ПІРГЕ ҚОЛ БЕРУ
Пірге қол беру мәселесі шариғатта құпталған. Бірақ өзінідік шарттары бар. Себебі, ол шарттар орындалмаса қате пікірге кетіп соңы адасушылыққа алып барады. Ендеше пірге қол берудің қайдан шыққанына тоқталар болсақ ғалымдарымыз оны Пайғамбарымызға (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) уахи келіп жер жүзін қараңғылықтан жарыққа шығарғаннан кейін өзіне иман етіп мұсылман болған сахабаларынан (оларға Алла разы болсын) серт алады. Міне осы кезден бастау алатынын жеткізеді. Кейін Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) халифа болып сайланғанда басқа сахабалар серт бергендігін кітаптардан көреміз. Оны тарихта биат ету дейді. Олай болса пірге қол берудің мағынасы серт беру, сөз беру, басшы таңдау дегенге саятынын көреміз.
Енді бұл мәселенің негізіне үңілер болсақ дін сенім, ғибадат, ахлақ деп үш негізден тұрады. Ахлақ пенденің ішкі жан дүниесін зерттейді оны шариғат тілінде тасауф деп атайды. Пірге қол беру осы тасаууфқа қатысты. Имам Ғазали: «Сопылық жол Алла разылығына бөленуде ең негізгі жол екенін анық көз жеткіздім. Олардың өмір жолдары, мінездері ең таңдаулы әрі өнегелі. Шариғат сырларына қанық ислами мінез-құлықты таныған адамдар олардың бойларынан мін табу қиын. Ішкі сыртқы көрністері Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) нұрынан нәр алғандай» дейді.
Адам жүрегі мұхит іспеттес. Мұхит сулары кейде тыныш, кейде өте қорқынышты. Сондықтан ондай жағдайда кемені тәжрибелі капитан басқармаса діттеген жеріне жету бұлыңғыр болмақ. Сопылық жолды ұстанатын ғалымдар «руханият жолында ілгерілеген мүмин көптеген құбылыстарға жолыға бастайды» дейді. Олай болса өзінің нәпсісін тәрбиелейтін адам да алдынан кездескен мәселелер рухани ма, жоқ шайтани ма екендігін ажырату қиынға соғады. Міне сол кезде жол көрсететін мүршидтің қажеттілігі керек болады. Ол адамның бойынан мына сипаттар көрінетіні туралы кітаптарда келеді:
- Құранмен сүннетті толық ұстанады.
- Айтқан сөздерімен, халдерімен Алланы еске түсіреді. Өйткені олар Пайғамбардың ахлағымен безенген. Әбубәкір кердері атамыз бұл турасында:
Сопылық жол ауыр жол,
Ұстап көрсең тәуір жол,
Сопылықты ұстансаң,
Оқыған көп ғалым бол, - деп, сопылықтың ілімсіз болмайтынын шегелеп айтып кеткен. Сондықтан мүршит үлкен ғалым болумен қатар сөзіне амалы сай болуы керек. Пірге қол беру мәселесінде үлкен ғалым Рамазан Әл-Бути бір сұқбатында «Егер ақиданы, фиқһты, тасаууфты жақсы білетін адам тапсам, барып қол берер едім. Өкінішке орай оң жағыма қарадым, сол жағыма қарадым ондай адам таппадым»,-деген екен. Қорыта айтар болсақ, ислам пірге қол беруді жоққа шығармайды. Бірақ ғалымдарымыз ол адам ақидасы тура, фиқһты жеттік меңгерген, іліміне амал ететін болуы керектігін нақтылап айтқан. Ең дұрысын Алла білуші.
С.Хаманұлы,
«С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы
Дереккөз: muslim.kz