болмайды. Дəрет жəне ғұсыл дене тазалығын сақтайды. Ғибадат мiндетiн орындайтын адам рухани демалып тазарады.

7. Намаз уақыттары - қан айналымын тазалау жəне тыныс алу жолдарын күшейту үшін ең ыңғайлы уақыт.

Медицина ғылымдарының докторы Б.С. Алякринскийдің  айтуынша, адам ағзасындағы 400-ден астам функциялар биологиялық сағатқа бағынады.  Тәулік ішінде 50 шағын және 5 үлкен  биоырғақ кезеңдерінің өзгерісі болады. Биоырғақ кезеңдерінің бес үлкен өзгерісі Күн жүйесі планетасының орналасу әсеріне байланысты. Ең қызықтысы - бес үлкен кезеңдердің ауысымы мұсылманның бес уақыт намазына сәйкес келеді екен. Биоырғақтың әрбір бес кезеңі өзгерген кезде біріншіден биологиялық белсенді нүктелер ашылады, олар осы жағдайда 15 минут тұрады әрі шамамен екі сағаттан кейін біртіндеп жабыла бастайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.)-ның хадисіне сәйкес ең құнды намаз - уақытында оқылған намаз болып табылады. Егер белгілі себептермен дәл алғашқы кірген уақытында оқи алмаса, белгіленген қалған уақытында оқиды (шамамен 1,5-2 сағат), мұның барлығы да биологиялық белсенді нүктелердің жұмыс уақытымен тығыз байланысты.

8. Ұйқыны ретке келтiретiн маңызды элемент - намаз. Денеде жиналған электрлiк қуат сəжде жасағанда жерге өтедi. Осылайша дене қайтадан нейтрализацияланады. Намаздың бұл пайдаларына қол жеткiзу үшiн, намазды уақытылы оқумен қатар, тазалыққа, көп тамақ жемеуге жəне жеген нəрсенiң таза жəне халал болуына мəн беру керек.

Сәжденің денсаулыққа пайдасы

Сәжде еткен сәт адамға жеңілдік пен артықшылық сыйлайды. Бұл жағдайда ол тыныштық пен жанына жайлылық самалын сезінеді. Сәжде - адам миы жүрегінің төменгі орнында болатын ерекше сәті. Бұл шақта миға көбірек қан мен оттегі барады, оны қажетті қоректік заттармен қамтамасыз ете отырып, жадты, көру, есту қабілетін және басқа да танымдық қабілетін жақсартады.

Бес уақыт намаз оқушы адамдарда үлкен ерік күші болады. Олар бас ауруы мен психологиялық бұзылулардан көп зардап шекпейді. Сәжде ету барысында мойын бұлшықеттері көп әрі тиімді қозғалысқа түседі. Сіз мұны еденнен бас көтерген сәтте сезіне аласыз. Сәжде ету мен сәждеден тұру уақытында арқа бұлшықеттері қатаяды. Сондықтан намаз оқитындарда арқа ауруы көп кездеспейді.  Сәжде - адам денесінен шығатын электромагниттік сәулелердің күшін жоюдың тиімді құралы. Ғалымдар сәжде еткен кезде жердің гравитациясы өзіне барлық зиянды сәулелер мен толқындарды тартатындығын дәлелдеген. Мұсылмандар күніне намазда аз дегенде 34 рет сәжде ету нәтижесінде қуаныш пен тыныштыққа, жан мен тәннің саулығына қауышады, ең бастысы - өзін Жаратқан Ұлы Аллаға рухани жақындайды.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру