ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ
Барлық мадақ әлемдердің Раббысы Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына игіліктер мен сәлемдер болсын!
Халқымызда: «Отан – отбасынан басталады», – деген қанатты сөз бар. Отбасы – шағын мемлекет. Жанұяда жақсылық көбейсе, қоғамда ізгілік салтанат құрады. Қоғам түзелсе – мемлекеттің мерейі тасып, мәртебесі артады. Сондықтан да, асыл дініміз отбасы тәрбиесіне өте үлкен маңыздылық қойған.
Алла Тағала қасиетті Құрандағы Бақара сүресінің 187-ші аятында:
هُنَّ لِبَاسٌ لَكُمْ وَأَنْتُمْ لِبَاسٌ لَهُنَّ
«Олар (әйелдер) сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер», - деп айтқан. Осы аяттағы «киім» сөзінің айтылуының мәнісі:
- Киім – адамның денесіне ең жақын нәрсе. Демек, ерлі-зайыптылар да бір-біріне өте жақын болуы керек. Бірінің сөзіне бірі мұқият құлақ асып, жанын түсінуге тырысуы тиіс.
- Киім – адамның тәнін ыстық пен суықтан қорғайды. Сол секілді ерлі-зайыптылар да бір-біріне өмірдің ащы-тұщысында демеу болып жүруі тиіс. Өмірдің қиын кезеңдерінде бір-біріне қолдау көрсетіп, сенім артуы ләзім.
- Киім – адамның денесіндегі кемшіліктерді сырт көзден жасырып тұрады. Сол секілді ерлі-зайыптылар да бір-бірінің қателігін сырт көзден жасырып, жақсылығын асырып отыруы қажет. Өзінің де кемшілігі көп пенде екенін есте тұтып, жұбайының кемшіліктеріне кешіріммен қарауы керек.
- Әдетте адам бөтен адамның киіміне жоламайды. Отбасының алтын діңгегі – адалдық. Отбасылық өмір баянды болсын деген жандар адалдықты ту етіп ұстауы тиіс.
Сондай-ақ, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисте:
أَلَا كُلُّكُمْ رَاعٍ و كُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ
«Жақсылап көңіл бұрыңдар! Сендердің әрқайсыларың бақташысыңдар және қол астыларыңдағы туралы сұраласыңдар», - деп айтқан. Сондықтан да, ер азаматтың да, әйел кісінің де отбасы ішінде жауапты болған істері бар. Атап айтқанда, ер азаматқа міндеттелетін негізгі борыштардың бірі - отбасына діни тәлім-тәрбие беріп, шамасына сай баспана, нәпақа және киім-кешекпен қамтамасыз ету болса, әйел кісіге күйеуіне бағынып, бұйрығына бойсұынып, отағасы жоқ кезде оның мал-мүлкі мен өзінің абыройын сақтаумен қатар бала-шағаның қасында көпшілік уақытын өткізетін себепті, олардың діни ахуалдары мен тәлім-тәрбиелерін қадағалап, назарда ұстауы қажет. Міне осындай құқықтар ортада сақталған жағдайда ғана өзгеге үлгі бола алатын отбасы болмақ.
«Al-Fattah» мешітінің ұстазы
АРНАБАЕВ Дулат