НАР БИДІҢ АЙТҚАНЫ

11 қараша 2024 281 0
Оқу режимі

Бала кезімде біздің рудан Нар дейтін би шығыпты. Ол кісіні мен өз көзіммен көрдім де, сырықтай тіп-тік, шойындай қап-қара, орақ мұрын, салпақ ерін, шүңірек көз, қалың бурыл сақал омырауын қаптай басқан еңгезердей биік шал әлі есімде. Нар деп шынында атын тауып қойған екен дейтін ел. Нар екені рас еді.

Нар әділ би болған деген лақап осы күнге дейін ел аузында. Ол кезде біздің ел Әулие ата оязына қарайды екен. Қалаға жақын Бақтөбе дейтін жер бар. Ол он үш үй сіргелі, он үш үй қораластардың қонысы екен. Нардың жамағайын апасы Ұмсындықтың үйіне барып би жатады екен. Ұмсындық ерте жесір қалып, он үш үй сіргеліні билеген әйел екен.

Бір жолы би Нар жол жүріп Әулиеатаға барады. Жолай Ұмсындықтың үйіне тоқтайды. Қазақ ол заманда таң сәріде тұрып малын өргізіп, қорасын сыпырып, атын ерттеп болып қана сәскеде ертеңгі шайға отырады екен. Ұмсындық жесір кемпір болғандықтан Нар елден бұрын тұрып, малын өргізіп, қорасын сыпырып, биелерін сауып, су алып келіп самауырын қойып, үйдің шаруасын істеп жүреді екен. Көрші ауылдың бір еркегі Нар қора сыпырып жүргенде әйелін шыңғырта сабапты.

–  Ей, оразасын ашпастан әйелін сабап жүрген қандай ақымақ? –  деп шошына сұрапты Нар.

–  Е, биеке, әлгі өздеріңіздің күйеулеріңіз ғой.

–  Ол ақымақтың әйелі кімнің қызы еді?

–  Өз ағаңыз Байменнің қызы ғой.

–  Онда қораластың кәриясы Омарбекті шақыр.

–  Құп! Ол кісі де келінінің шырылдап жылағанын естіп отырған болар, барсам, барайын...

Нар тұрған жерінде сыпырғышына сүйеніп тұрып қалыпты. Тапалтақ жирен сақал шал келіп:

–   Ассалаумағалейкүм, Нар би, – деп сәлем беріпті.

–  Жібекті түте білмеген жүн етер, қатынды күте білмеген  күң етер. Қатынды еркелет, ол сенің жұбайың, балаңды еркелет ол сенің ұрпағың. Қатынды ұстай білмесең үйленіп нең бар, балаңды тәрбиелей білмесең оны таптырып нең бар, әйелді сөзбен жықпай, таяқпен жығу әр жаман еркектің қолынан келеді, ақсақал, тентегіңе мен қолымды былғамайын, тыйымды өзіңіз салыңыз, – деп Нар сыпырғышын тастап, қарайып шөгіп отыра қалыпты. 

– Түсінікті, биеке, –  деп Омарбек бұрылып кетіпті. 

– Ойбай-ойбай, не жаздым, –   деген дауыс естіліпті. 

– Бейбастығыңды қашан қоясың, бидің алдында мені жерге қаратасың! – деп шажылдап баласын сабап жүрген Омекеңнің дауысы естіліпті. Түс қайта Нар қаладан қайтыпты. 

–   Биеке, біздің ауылдан дәм татыңыз! – деп Омекең алдынан шығыпты.

–   Ана қадірін білмеген ауылдан мен дәм татпаймын, – деп Нар атының басын бұрып Ұмсындықтың үйіне кетіпті. 

 

 Бауыржан МОМЫШҰЛЫ

"Әңгімелер жинағы".

 

 

Пікірлер Кіру