ӨЛІМДІ ЕСКЕ АЛУ...

16 сәуір 2024 1750 0
Оқу режимі

Исламда «Рабыта-и-мәут» деген ұғым бар. Яғни, «өлімді еске алу» деп аталады. Өлім, өлімді еске алу – адамды тәубесіне келтіретін үлкен бір насихатшы.

Өлім – көп асқанды бір тосатын ақиқат. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Дүние ләззатынан айықтыратын өлімді еске алыңдар», – дейді. Яғни, өлімнің жүректен дүниеге деген махаббатты суырып алатын күші бар деген сөз. Алла Елшісі (с.а.с.) тағы бір хадисінде:

 «Егер жан-жануар, хайуандар өлім жайында адамзат білгенді білсе, ауыздарың семіз етке тимес еді», – дейді. Яғни, өлім жайында біз білгенді қорадағы малымыз білсе, соны ойлаудан, уайымдаудан, қайғырудан қом жинай алмай, соғымға көтерем сояр едік. Сол себепті, өлімді еске алу адамды қайғыға, уайымға жетелейді.

Адам өлімді ұмытса, уайымсыз салғырттыққа салынады. Ал «уайымсыз салғырттық» Абай Құнанбайұлы айтпақшы, «әуелі – Құдайдың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың, бәрінің дұшпаны». Ал «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық, аздырар адам баласын» (Абай). Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.с.) ақыреттің уайымын жеп, қамын ішу үшін өлімді жиі еске алуды кеңес еткен. Өлімді көп еске алатын жанды Алла Расулы (с.а.с.) «ең бай, ең қадірліге» теңеген. Адам ажалды ойласа азғындыққа аяқ баспас, күнәға көз салмас.

Өлім жүректерді жұмсартушы, көздерге жас үйіруші насихатшы. Сол себепті де Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Насихатшы және ескертуші ретінде өлім жеткілікті», – деген. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Қабірлерге зиярат етіңдер. Өйткені қабірлерді зиярат ету ақыретті естеріңізге салады» дейді.

Шындығында, тарихта жүрегі дүниеге ауып бара жатқанда, өзінің қабірін қазып алып, ішінде түнеп шығатын мұсылмандар да өткен. Не болмаса, шығарып жатқан жаназаны көрсе, өзінің жаназасын шығарып жатқандай сезініп, ғибрат алатындар да болған. Ендеше өлімнен бұрын өлімді еске алу –ол қандай ғанибет десеңізші. Тіпті таусылмас бақыт та сол – өлімді жиі еске алмақ.

Олай болса, әлгі өлімді жиі-жиі еске алу арқылы Алла Тағалаға жақындап, мәртебең асқақтай түсетіні анық. Сонда ғана мәңгілік өмірдің шынайы тіршілік иесі атанып, шүкір еткен құлға, һәм пайғамбар үмметіне айналарыңыз сөзсіз.

 

Пікірлер Кіру