Оныншы тілек тілеңіз...

06 тамыз 2021 9825 0
Оқу режимі

Ұлы Жаратушы ата-ананы ұрпақ жалғастығының басты діңгегі етіп жаратқан. Ерлі-зайыптылар шаңырақ құрып, бала-шағалы болып, отбасының өрісі кеңейеді. Ата-ана қолынан келгенше перзенттерін бағып-қағып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Осы жолда барын жұмсайды, тіпті өзін құрбан етуге де даяр тұрады. Бірақ уақыт озады, ата-ана да қартайып, қауқарсыз күйге түседі. Дүние кезек, енді ата-анасы баласына қонақ болып, Жаратушы иенің аманатын арқалау міндеті перзенттің мойнына жүктеледі. Осы ұлы жауапкершілікті толық сезініп, барша болмысымызбен оны атқаруға талпынсақ, оңымыз бен солымыздың шаттыққа толары анық. Оңымызда біздің мейірімімізбен мерейі өскен ата-анамыз, солымызда ата-анамыздың алдында құрақ ұшқанымызды көріп өскен, ата-ана ақысын өтеуде бізді өзіне үлгі тұтқан бала-шағамыз. Осылайша отбасы мүшелерінің арасында өзіне үйіріп алар сиқырлы бір күш пайда болады. Бір-бірінің қамын ойлаған мұндай жанұяның Алла Тағала берекесін арттырады. Отбасы ғанибеті дегеннің өзі осы емес пе?!

Атам қазақ Алла Тағаланы Жаратушы ием деп мойындап, мұсылмандық дүниетанымын тұрмыс-тіршілігіне арқау еткендіктен, отбасы ұғымының қадір-қасиетіне бөлекше мән берген. Сондықтан кешегі қылышынан қан тамған дінсіздендіру, ұлтсыздандыру саясатының ызғары келмес бұрын қазақтың қара шаңырағында балаға мейірім, атаға қамқорлық, ағаға ізет, ініге ілтипаттың орны бөлек болған. Үлкенге құрметті парыз санап, ата-анасы өз алдына, бүкіл жасы үлкен буынның алдынан кесе-көлденең өтпеуді кісіліктің келбеті деп түсінетін. Ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, аса құнды заңдылықтарға бағынатындықтан ой-толғамымен іс-әрекеті өзара үндесіп жататын. Ата мен бала өз міндеттерін дұрыс атқаруынан екі жағы да ләззаты мол, имандылығы терең тіршілігінің рахатын көретін. Екі жақ та бір-бірінің қамын ойлап, көңілін тауып, ризалықтарын білдіріп, амандық-саулығына тілеулес болатын. Содан болса керек, Бұқар жырау:

Тоғызыншы тілек тілеңіз
Төреңіз тақтан таймасқа.
Тоқсандағы қарт бабаң
Топқа жаяу бармасқа, – деп атаның қамын ойласа, аналарға деген тілегін одан да асырып:

Оныншы тілек тілеңіз
Он ай сені көтерген,
Омыртқасы үзілген,
Аязды күнде айналған,
Бұлтты күнде толғанған,
Тар құрсағын кеңіткен,
Тас емшегін жібіткен,
Анаң бір аңырап қалмасқа, – деп жырлайды.

Халқымыз қашан да әкені шаңырақтың иесі, қамқоры, қорғаны деп таныған. Әке – отбасының асыраушысы. Бала-шағасының нәпақасын тауып, солар кемтарлық көрмесін, оқысын, оң, солын танысын деп қара терге малынған қайран әкелер! Осы қасиетіне орай Алла Тағала әкелердің отбасындағы рөлін бір саты жоғарылатып: «...Дегенмен еркектер әйелдерден бір саты жоғары үстемдікке ие. Осының бәрі Алланың құдіреті, даналығы арқылы орындалып жатады»,[1] – дейді.

Халқымыз әкенің отбасындағы басшылық рөлін құрметпен бағалап, «еркек – бас, әйел – мойын» деген. Әкеге шаңырақтың төрінен орын берген. «Отағасы» деп сыйлап, әке үкімін «айтылған сөз – атылған оқпен» тең көріп, қарсы шықпаған. Ақ жаулықты аналар да отағасының мәртебесін үнемі асқақтата көтеріп отырған.

Қазақ даласының тұрмыс-тіршілігінің айнасы іспеттес болған «Абай жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов аналардың даналығын былайша суреттейді: Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен бала Абай өзін күтіп тұрған туыстарын көреді. Бойын сағыныш билеген ол аттан түскен бетте амандасу үшін анасына қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар топқа қарай адымдай жөнеледі. Осыдан келіп баланың көзінде әке асқар тауға айналса, әкенің көңілінде қайырымды ұрпаққа деген сүйіспеншілік алаулаған.

Шаңырақтың алтын босағасы, киелі тұтқасы – аналар. Халқымыз аналарды да аса құрметтеп қастерлеген. Ардақты аналарымыздың жүгі қай кезде де жеңіл болмаған. Олар өзінің жаратылысында адалдығы, еңбекқорлығы, шыдамдылығы, сезімталдығы, қанағатшылдығы, мейірімділігі, инабаттылығымен қандай қиындықты болса да табандылықпен жеңе біліп, жарқын болашаққа жол ашқан. Осы қасиеттерімен қазақтың сөз өнері мұрасының алтын қорынан іргелі орын алған Құртқа, Қарлыға, Баян, Ақжүніс, Қарашаш, Еңлік, Жібек, Домалақ ана, Айша бибі, Бопай ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды көптеген дана әрі дара тұлғалы аналарымызды халқымыз құрметтеп жырға қосқан, істерін өнеге, жолын нысаналы мәре етіп көрсеткен. Анаға деген сүйіспеншілікті асыл мұралар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған. Батырлар оның алдында тізе бүгіп, небір марқасқа жандар ананың елі, жері, ұрпағы үшін көрсеткен жанкештілігіне тәнті болған. Ананы отбасының тынысына, елдің ырысына балаған.

Исі мұсылман халқымыз отбасында имандылық тәрбиемен көсегесі көгеріп ананың ақ сүтін ақтауды өзіне борыш санаған. Ананың көңіліне кірбің түсіріп, тілін алмауды, дауыс көтеруді кешірілмес күнә деп білген. «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» деген.

Батыр мінезді, кемеңгер Құнанбай қажының өзі бойындағы имандылық тәрбиенің ықпалымен әрбір ісін қарт анасының батасымен бастаған. Осы орайда «Абай жолы» эпопеясына қайта оралып, мына көрініске назар салайық: «Ұлжанның үйінің түстігіне, Күнке, Құдайберді, Айғыздар да жиналып отыр еді. Құнанбай Зереге қарап отырып, осы барлық туысына арнап аз сөз айтты. Онысы – ұзақ жолда көңіліне көп келген мұң-уайымының үлкені еді.

Құнанбай өз басының жалғыздығын осы жолы қатты аңғарыпты. Аға, ініде серікке жарар медеу жоқ. Баланы ойласа, бәрі де жас. Және бір өкінгені – көп баланы үйлендіріп, немере сүйетін шағына жетсе де, сол қызықты өзіне-өзі іркіп, кешеңдетіп кепті. Енді сүйтіп, балаларының қызығын көрмек.

Бұған Зере бастаған бар шеше қуаныш айтқаннан басқа қарсылық білдірген жоқ».

Міне, осылайша атам қазақ ананың отбасындағы орнын сыйлап, қастерлеп, мерейін асырған. Көңіліне қуаныш ұялатып, ақ батасын алуға талпынған. «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың қаһары – ата-ананың ашуында» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисін өмірлік бағдаршамына айналдырған.

Қазақы мұсылман отбасында ата-ана шаңырақтың шамшырағы, әрқайсысы өзіндік шоқтығы биік тұғырымен отбасының ұйытқысы. Алла Тағаланың адам баласына сыйлаған құнды нығметі. Осы нығметтің қадірін жете түсінген халқымыз: «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас» деп түйінді тұжырым жасаған

Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамда әке-шеше мен балалар арасындағы қарым-қатынаста көптеген келеңсіздіктер байқалып жүргені жасырын емес. Әке мен шешенің арасын тек дүниелік мақсаттар байланыстырып, баланың тәрбиесі балабақша мен мектеп табалдырығынан ары аса алмай, кенжелеп қалды.  Бойға берер жылуы жоқ қатал қоғамның тәрбиесімен мейірімге өгей өскен балалар әке-шешесіне тілазар, дауыс көтеріп, сөз қайтарудан қымсынбайтын, тіпті қол жұмсаудан тайынбайтын дәрежеге жетті. Ата-анасының жылы алақанын сезіне алмаған баланың көңілі жетім, қартайғанда баласынан мейірім-шапағат көре алмаған ата-ананың өзі жетім күйге түсті.

Өзіңнен туған ұл мен қыз
Сыйламаса сол қайғы, – деп Төле бидің айтқанындай, қара шаңырақ мұсылмандық қасиетінен айрылып, көңілдерді мұң басты. Үлкенді сыйлау бар болғаны сөз жүзінде қалды. «Ата-анаң жынды болса байлап бақ» деп үйреткен халқымыздың тарихында әке-шешесін қарттар үйіне, далаға тас-тау деген жаман әдет бұрын-соңды болмаған еді. Мұсылмандықтан алшақтаған қоғамның қажеттілігіне орай қарттар үйі ашылып, ішін сәбидей жаутаңдаған қауқарсыз қарттармен толтырып қойдық. Бұл – рухани тұрғыдан құлдырауымыздың белгісі емес пе?! Ата-ананың қадірін білмеген қоғам ұрпағынан сый күтпесін. Ұрпағымыз бесіктен белі шықпай жатып тілазарлық етпесін десек ата-анамызға деген сый-құрметімізді ой елегінен өткізгеніміз абзал. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Сендер әкелеріңе (ата-аналарыңа) жақсылық жасаңдар, балаларың да сендерге жақсылық жасасын»,[2] деп ғұмырлық өсиет етті.

Ата-анамызға көрсеткен сый-құрметіміздің өтеуі балаларымыздан қайтатынын мәлімдейді. Құран кәрімде айтылғандай: «Жақсылықтың нәтижесі жақсылықтан басқа болушы ма еді?»[3].

Бұл – құдіреті күшті Алла Тағаланың орнатқан заңы. Олай болса, шаңырағымыздың керегелері сыйластықпен керілсін десек, отбасымызға бақ қонып, берекесін берсін десек, ата-анамыздың алдында құрақ ұшып, мерейін өсірейік. Олардың ризашылығына бөленіп, ақ батасын алайық.

Ә.Алымуддинұлы

 


[1] «Бақара» сүресі, 228-аят
[2] Табәрани. әл-Мужәмул-Әусат. I, 299-б.
[3] «Рахман» сүресі, 60-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру