Не сұрайды мына бала?

10 шілде 2018 12262 0
Оқу режимі

Жаңа туған сәбидің сөйлейтін тілі бола ма? Егер болмайды десеңіз, онда қателесесіз. Қандай да бір қажеттілік туғанда сәбидің қолданатын тілі – жылау. Бала өз мазасыздығын жылау арқылы білдіреді. Ол – ештеңеге шамасы келмейтін, тым әлсіз, әлжуаз жас сәбиге жасалған Құдай Тағаланың рақымы.

Сәбидің өз өмірін іңгәлап бастауында үлкен мән бар. Өйткені, осы жылаудың арқасында сәбидің өкпесі ашылып, тыныс алу әрі жүректің қалыпты жұмыс істеуі жақсарады. Сол себепті, өмірге жаңа келген сәби міндетті түрде жылауы тиіс. Сәбилердің 70-80 пайызы туа салысымен өздігінен жылайды. Егер жыламаса, арқасын сипап, аяқ-қолынан қағу арқылы баланы жылату керек. Егер бұған да жыламаса «Амбу» деп аталатын арнайы құрал арқылы аузына ауа жіберіледі. Егер әлі де тыныс ала алмаса, түтікпен не аппарат арқылы тыныстауына жағдай жасалады. Өйткені, жаңа туған сәбидің жылауы оның денсаулығына пайдалы. Баланың өздігінен жылауы оның жүйке жүйесінің, жүрек пен өкпесінің қалыпты екендігін көрсетеді.

Бала неге жылайды?

Алғашқы апталарда баланың неліктен жылағанын ұғу қиын. Өмірге бейімделу алғашқы кездері сәбиге оңай соқпайды. Ас қорыту, жүйке жүйелері де әлі қалыптаса қоймайды. Сәбилер көбінесе қарны ашқанда жылайды. Сәбиді уақыт кестесі бойынша емізген дұрыс емес. Оны ашыққан сайын емізу керек. Сәбилердің өте жиі қарны ашады. Кейде емізгеніне 15-20 минут өтпей жатып-ақ қарны ашып жылауы мүмкін. Оны емізгеннен кейін тынышталғанына қарап білуге болады. Шешесін еме салысымен дереу жылайтын болса, оның екі себебі болғаны. Не сүтке тоймаған, не денесінде бір қолайсыздық бар. Сәбидің салмағы аз тартып, ет алмауы сүтке жарымағандығын білдіреді. Сәби сүтке тойған күннің өзінде қыңқылдап жыласа, онда шешесінен мейірім мен жан жылуын күткені деп ұққан дұрыс. Сүт – оның материалдық қорегі болса, оған көрсетілген мейірім – рухани қорегі болып табылады.

Сәби қарны тоқ, асты құрғақ болған күннің өзінде екі аяғын бауырына тартып жыласа, онда іші кеуіп ауырып қалды ма, деп күмәнданған дұрыс. Алғашқы үш-төрт айда ему барысында жұтқан ауа ішектерін керіп ішті ауыртуы мүмкін. Іші қатқан бала да жел тиген бала секілді ауырады. Үш күннен аса үлкен дәретке отыра алмаған баланың жылауы іш қатуынан болуы ықтимал. Алғашқы үш айда баланың ас қорыту жүйесі әбден қалыптасқанға дейін жиі-жиі іш қату мен іш кебуге тап болады. Ішек мазасыздығынан барып жиі-жиі жылайды. Төртінші айдан кейін барып бұндай жылаулар азаяды.

Сәбилер жаурағанда немесе қатты ыстықтағанда да жылайды. Сәбилер кейде қимылдай алмайтындай қатты орап тастаған кездері, ұйқысы келгенде ойнатылатын болса немесе керісінше ойнағысы келген кезде ұйықтатса, тісі қышыса, мұрны бітеліп тыныс алуы қиындаса, асты былғанса жылайды. Сәбилер қатты қорыққанда, шошынған кездері де жылайды. Мысалы, шу-шұрқан, қатты айғай-ұйғай, тіпті, өткір иістер де бала жылауының себептері. Бала жалаңаш денесіне суық қол тисе де жылайды.

Қыз балаларда үлкен дәрет қалдықтарының зәр жолдарына түсіп кету қаупі бар. Сол себепті, өте-мөте қыз балалардың дәретіне көп көңіл бөліп, жыныс жолдарының жұқпалы ауруға шалдықпауын абайлау керек. Құлақ, тамақ, ішек қабынулары да баланың жылауына себеп. Сәбилерде ішектердің түйінделуі, ер балалардағы жыныстық фимоз (үрпісінің бітеліп қалуы) ауруы да, шаптағы жарықша, ен жұмыртқада су жиналуы да жылауға себеп. Бұларды тек арнайы дәрігерлер ғана анықтай алады.

Бетез Ұлттық денсаулық сақтау институтында (АҚШ, Мэриленд штаты) жүргізілген зерттеу нәтижесінде өте көп жылайтын әрі бір жастан асқанда өте көп шыңғыратын балаларда физикалық әрі психологиялық ауытқушылықтардың жиі кездесетіндігі анықталған. Сол себепті, мамандар кейде ата-анасының қалай уатқанына да көнбей көп жылаған балаларды педиатрға қаратқан жөн деген кеңес беруде.

Баланы қалай жұбату керек?

Баланың жылауы қай елде де өзгермейді. Мейлі ол өркениетті ел болсын, мейлі артта қалған ел болсын. Алайда, зерттеушілер өркениетті елдің балаларына қарағанда дамымаған елдердегі балалар қарны ашқанда аз жылайды деген қызықты мәліметті алға тартуда. Неге десеңіз, кедей елдерде көбіне анасы баласын өзімен ала жүреді. Сол себепті, бала ашыға қалса дереу емізеді, мазасызданса дереу жұбатуға даяр тұрады.

Жылаған балалар көбіне қолға алып құшақтағанда барып уанады. Бұл кездейсоқтық емес. Жатырдағы соңғы төрт айын анасының жүрек дүрсілін естумен өткізген сәби кейіннен сол жүректің дүрсілін естімеген уақытта мазасыздана бастайды. Қолға алынғанда, естіген жүрек дүрсілі оны қайта тыныштандырады. Ондайда сәби өзін қауіпсіз сезінеді. Сол себепті, бала жылаған уақытта оны жұбату үшін алдымен қолға көтерген дұрыс. Емізу немесе тербету де баланы жұбату да өте жақсы әдіс. Үш айдан асқанда анасының сөйлеген сөздеріне бала жұбана бастайды. Төрт айлығында бала қызылды-жасылды көрген нәрселеріне, ойыншықтар мен естігендеріне алдана бастайды. Бала жылады екен деп аузына емізік сала беру дұрыс емес. Ондайда баланың жылау себебін білуге тырысу керек. Асты былғанса құрғатып, қарны ашса, тамақ берген дұрыс. Кейде баланы қимылдап қозғалуы үшін оны еркіне жіберген дұрыс. Бала, әсіресе, тісі шығып жатқан уақытта қыңқылдап көп жылайды. Ондай кездері тістің қышуын жеңілдететіндей денсаулығына зиянсыз жұмсақ нәрселерді балаға тістету керек.

Байқасаңыз, бала әркелкі жылайды. Кейде ызаланғанда бақырып қатты жылайды. Ашыққанда жылайтын даусы мен қатты шошынғанда шырқырап жылайтын дауыстары да әркелкі. Тәжірибесі мол әйелдер жылаған даусына қарап-ақ баланың не сұрап тұрғанын біле қояды. Өйткені, жылау – бала мен ана арасындағы құпия тілдесу.+

Бір қызығы, бала қаншалықты алыста болмасын арадағы телепатия арқылы шешесі оның мазасызданғанын немесе ашыққанын сезе алады. Ұйқысы қатты әйелдердің баласының жылауына қалай оянатындығы тылсым жұмбақ-ақ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) жылаған баланы жұбатқанша асыққан. Бір хадисінде: «Асықпай ұзақ оқиын деп намазға тұрам. Сол мезет баланың жылаған даусын естимін. Шешесі алаңдамасын деп намазды тездетіп бітірем» деуі соның айғағы. Тағы бір хадисінде: «Кім баланы тынышталғанға дейін жұбатса, Аллаһ Тағала Жұмақта ол адамға разы болғанынша жақсылықты үйіп-төгеді» дейді.

Қорыта келгенде, «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» демекші, үйден періште сәбидің даусы үзілмей, шешелерінің соларды жұбатып әлек болып жатқанына не жетсін!

Анар Амангелдіқызы

Пікірлер Кіру