Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүю

02 қараша 2020 5982 0
Оқу режимі

Кез келген нәрсенің қадірін түсінбей жатып, оны сүю ақылға сыйымсыз. Сол сияқты, Пайғамбарды сүю хақында сөз қозғамас бұрын, алдымен оның діндегі функциясын ұғынып алған жөн шығар.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) міндеттеріне Аллаға және басқа да Ислам негіздеріне иман келтіру, Жәбірейіл (ғ.с.) арқылы Алладан келген уахиды алып, оны адамзатқа жеткізу, халықты Ислам дініне шақыру, уахи арқылы келген Құранды түсіндіру, діннің үкімдерін әуелі өзі орындап, мұсылмандарға оны орындауды бұйыру және т.б. жатады.

Сондай-ақ, ол Құранның жасырын қалған тұстарын ашады. Мәселен, Алла Тағала Құранның көптеген жерлерінде «…намаз оқыңдар…» деп, біздерге намазды парыз етті. Сонымен қатар Құранда «…рукуғ етушілермен бірге рукуғ етіңдер…», «…Аллаға сәжде етіңдер…» деген сияқты аяттар болғанымен, намазды бүтіндей түсіндіретін «ашық» аят жоқ. Бұл жағдайда біз хазрет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нақты хадистеріне жүгінеміз. Алланың елшісі көптеген хадистерінде намаздың қалай оқылатындығын айтқан, тіпті «Мен қалай намаз оқысам, сендер де солай намаз оқыңдар»[1], – деп, іс жүзінде көрсетіп те берген.

Пайғамбар (с.ғ.с.) – Алланың құлы әрі елшісі

«Алладан өзге табынуға лайықты құдайдың жоқтығына және Мұхаммедтің Оның құлы әрі елшісі екендігіне күәлік етемін» деген мағынадағы «Әшһәду ән лә иләһә илләллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деген кәлиманы тілімен айтып, жүрегімен бекіткен кез келген адам мүмин-мұсылман болады. Адамды Ислам нұрына бөлейтін бұл қасиетті кәлима екі негізгі түсінікті қамтиды:

1)      Алланың барлығы мен бірлігі
2)      Хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алланың құлы әрі елшісі екендігі

Бұл кәлиманың бірінші бөлігін ғана айтумен адам мұсылман бола алмайды. Бұл кәлиманың өзі – «бізге Құран ғана жетеді, хадистің қажеті жоқ» деген сенімдегі Құраншыларға қарсы бұлтартпас дәлел. Себебі, Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) иман келтіру оның жолымен (сүннет) жүруді міндеттейді. Құранның өзінде: «Елші сендерге нені әкелсе (бұйырса), алыңдар (орындаңдар). Ал енді қандай нәрседен тыйса, тыйылыңдар»[2]«Аллаға бағыныңдар және пайғамбарға бағыныңдар және іштеріңдегі басшыларыңа да (бағыныңдар)»[3], – деп, пайғамбарға мойынсұнуға шақырады.

Соңғы аятқа назар аударыңыздаршы. Ол аятта «бағыныңдар» деген сөз Алла пен пайғамбар екеуіне арнайы екі рет келтірілген. Ал, ішіміздегі басшыларға «мойынсұну» сөзі айтылмай шылау (атф) арқылы берілген. Бұдан тәпсірші ғалымдар басшыларға Аллаға қарсы келмеген жағдайда ғана бағыну қажет болса, ал пайғамбарға мойынсұну абсалютті тұрғыда атқарылуы керектігін айтады. Себебі «Ол ойынан еш нәрсе айтпайды, оның атқан сөзі тек қана (Алладан келген) уахи»[4]яғни Ол Аллаға мүлде қарсы келмейді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) – Алланың құлы. Жоғарыдағы кәлимада «Алланың Елшісі әрі құлы» емес, «Алланың құлы әрі Елшісі» делініп, Оның құлдық функциясы бірінші кезекке қойылып отыр. Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)«…Мен Аллаға көп шүкір ететін құл болмаймын ба?!»[5] – деген мүбарак сөзіне жанымыз құрбан болсын. Ол (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «…Алла мені елші етпес бұрын, алдымен Өзіне құл қылып алды», дейді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) – үлгілі ұстаз

Иләһи (тәңірлік) яғни Алладан келген діндердің барлығында «ұстаздық жүйе» айқын көрініс табады. Алла Тағала ешқандай періште немесе елші (пайғамбар) жібермей-ақ, дінін біздерге тікелей Өзі жеткізе алушы еді. Әр нәрсені хикметпен істеуші Хақ Тағала дінді адамзатқа бір пайғамбар арқылы, тіпті әлгі пайғамбардың өзіне періште арқылы жеткізуінде, әлбетте, бір сыр болуға тиіс. Құлға тән келте ақылымыздың өзімен мұның жоғарыда айтқандай ұстаздық жүйе екендігін түсіне аламыз.

Сол діндердің бірі, әрі ең соңғысы – Ислам. Жәбірейіл (ғ.с.) Хира үңгірінде хазрет Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, алғашқы Құран аяттарын түсіріп, Ислам дінінің негіздері қалыптаса бастады. Осылайша діннің үкімдері толықты. Сол үкімдердің ішінен құлшылықтың сұлтаны – намаздан мысал берумен шектелсек. Аталмыш періштенің Алла елшісімен бірге әуелі бесін, сосын асыр, ақшам, құптан және таң намазын оқығандығы бізге сахих риуаяттармен жеткен. Демек, Жәбрейіл (ғ.с.) хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) ұстаздық еткен. Жәбрейілдің шәкірті хазрет Мұхаммед – біздің ұстазымыз 

Ұстаз саналатын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) – үмметіне жол көрсетуші тұлға. Ол «анықтама бюросының» қызметкері емес. Яғни, жай ғана жол көрсетпейді, сол жолда қалай жүруді үйретеді. Тек қана қалай жүруді үйретпейді, өзі жүріп көрсетеді, көрсетумен бірге шәкірттерімен қатар жүреді. Себебі өзі де жолаушы. Ол хат әкеліп, түрімізді де көрмей, хатты жәшікке салып кететін пошта қызметкері де емес. Ол дін түсе бастаған кездегі адамдар арасында жүретін елші.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаратқан Иеміз тарапынан үмметіне үлгі ретінде жіберілді.

Ол қасиетті кітабы Құранда: «Күдіксіз Алла және ақірет күнінен үміттілер – сендерге Алла елшісінің бойында жақсы өнеге бар»[6], – деген.

Аяттағы «өнеге» ұғымы мұсылман өмірінің кез келген қырын қамтиды. Яғни хазрет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  бізге мейлі дін мәселесінде болсын, мейлі дүние-тіршілігіміз болсын, жалпы күллі іс-әрекетімізде үлгі-өнеге болып табылады.

Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүю

Алла Тағала: «(Ей Мұхаммед,) «Егер сендер Алланы сүйетін болсаңдар, менің соңымнан еріңдер, сонда Алла да сендерді сүйіп, күнәларыңды кешеді. Алла аса кешірімді, ерекше мейірімді» деп айт»[7], «Егер де сендерге әке-шешелерің, балаларың, бауырларың, жұбайларың, руларың, жыйған мал-дүниелерің, зиянға ұшырайды (банкрот болады) деп абыржыған саудаларың Алла және Оның елшісінен артық болса, Алла өз ісін (жазасын) әкелгенге дейін күтіңдер. Алла күнәһар топты тура жолға салмайды»[8], –  дейді.

Бұл екі аят дінімізде Жаратушыны сүю негіздерінің бірі болып есептеледі. Абай хакім «Махаббатпен жаратты адамзатты, Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп жырлайды. Жалпы «сүю» дерексіз ұғым. Оны біз тек белгілері, нышандары арқылы ғана ұғамыз. Мәселен «Отанды сүю» дерексіз. Кез келген адам өз Отанына деген сүйіспеншілігі мен ыстық лебізін оның нышандарын сыйлап, қастерлеу арқылы көрсетеді. Дәл сол сияқты Алланың да нышандары (шәъаир) бар. Жаратқанды сүюдің белгісі, жоғарыдағы аятта айтылғандай Оның елшісіне бағыну. Ал, пайғамбарға бағыну үшін оны тануымыз керек. Оны таныған сәтте ерекше көркем мінезінің алдында бас иіп, оны сүймеу мүмкін еместігін түсінеміз. Бұдан келіп туындайтын нәтиже: Алланы сүю дегеніміз пайғамбарды сүю. Көзімізбен көре алмаған Алланы сүю деректі пайғамбарды сүюмен іске асады. Міне осылайша пенде Алланы шын мәнінде сүйетіндігін дәлелдейді. Сондай-ақ бұл айтылған ойды тек қана пайғамбарды сүйсе жеткілікті, Алланы арнайы сүюдің қажеті жоқ деп түсіну қате екендігін айта кеткен де жөн. Біздің айтпақ болғанымыз пайғамбарды сүю Алланы сүюге жетелейді деген ой ғана.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахаба Әнас ибн Мәликтен (р.а.) риуаят етілген хадисінде былай дейді: «Кімнің бойында (мына) үш қасиет табылса, иманның дәмін (хадисте «тәттілігін» деп өтеді)татқан болады: оған Алла және оның елшісінің өзгелерінен артық болуы, адамды Алла үшін сүюі және күпірлікке қайтуды отқа тасталуды жек көргендей жек көруі»[9].

Бұл хадистің түсіндірмесін жазған әл-Асқаләни атақты тәпсірші әл-Бәйдауидің мына бір сөзін келтіреді: «Бұл жердегі сүюдің мұрат-мағынасы ғақли сүю. Ғақли сүю дегеніміз, сау ақылдың таңдаған нәрсесін, нәпсінің қалауларына қайшы болса да, басқа нәрселерден жоғары қою. Бұл дәріні сезім мүшелерімен қаламай, одан жиіркеніп, соңында ақылының айтқанына құлақ асып, оны қабылдауға шешім қабылдаған аурудың мысалындай. Пенде пайғамбар оған бір нәрсені бұйырарда немесе одан тыярда, оның осы дүниеде игілікке жетуін немесе ақіретте азаптан құтылуын қарайлағанын бір сәт ойлар болса, нәпсінің емес, Оның дегенімен жүріп, бұдан ол ғақли ләззат ала бастайды. Себебі, ақылдың ләззат алуы кәміл әрі хайырлы нәрселерді сезінумен іске аспақ»[10]. 

Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүюдің белгісі – Оған салауат айту

Құран Кәрімде «Расында, Алла және оның періштелері пайғамбарға салауат айтады. Ей, иман келтіргендер Оған салауат айтыңдар және көркем түрде сәлем беріңдер»,[11] – делінген.

Алла Тағала және Оның есебіне сан жетпес періштелері Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бостан-босқа салауат айтпаса керек. Олар сүйгендеріне ғана осынша құрмет көрсетеді. Алла Тағала Мұхаммедті (с.ғ.с.)  сүйген болса, Хабибулланы (Алланың сүйіктісін) біз де жақсы көруге тиіспіз. Хақ тағаланың аятын «Ақиқатында Алла және Оның періштелері пайғамбарды сүйеді, сондықтан Оған салауат айтады. Ей, иман келтіргендер Мен және періштелерім сүйген пайғамбарды сендер де сүйіңдер, әрі Оған салауат-сәлем айтыңдар» деп түсінуге де болады.

Күндердің күнінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) намаздан кейін Аллаға мақтау (хамд) айтпай, елшісіне салауат оқымай дұға жасаған адамды көріп, «Бұл адам асықты», – деді дағы, әлгіні жанына шақырып, оған былай деп айтты: «Іштеріңде біреуің дұға ететін болса, алдымен Аллаға мақтау айтсын, сосын Пайғамбарына салауат оқысын. Одан кейін қалағанынша дұға етсін»[12].

Тіпті хазрет Омар (р.а.): «Дұға аспан мен жердің арасында тұрады. Расулуллаға (с.ғ.с.) салауат айтылмағанынша Алланың құзырына бармайды»[13], – дейді.

 Пайғамбарды сүю (с.ғ.с.) – иман кәмілдігінің бір белгісі

Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде «Араларыңдағы біреуің мен оған өзінің әке-шешесінен, баласынан және де күллі адамзаттан артық көрмейінше, иман келтірген болып есептелмейді»[14], – деген.

Бұл хадис Алла Елшісін (с.ғ.с.) сүюді иманға балап тұрған жоқ па?

Осы ретте тақырыбымызға қатысы болмаса да, мағызды бір мәселенің басын ашып кеткіміз келеді. Ол аталмыш хадистегі «…Иман келтірген болып есептелмейді» деген сөзге қатысты. Ибн Хажар әл-Асқаләнидің «Сахих әл-Бухариге» жасаған түсіндірмесі «Фәтхул-Бәри» атты іргелі еңбегінде: «сәлаф ғалымдар амалды иманның дұрыстығының емес, «кәмілдігінің» шарты санаған» дегенді айтқан[15]. Ал егер амал иманның дұрыстығының шарты болғанда, әрбір дін амалын жасамаған пенде мүмин-мұсылман емес, кәпірге айналар еді. Бұл ойды муғтәзила ағымы мен хауариждер ұстанды. Амалды иманның кәміл болуының шарты деп есептесек, амал етпеген адамды иманы әлсіз, кәміл бола алмаған мұсылман адам деп санау қажет. Мәтуриди мәзһабы осы бағытты ұстанады. Бұған сәйкес хазрет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл және басқа да хадистерінде өткен «…иман келтірген болып есептелмейді» немесе «…бізден емес» деген сөздерді әһлу сунна ғалымдары «иманы кәміл емес» деп жорамалдайды (тәъуил). Ал енді қазіргі кезде кейбір бауырларымыздың намаз оқымай, ораза ұстамай жүрген күнәһар мұсылман адамды «мұсылман емес» деулеріне жол болсын. Біз нағыз сәлаф-әһлу сунна ғалымдарының ізімен жүретін болсақ, мұндай адамды кәпір деп есептемеуге тиіспіз. Сондықтан жоғарыдағы хадистегі «…иман келтірген болып есептелмейді» деген сөзді де «иманы кәміл емес» деп ұққанымыз жөн.

Хазірет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің сахабаларына құстың ұлпасындай жұмсақ еді. Аятта «(Ей, Мұхаммед,) Алланың рахметінің арқасында сен оларға жұмсақ мәміледе болдың. Егер де сен қатал, тас жүрек болғаныңда, олар айналаңнан тарқап кетер еді»[16], – делінген.

Студеттік жылдарда Мухаммед Фуад Абдулбақидің «әл-Лүълүъ уәл-марджан» деп аталатын муттафақун алейһ хадистерді жинақтаған кітабын оқып отырып, бір сахабаның хазрет Мухаммедтің (с.ғ.с.) артына есекке мінгескені жайында бір хадис көрдік. Жанымдағы жолдас бала: «Пайғамбармен (с.ғ.с.) бір есекке мінгескен болса, бұл сахабаның «арманы жоқ» екен», – деп қалды. Пайғамбармен (с.ғ.с.) бір есекке мінгеспесек те, бұл жалғанда Аллаға иман келтірген болсақ, соңғы демінде «үмметім, үмметім» деп өткен жүрегі кең сүйікті Пайғамбарды (с.ғ.с.) сүйіп өтсек, «арманда» қалмасымыз анық.

Қанат Жұмағұл


[1] Бұхари.
[2] «Хашр» сүресі, 7-аят.
[3] «Ниса» сүресі, 59-аят.
[4] «Нәжм» сүресі, 3-4 аяттар.
[5] Бұхари.
[6] «Ахзаб» сүресі, 21-аят
[7] «Әли Имран» сүресі, 31-аят
[8] «Тәубе» сүресі, 24-аят.
[9] Бұхари.
[10] Ибн Хажар әл-Асқаләни, «Фәтхул-Бәри ли шәрхи сахихил-Бухари», Бәбу хәләуәтил-иман
[11] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.
[12] Тирмизи, Дәъауәт, 64.
[13] Тирмизи, Уитр, 21.
[14] Бұхари.
[15] Ибн Хажар әл-Асқаләни, «Фәтхул-Бәри ли шәрхи сахихил-Бухари», Иман кітабына кіріспе.
[16] «Әли Имран» сүресі, 159-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру