Пайғамбар (ﷺ) мешітіне қатысты қызықты деректер

12 шілде 2019 18978 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға һижрет еткеннен кейінгі ең ірі жұмыстарының бірі сол қалада салған мешіт құрылысы болатын.  Бүгінгі таңға дейін бүтін жеткен Мәсжид ән-Нәбәуи мешітінің салынуына Алла Елшісі (с.ғ.с.) үлкен күш-жігерін сарп етті. Сондай-ақ, Ислам сәулеті тарихында мешіт үлгісінің қалыптасуына септігін тигізді. Алғашқы кезде фунционалдық тұрғыдан өте қарапайым және ыңғайлы болды. Ислам ғалымдарының пікірінше, Мәсжид ән-Нәбәуи ең мүбәрак үш мешіттің қатарына кіреді.

Мәдина қаласы

Хижрет кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тарапынан болашақ мешіттің салынатын орны белгіленді. Сосын Рабиүл-әууал айында биіктігі 3 шынтақ келетін мешіттің алғашқы іргетасы қаланып, Шәууал айында аяқталды. Яғни, мешіт құрылысы сегіз ай жалғасты. Алғашқыда балшық кірпіштен жартылай төбесі ашық үлгіде жасалды. Ол адам бойындай (60х70) биіктіктегі қабырғалармен қоршалды. Ауданы 1022 м² болған мешітте шамамен 2 000 адам құлшылық ете алатын еді. Оған үш есіксалынып, құбыласы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кеңесімен Иерусалимге қарай бағытталды. Қабырғаның Оңтүстік-шығыс бөлігіне Айша анамыз бен Сәуда анамыз үшін мешітке кіретін екі есігі бар бөлме салып берді. Кейіншелік бөлмелер саны тоғызға артты[1].

Мешіт салу ісіне Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.)  бастап барлық сахабалар белсенді араласты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  тас пен кірпішті арқалап тасыды. Құрылыс барысында Алла Елшісінің (с.ғ.с.)  кірпіш арқалап бара жатқанын көрген бір сахаба: «Уа, Расулулла! Маған беріңіз, кірпішті мен көтерейін», – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  оған өте нәзіктікпен өзінің де мұндай сауапты істен құр қалмауға тырысып жатқанын айтып, кірпішті бермеді. Әлгі сахабаға да тас тасуына кеңес берді.[2]        

Мәсжид ән-Нәбәуидің салынуында ең көп жұмыс істегендердің бірі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі еді. Ең үлкен тастарды көтеріп, ұсталарға апарып беретін. Тас, кірпіштерді тасып жүріп бұл істің құндылығын, берілетін нығметтер туралы айтып, сахабаларына күш-жігер беретін.   

Мәсжид ән-Нәбәуидің қабырғалары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде де, одан кейінгі кезеңдерде де үнемі жаңарып отырды. Біз енді осы уақытқа дейін күрделі жөндеу және кеңейту жұмыстарын хронологиялық жүйе бойынша тізбелеп көрейік:

1. Ең алғашқы кеңейту жұмыстары хижри жыл санауы бойынша 7-жылда (628 ж.) Хайбар шайқасы кезеңінен бастап жүргізілді. Құбыла жағы үш бағыттан 100x100 шаршы метр көлемінде 7 зираға үлкейтілді. Қабырға қалыңдығы 1,5 зираға (74 см) артып, биіктігі 7 зираға (345 см) дейін көтерілді. Намаз оқитын алаңқайдың сыртын пальма бұтақтары мен жапырақтары көмкеріп тұрды. Хижреттің 8-жылында құрма ағашынан үш баспалдақты құтпа оқитын мінбер салынды.[3]      

2. 628 жылы Хазіреті Омардың кезінде қақпа есіктері 6-ға көбейді. Және де қабырға биіктігі 11 зираға дейін (543 см) артты.

Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінің макеті

3. Хазіреті Осман өз дәуірінде Мәсжид-ән Нәбидің кеңейту жұмыстарына үлкен қаржысын жұмсады. 29 жылдың Рабиүл-әууал айында (649 жыл, қараша) қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, 30 жылдың Мұхаррам айында аяқталды. Нәтижесінде, мешіт ені 5061 шаршы метрге кеңейді. Құрылысқа жонылған тастар мен әк қолданылды.

4. Халифа Рашидің дәуірінен соң, Әмәуилер халифаты Уәлид Әбдулмәліктің кезінде мешітте ешқандай өзгеріс болған жоқ.  Тек хижри 87-88 (707-708 жж.) жылдары Медина губернаторы Омар Әбдулазиз мешіт құжыраларына бірнеше түзетулер енгізді. Аталмыш түзету жұмыстарында Халифа Византия императорынан арнайы мамандар алдырды. 100.000 алтын беріп, 40 мозаика шеберлері мен 100 ұста шақырды. Үш жақтан кеңейтілген мешіт алаңы шамамен 7500 шаршы метрге жетті. Барлық қабырғаларға жонылған тастар қолданылды. Сонымен қатар, алғаш рет мешіттің қосымша бөлшектері салынды. Олар: мұнара, тауаша стиліндегі михраб және құбыла жақтағы қабырғаға «Шәмс» сүресінен бастап Құранның басқа да сүре, аяттарын жәли (ірі жазу) үлгісімен жаздырды.   

5. Аббаси халифаларынан болған Мехди-Биллә хижри 160 (777 ж.) жылы Мединаға зиярат ету кезінде мешіттің жеткіліксіз болған тұстарын байқап, жаңа кеңейту жұмыстарын жасауды ұйғарды. Ол 162-165 (778-782 жж.) жылдар аралығында өтті. Мешіт алаңы 9309 шаршы метрге дейін кеңейіп, бағаналар саны 290-ға жетті. Құбыла жақтағы қабырғаға арнайы безендіру жұмыстары жүргізіліп, астыңғы бөлігі мәрмәрмен қапталды. Ал, жоғарғы жағы керемет мозаикалармен көмкерілді.

6. Хижри 460-654 (1068-1256 жж.) жылдар арасында кейбір жер сілкіністері мен өрттер себепті Халифа Мүтасим-Биллә тарапынан мешітте жүргізіліп жатқан кейбір жұмыстар тоқтап қалады. Сондықтан Мәмлүктер дәуіріне дейін түзету жұмыстары жалғаспады. Ал, кейінірек Сұлтан Мәлік Мансұр Әлиден басталған жөңдеу жұмыстары хижри 668 (1269-1270 жж.) жылы Сұлтан Бейбарыс тарапынан аяқталды. 

7. Алғашқы ағаш күмбез Сұлтан Калаунның тарапынан бой көтерді. Ал, Сұлтан Кайтбай хижри 881 (1476 ж.) жылы мешіттің күмбезі мен кейбір жерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізді. Хижри 886 (1481 ж.) жылы найзағай түсіп, мешіттің кейбір бөлшектері зиян шекті. Ал, оны түзету хижри 888 (1483 ж.) жылға дейін жалғасты. Осының нәтижесінде мешіт алаңы 9429 шаршы метрге ұлғайды.

Пайғамбар (с.ғ.с.) мешіті. Жылы белгісіз

8. Қасиетті Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінің жөндеу жұмыстары түркі Османлылар дәуірінде өте жоғары дәрежеде ілгеріледі. 9 жыл жүргізілген модернизациялау жұмыстарынан соң, Осман империясының басқа да сұлтандары әр кезеңде ірілі-ұсақты жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырды. Сұлтан II Махмұт билік еткен тұста қасиетті құжыралардың жоғарғы бөлігіндегі тас күмбездер қайта жаңартылып, жасыл түске боялды. Мәсжид ән-Нәбәуидің көлемді жөндеу жұмыстары сұлтан Әбдулмәжит дәуірінде жасалды. Хижри 1266 (1849 ж.) жылдың басында 14 ғасырдан бері жөнді қалпына келтірілмеген мешіт жұмыстарына арнайы инженерлер құрамасын жұмылдырды. Ол 1277 (1861 ж.) жылы аяқталды.[4] Оның нәтижесінде мешіт алаңы 10.939 шаршы метрге ұлғайып, алдыңғы бөлігі мен кіреберіске 327 бағана қойылды. Ал, құбыла жақтағы бағаналар саны 12-ге артты.Бес есікті болған Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінің едендері мәрмәрмен қапталды. Бағаналар алтынмен безендірілсе, құбыла жақтағы қабырғаларға Осман стиліндегі шынылар қойылды. Каллиграфия шебері Абдулла Зухду тарапынан 3 жыл жүргізілген жұмыс нәтижесінде мешіттің бүкіл күмбезі, құбыла жақтағы қабырғасы, қақпалардың жоғарғы жағы мен михраб бөлігі сұлу да әсем жәли үлгісі арқылы (ірі жазу) Құран аяттары мен хадистер жазылды. Бұл ірі жөндеу жұмыстарында Стамбул мен Мысырдан қажетті материалдарды әкелу үшін 700 000 лира жұмсалыпты.

Пайғамбар (с.ғ.с. мешіті. 1890 жыл

9. Саудиялықтар дәуірінде 1949-1955 жылдары арасында жаңа кеңейту жұмыстары нәтижесінде мешіт алаңы 16.326 шаршы метрге артты. Сонымен қатар, 232-ден аса жақтаулар салынды. 

10. Мәсжид ән-Нәбәуидің тарихындағы ең көлемді кеңейту жұмыстары 1984-1994 жылдар аралығында жүргізілді. Оған сәйкес, мешіт алаңы 98. 326 шаршы метрге ұласса, ғибадат залы 67.000 шаршы метрге ұлғайды. Мәрмәрмен қоршалған мешіт ауласының ені 235.000  шаршы метрге жетіп, бір мезетте 650.000  адам намаз оқып, құлшылық ете алатындай деңгейге жетті. Мұнаралар саны сол күйінше қалып, жертөлелер көлік тұрағы ретінде пайдаланыла бастады.

Пайғамбар (с.ғ.с.) мешіті. 2016 жыл

Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінің айналасын кеңейту әлі де жалғасын таппақ.  Ол 2 миллионнан астам адам бір уақытта еркін ғибадат жасайтын орынға ие болмақ. Қазіргі таңда мешіттің 41 жерден кіретін есіктері бар.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірі

Мәсжид-ән Нәби мешітін кеңейту жұмыстарын бастау салтанатты түрде өтіп те қойған. Аталмыш шарада Абдулла король келешекте әдемдегі ең үлкен мешіт саналатын орынның алғашқы тасын қойды. 2040 жылға дейін созылатын 3 сатылы кеңейту жобасының алғашқысында 800 мың адамдық орын салынбақ. Кеңейту барысында Мәсжид ән-Нәбәуидің айналасында орналасқан кейбір ғимараттар бұзылады.  Мемлекет қарамағына көшкен жердің иелеріне 6,5 миллион долларға жуық қаржы қарастырылған[5].

Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ

 


[1] Ибн Сад.  Табакатул-Кубра. I, 239.
[2] Семхуди. Вефаул-Вефа.  I, 333.
[3] Ибн Сад.  Табакатул-Кубра. I, 254.
[4] http://www.ehlisunnetbuyukleri.com/Islam-Tarihi-Ansiklopedisi/Detay/MESCID-I-NEBI/509
[5] Ariffin Syed Ahmad Iskandar Syed Architectural Conservation in Islam : Case Study of the Prophet's Mosque — Penerbit UTM, 2005. — P. 88–89,109.     

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру