ӨМІР ЖОЛЫ мен ДІН ЖОЛЫ – БӨЛЕК ПЕ?

01 ақпан 2024 2450 0
Оқу режимі

Бір қарағанда: бөлек сияқты. Біреулер «дініңмен» шатағы жоқ жүріп жатқан сыңайлы, ал біреулер мешіт, шіркеу жағалап жүр...

«Екеуі – екі бөлек» деп түсінетіндердің (егер ол атеист болмаса) басты қателігі: дінді тек мешіт немесе шіркеу секілді ғибадат орындарымен, намаз, ораза, қажылық секілді бекітілген ғибадат түрлерімен ғана шектеуі. Яғни «дін дегеніміз – белгілі бір жерде, белгілі бір құлшылық түрлерін атқару» деп түсіну.

Негізі: дін (хақиқи дін Ислам) адамның бүкіл өмірін, адамның ғана емес, бүкіл Тіршілікті қамтиды. Өйткені: Ұлы Жаратушының құдіреті мен қалауы, әмірі мен тыйымы бүкіл жаратылысқа жүреді! Басқаша айтсақ: бүкіл жаратылыс Алланың заңының шеңберінде тыныс алып, тіршілік кешеді...

Қасиетті Құран аятында табиғаттың, барлық жаратылыстың Адам баласының игілігі үшін қызмет ететіні, ал (жындар мен) адамдардың тек Бір Аллаға ғана құлшылық ету үшін жаратылғаны айтылады. Яғни біздің жаратылу мақсатымыз – Құдіретті де Мейірімді Иемізді танып, құлшылық-шүкіршілігімізді білдіру...

Осы арада «құлшылық» ұғымын дұрыс түсініп алу қажет. Қысқасын айтсақ: Құлшылық дегеніміз – Жаратушы Иеміз разы болатын істер, сөздер, ойлар. Ал «Иеміздің не нәрсеге разы болатынын қайдан білеміз?» десек: Алланың Сөзі – Құран мен Пайғамбар өнегесі – Сүннеттен білеміз, әрі осы екі қайнарды түсіндіріп берген ғұламалардың еңбегіне (мәзһаб) сүйенеміз.

Бәрімізге белгілі: Құран мен хадистерде тек намаз, ораза немесе қажылық қана айтылмаған (бұлардың әрқайсысына қатысты үкімдер, ары-кеткенде, 2-3 беттен аспайды), қалай үйленіп, қалай ажырасу керек; бала тәрбиесі; ата-ананы сыйлау; туыстық байланысты үзбеу; көршімен татулық; сәбиді қанша уақыт емізу; тамақ ішу әдебі, тіпті әжетханаға кіріп-шығудың әдебі, қысқасы қамтылмаған нәрсе жоқ! Міне, осы айтылған (Құран мен Сүннетте айтылған) нәрселердің барлығын орындау – құлшылық. Яғни Алла Тағала неден тыйған болса – содан тыйылу, нені бұйырған болса – соны орындау – құлшылық. Қысқасы: шариғатымыздың үкімдерін, шамамыздың жеткенінше, жүзеге асыру – құлшылық, орындамау – күнә, оған қарсы шығу – күпірлік...

Байыптап қарасаңыз: бүкіл Әлем құлшылықта! Себебі: Жаратылыс атаулы Жаратушының бекітіп берген Заңы бойынша әрекет етіп, қозғалады. Оны кейбіреулер «табиғат заңы» деп қояды; «түйсік, инстинкт» деп қояды... Тек адам баласында ғана (және жындарда) ақыл мен ерік болғандықтан, ол құлшылығын саналы түрде атқара алады немесе атқармайды... («Нәпсі көзін байлаған адамзаттан айуан артық біледі өмір жайын» Шәкәрім...)

Құлшылықтың басы – Құдайыңды тану; Жаратушыңды танып, мәртебесіне сай қарым-қатынас жасау... Бізге Өзін тани алатын, яғни Құдіреті мен Мейірімін тани алатын ақыл бергендіктен де, біздің басты Мақсатымыз – Құлшылық: Ұлы Раббымыздың Даңқын жаю, жасампаздығын жалғастыру. Бұған дәлел – «Сендерді жер бетіндегі Орынбасарым (халифам) қылып жараттым» деген мағынадағы аят...

Құлшылық – біздің табиғи хәліміз. Өйткені: біз сол үшін жаратылғанбыз: балыққа суда жүзу, құсқа ұшу – қандай табиғи хәл болса, бізге де Тәңірімізді танып, жіберген дінімен өмір сүру – сондай табиғи хәл! «Шын мәнінде, жүректер Оны зікір ету арқылы ғана тынышталады (бақыт күйін сезінеді)» деген аят – осы табиғилықты да меңзейді. Алла разылығын мақсат етіп: ата-ананы сыйлау – құлшылық әрі адам жанын жадырататын табиғи хәл; баланы дұрыстап тәрбиелеу – құлшылық әрі табиғи ұмтылыс; туыстармен жақсы қарым-қатынаста болу – құлшылық әрі өзіңді бақытты сезінудің табиғи тәсілі; жұбайыңа адал болу – құлшылық әрі табиғи рахат сезімі; тура осы сияқты намаз оқу да – құлшылық әрі табиғи хәл. Өйткені, намаз – Жаратқан Иеңмен байланысты сезіну, Оның сені көріп, естіп тұрғанын, саған ерекше қамқор екенін түйсіну. Ал бұл хәл – жан тыныштығының бірден-бір кепілі... (Тек азғырушы шайтан мен тәрбиеленбеген нәпсінің кесірінен намаз, ораза, т.с.с. ғибадаттар қиын болып көрінеді. Сондықтан «Өзін (нәпсісін) таныған – Құдайын таниды»...)

Құлшылық – шүкірлік, яғни өзіңе берілген жақсылық-нығметтерге алғыс айту: жүрегіңмен, тіліңмен, мал-дүниеңмен және жан-тәніңмен. Адам қылып, оның ішінде мұсылман қылып жаратқаны үшін, он екі мүшеңізді сау қылғаны үшін, ата-ана мен бала-шаға бергені үшін... разылығың мен алғысыңды білдіру... Ал шүкірліктің басты шарты: берілген нығметті өз орынымен (шариғатта көрсетілгеніндей) ізгілік жолында пайдалану. Мәселен: баланың шүкірлігі – жақсы азамат, мықты мұсылман қылып тәрбиелеу...

Құлшылық – өзіңнің мұқтаж пенде екеніңді мойындай отырып, бүкіл әлемнің Иесінен қажет-тілектеріңді сұрау, яғни дұға. Өйткені: «Құдайсыз қурай да сынбайды». Бұдан құлшылықтың «Аллаға арқа сүйеу, тәуекел ету» деген келесі мәні шығады...

Құлшылық – күнәнің кесірінен, көңіл кірінен тазару, яғни қателігіңді түзеу, тәубеге келу. Ал тәубе – таза табиғатыңа оралу деген сөз...

Құлшылық – қасиетті Құран аятында айтылғанындай, Жақсылық жолында жарысу, сауап жинау, сол арқылы мәңгі өміріңе азық жинау, осы өмірдегі және Жәннаттағы дәрежеңді сомдау...

Құлшылық – сүйіспеншілік; бүкіл жаратылыстан артық қылып махаббатпен жаратқан Аса қамқор, Ерекше Мейірімді Иеңе деген разылық пен сүйіспеншілік...

Иә, Шариғат талабы – адам табиғатымен үндес. Адамның тәни немесе рухани табиғаты мен қажеттілігіне қайшы келетін ешқандай үкім жоқ. «Арақ ішпе!» десе – ақылың мен абыройыңды сақтағаны, «зинаға жолама!» десе – ұрпағың мен арыңды сақтағаны, «харам жеме» десе – денсаулығыңды ойлағаны... Жалпы, мына қағиданы есте сақтау қажет: «Алла Тағаланың тыйған нәрселерінде – адам баласы үшін зиян бар, ал бұйырған нәрселерінде – тек пайда бар». Расында, намаз оқығаны үшін немесе арақ ішпегені үшін өкінген адам көріп пе едіңіз?!..

Дін жолы – Құдай үні болған Ар-ұятыңды сақтаудың, кірлетпеудің жолы... Дін – адамдық қалпыңды, тазалығыңды сақтаудың жолы; Жақсы, Кемел адам болудың жолы. «Жақсы мұсылман» деген сөз – «жақсы адам» деген сөз! Дін жолында жүру – бөліну, «Мен – мұсылманмын, ал сен – кәпірсің, мүшріксің» деп бөлектену емес, Ақиқат іздеу жолы, Хаққа жету сапары...

Дін – адам болмысын түсіндіретін, жан-дүниесін тазартатын, рухани жетілдіретін терең Ілім. Дін – тіл, дәстүр, тарих және атамекен секілді ұлтты ұйыстыратын, жұртты жұмылдыратын мәдени мәйек, ел мен ұлтты қалыптастыратын түп себептердің бірегейі...

Дін – заңдылық, Алла Тағаланың жаратқан заңдылығы. Бұл заңдылықтар көзімізге көрініп тұрған мына әлемнің заңдылықтары (мысалы: жерге тартылу заңы) ғана емес, рухани заңдылықтарды да қамтиды. «Атаңа не қылсаң – алдыңнан сол шығады» немесе «Жақсылық қылсаң – өзіңе, жамандық қылсаң – өзіңе, аспанға қарап түкірме – түседі қайтып көзіңе!» деген мақал-мәтелдер – Жаратушының рухани заңдарынан хабар береді. «Жерге тартылу заңын мойындамаймын, білмеймін ондай заңды!» деп қабат үйден секіріп кеткен есерсоқтың жерден басқа түсетін жері жоқтығы сияқты, «жаңағы мақалдарды мойындамаймын, бос сөз!» деген адам да, онда айтылған ақиқатқа ақыры жолығады. Біле білсек: ата дініміз, Құран мен Сүннет осы заңдылықтарды үйретеді!.. Басыңды тасқа ұрмай тұрып, сол тасты көруді үйретеді!

Пенденің табиғат заңдылықтарынан тыс өмір сүруі – қандай мүмкін емес нәрсе болса, адамның дін талаптарынан – рухани заңдылықтардан тыс ғұмыр кешуі де сондай мүмкін емес нәрсе! Баяғыда «Күнә жасамай тұра алмаймын» деп шағымданған бір кісіге ғұлама: «Ондай болса Алла Тағала көрмейтін, естімейтін жерге барып жаса; Алланың құзырынан шығып кетіп жаса; Алланың билігі жүрмейтін жерге барып жаса...» деп айтқан екен. Сол айтпақшы, Жаратушы Иеміздің билігінен тыс мекен бар ма? Ендеше, Өмір жолы дін жолынан бөлек пе – өзіңіз ойлаңыз...

Негізі: екеуі – бір жол; яғни бақыт жолы – біреу-ақ; Дұрыс өмір сүру Жолы –біреу-ақ. Өйткені, Құдай – жалғыз!.. (Сол Ұлы Жолдың ішінде неше түрлі соқпақтардың болуы – басқа әңгіме...) Алланың ақ жолынан басқа жолдар – тек құзға апарады. Ол «жолсымақтардың» әрқайсысының басында шайтан отыратыны хадисте айтылған... Ал «дін жолына түстім» дегеніңіз – «Саналы түрде Алла көрсеткен Жолмен жүруге бел байладым» дегеніңіз... Сондықтан діннен қашу – Құдайдан қашу, өзіңнен қашу, өз бақытыңнан қашу...

Құдіретті де Мейірімді Иеміз бізге Дін түсіргенде ауыртпалық ретінде емес, екі дүниеде бақытты болудың Ережесі, Заңы ретінде түсірген. Рақымды Раббымыздың көздегені – біздің бақытымыз! Яғни, дін (хақ дін Ислам) – Жаратқан Иеміздің бізге деген сүйіспеншілігі. Ендеше, мұсылман болу – сол сүйіспеншілікке сүйіспеншілікпен, махаббатпен жауап беру!..

Қорыта келгенде: Дін дегеніміз – әр оқиға мен әр құбылыстың, яки барша өмірдің мәні мен мағынасы бар екеніне, оған мән мен мағына дарытып жаратқан Құдіретті де Мейірімді Иеміздің бар екеніне және құлшылыққа лайық тек Сол ғана екеніне деген СЕНІМ. Дін дегеніміз – сол ұлы сенімнен, шынайы дүниетанымнан туындаған парыз-міндеттерді іске асырған ӨМІРСҮРУ САЛТЫ. Шынайы Дін – пенде-адамнан Тұлға-Адам қалыптастыратын, тобырдан – текті ұлт жасайтын қасиетті ІЛІМ. Дін дегеніміз – махаббатпен жаратқан Иемізді тануға талпыныс, Ұлы Раббымыздың разылығын табуды үйрететін әмбебап ЕРЕЖЕ. Шынайы дін – бүкіл Ізгілік ұстындарын бойына жиған, Бақытқа жеткізер ӨМІР ЖОЛЫ...

 

Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру