Қадір түнін сүннетке сай күту

06 мамыр 2021 9626 0
Оқу режимі

Алла Тағала Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетін басқа пайғамбарлар халқынан бірқатар қасиеттермен ерекшелендірген. Соның бірі Алланың сөзі – Құран Кәрімді түсірген ең қайырлы түн – Қадір түнін берген.

Құран және басқа да иләһи кітаптардың адамзатқа жіберілген уақыты жайлы мынадай риуаят бар:

عن رسول الله - صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ -: أُنْزِلَتْ صُحُفُ إِبْرَاهِيمَ -عليه السلام- فِي أَوَّلِ لَيْلَةٍ مِنْ رَمَضَانَ، وَأُنْزِلَتْ التَّوْرَاةُ لِسِتٍّ مَضَيْنَ مِنْ رَمَضَانَ، وَالْإِنْجِيلُ لِثَلَاثَ عَشْرَةَ خَلَتْ مِنْ رَمَضَانَ...

«Ибраһимге парақшалар (сухуфтар) рамазанның алғашқы кешінде түсірілді. Таурат рамазанның алтыншы кешінде түсті. Інжіл он үшінші рамазанда түсті. Забур он сегізінші рамазан кешінде түсті...[1]».

Бұл түнде жасалған ғибадат мың түнгі құлшылыққа тең келеді, ал мың ай 83 жыл, 4 айға тең келеді.

Бұл түннің Қадір түні деп аталуы

Оның басты үш себебі бар. Бірі: қадірлі адам, қадірлі қонақ дегендей қадір-қасиет деген мағынаны білдіреді. Екіншісі: өткен жылы болған оқиғаларды жазып, келер жылы болатын уақиғаларды белгілеу. Әрине, Алла Тағала – барлық нәрсені толық Білуші. Алайда, Қадір кешіндегі бір жылдық құбылысты тіркеу – Алланың хикметі.

Үшінші: осы түндегі құлшылықтың ерекше қадірлі болуына байланысты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):   

من قام ليلة القدر إيمانا واحتسابا غفر له ما تقدم من ذنبه

«Кімде-кім Аллаға иманмен, сауабын үміт етіп, Қадір түні құлшылық етсе, өткен күнәлары кешіріледі[2]», – деген.

Қадір түнінің белгілері

1.Шығып келе жатқан күннің нұры адамның көзіне қатты батпайды. Күнге тік қарағанда, көзді ауырпайды. Бұл жайлы Убай бин Кағб (р.а.):

أَنَّهَا تَطْلُعُ يَوْمَئِذٍ لاَ شُعَاعَ لَهَا

«Ол түні таңертең күн шуағы сәулесіз көтеріледі[3]», – деген. Алайда, бұл белгі қалалық жерде аса байқала бермейді. Мұны ауылды жерде дұрыс байқауға болады;

2.Тыныштық. Мұсылман жүрегінде тыныштық пен жан рақаты орнығуы. Басқа түндерден қарағанда Қадір кешінің қасиетін адам жанымен, жүрегімен сезінеді;

3.Қадір түні қатты жауын-шашын, қатты дауылды жел болмайды. Жібектей ескен салқын самал ғана сезіледі.

Қадір түнінің қасиеті

1. Бұл – Құран түскен түн.

إِنَّا أَنْزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ

2. Берекетті де құтты түн.

إِنَّا أَنْزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُبَارَكَةٍ

 «Ақиқатында, Біз оны берекелі түнде түсірдік...[4]».

3. Қадір түні Алла Тағала келер жыл бойына ризық-несібе мен ажалды жазады.

فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ

«Ол түні әрбір хикметті бұйрықтар бөлінеді[5]».

4. Бұл түннің құлшылығы мың айға тең келеді

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ

5. Жер бетіне періштелер жақсылық, берекет, рақымет және кешірім алып түседі.

تَنَزَّلُ الْمَلَائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِمْ مِنْ كُلِّ أَمْرٍ

6. Қадір түні – жамандық атаулыдан таза түн. Бұл түнде құлшылық пен жақсылық еселене түседі. Таң атқанша жер бетінде амандық пен тыныштық үстемдік етеді.

سَلَامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ

7.Қадір түнін құлшылықпен өткізген адам бұрынғы күнәларынан толықтай арылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):   

مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مَنْ ذَنْبِهِ

«Кімде-кім Аллаға иман етіп, сауабын үміт етіп қадір түні құлшылық етсе, өткен күнәлары кешіріледі[6]», – деген

Қадір түнін қалай өткізу керек?

Бұл түнді ешбір пайдасыз өткізушілерді жалпы үшке бөлуге болады.

1. Ұйықтаушы;

2. Таңға дейін көз ілмей отырушы. Бірақ, теледидар тамашалап, әңгіме-дүкен құрып, дастарқан басында тамақтанып таңды қарсы алады. Ең сорақысы, кейбірі ғайбат айту, жамандау сияқты күнә іспен айналысып отырады;

3. Ойын-сауық етіп, жігіт-қыз боп қол ұстасып, түрлі мән-мағынасыз фильмдерді көріп тыйым салынған күнәлі істермен қадір түнін қарсы алады.

Қадір түніне дайындық

Құтты айдың қасиетті Қадір түні – жан дүниені тазартамын деген әрбір мұсылманға таптырмайтын мүмкіндік. Қадір түнін қарсы алушы құлшылыққа ерекше ден қою үшін мына жайттарды жадынан шығармағаны жөн.

1. Әбу Һурайра (р.а.)

أتاكم رمضان شهر مبارك فرض الله عز وجل عليكم صيامه، تفتح فيه أبواب السماء، وتغلق فيه أبواب الجحيم، وتغل فيه مردة الشياطين، لله فيه ليلة خير من ألف شهر من حرم خيرها فقد حرم

«Сендерге Рамазан келді. Бұл құтты айда Алла Тағала сендерге оразаны парыз етті. Бұл айда аспан қақпалары ашылып, тозақ есіктері жабылады. Шайтандар кісенделеді. Бұл айда мың айдан қайырлы түн бар. Ол түннің жақсылығынан құр алақан қалған адам жақсылықтан толықтай мақұрым қалады[7]».

2. Бұл біз үшін ең соңғы Рамазан екенін білсек, қадір түнін қалай қарсы алар едік. Негізінде, бұл Рамазан және бұл қадір түні әрқайсымыз үшін соңғы болуы әбден мүмкін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

أَعْمَارُ أُمَّتِي مِا بَيْنَ السِّتِّينَ إِلَى السَّبْعِينَ وَأَقَلُّهُمْ مَنْ يَجُوزُ ذَلِكَ

«Менің үмбетімнің өмір сүру жасы – алпыс пен жетпістің арасы. Бұл жастан асатындары аз[8]», – деген.

Әуелгі үмбеттердің жасы бірнеше жүзден асатын еді. Мәселенки, Нұх пайғамбар үмбетін 950 жыл ақиқатқа шақырып өткен. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

نَحْنُ الْآخِرُونَ السَّابِقُونَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Біз басқа үмбеттерден ең соңынан келуші үмбетпіз. Бірақ қияметте барлығынан ілгері тұрушы үмбет...[9]», – деген.

Әрине, біздің басқа үмбеттерден оқ бойы озуымыздың сырының бірі – Қадір түні сияқты қасиеттері уақыттар мен қасиетті мекендерде жасаған құлшылығымыз.

Қадір түні – ақшам намазының азанынан бастап таң намазының азаны шақырылғанша жалғасатын мүбәрак та құтты түн.

Сіз он жыл бойы қадір түнін құлшылықпен өткізген болсаңыз, Алланың қалауымен, 830 жыл құлшылық еткеннің сауабын иеленесіз. Міне, осы мүмкіндікті пайдалану уақыты келіп тұр.

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ

Қадір түніне дайындық қалай болмақ керек?

1. Дайындық таң намазынан бастаған абзал. Таң намазын оқып болған соң, хадисте айтылғандай: «Кімде-кім: «Лә иләһә иллә Аллаһу, уәхдаһу лә шәрикә ләһ, ләһул мулку, уә ләһул хамду, уә һуә ъалә кулли шайин Қадир», осы сөздерді күніне жүз рет айтқан адам он адамды құлдықтан азат еткен сауабына тең құлшылық. Оған жүз сауап жазылып, жүз күнәсі кешіріледі. Кеш батқанша бұл сөздер адамға шайтаннан қорған болады. Бұдан да қайырлы адам істепуші тек осы сөздерді еселеп айтумен ғана асып түсе алады[10]»,-делінген

2. Кешке бір адамға болса да ауызашар беруге әрекет жаса. Мұның сауабы жайлы хадисте:

مَنْ فَطَّرَ صَائِماً كُتِبَ لَهُ مِثْلُ أَجْرِهِ لاَ يَنْقُصُ مِنْ أَجْرِهِ شَيْءٌ

«Кімде-кім ораза тұтқанға ауыз аштырса, оның сауабы ораза тұтушынікіндей болады. Бірақ, бұдан ораза тұтушының сауабы кемімейді[11]»;

3. Қадір түні садақа беріңіз. Көп мөлшерде садақа жасау шарт емес, ең басты шарт шын ниетпен берілген болуы тиіс.

مَنْ تَصَدَّقَ بِعَدْلِ تَمْرَةٍ مِنْ كَسْبٍ طِيبٍ وَلَا يَصْعَدُ إِلىَ اللهِ إِلاَّ الطَّيِّبَ , فَإِنَّ اللهَ تَعَالَى يَقْبَلُهَا بِيَمِينِهِ , ثُمَّ يُرْبِيهَا لِصَاحِبِهَا  كَمَا يُرْبِي أَحَدَكُمْ فَلْوَهُ , حَتَّى تَكُونَ مِثْلَ الْجَبَل

«Кімде-кім құрма мөлшерінше, адал кәсібінен садақа берсе, әрине, Алла – пәк және пәкті ғана қабыл етеді. Анығында, ол садақаны Алла қабыл етіп, иесіне өсіріп, көбейтіп береді. Сендер құлынды өсіріп, таудай тұлпар еткендерің сияқты[12]», – деген.

4. Күн батқаннан бастап парыздан бөлек әрбір сүннет пен мұстахап амалға ерекше ден қойып, ықыласпен орындаңыз.

Ақшам намазына азан даусын естігенде, әрбір сөзді азаншының артынан қайталап, азан батасынан кейін қол жайып тілек тілеңіз. Ауыз ашқаннан кейін ерекше құлшылыспен парыз намазды оқыңыз. Мұнан кейін таңғы уақытта айтқан зікірді қайталаңыз.

5. Қолыңыз қалт ете қалса Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша (р.а.) анамызға үйреткен:

اَللَّهُمَّ إِنَّكَ عَفُوٌّ تُحِبُّ الْعَفْوَ فَاعْفُ عَنِّي

«Аллаһуммә иннәкә ъафуун тухиббул ъафуә фаъфу ъанни» дұғасын қайталап отырыңыз;

6. Ата-анаңыз жаныңызда болса, сый-сияпат жасап батасын алыңыз. Алыста болса хабарласып, тілегін алыңыз.

7. Ақшам намазына мешітке барып, жамағатпен оқыңыз.

8. Мешітке барар жолда және кері қайтқанда дұға жасаумен болыңыз. Соның ішінде истиғфар дұғасының төресі боп саналған кешірім дұғасын ұмытпаңыз.

اَللَّهُمَّ أَنْتَ رَبِّي لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ خَلَقْتَنِي وَأَنَا عَبْدُكَ، وَأَنَا عَلَى عَهْدِكَ وَوَعْدِكَ مَا اسْتَطَعْتُ، أَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّ مَا صَنَعْتُ، أَبُوءُ لَكَ بِنِعْمَتِكَ عَلَيَّ، وَأَبُوءُ بِذَنْبِي فَاغْفِرْ لِي إِنَّهُ لَا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا أَنْتَ

«Аллаһуммә әнтә Робби, лә иләһә иллә Әнтә, холәқтәни уә әнә ъабдук, уә әнә ъәлә ъәһдикә уә уәъдикә мәстәтоътук, әъәзә бикә мин шәрри мә санаътук, әбуу ләкә биниъмәтикә ъәләиә, уә әбуу бизәнби, фағфирли иннәһу лә яғфируз зунубә иллә Әнтә» Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім осы дұғаны айтып сол күні немесе түнде қайтыс болса, жәннаттық болады[13]», – деген.

9.Рамазан айы бойына әсіресе Қадір түнінде қолыңызға Құран алып асықпай, байыппен оқыңыз. Ибн Аббас (р.а.): «Нақышын келтіріп бір сүре оқуым маған Құранды толығымен оқығаннан әлде қайда ұнамды», – деген екен.

 


[1] Табарани, Ахмед
[2] Бұхари, Муслим
[3] Муслим
[4] Дұхан сүресі, 3-аят
[5] Дұхан сүресі, 4-аят
[6] Бұхари, Муслим
[7] Насаи
[8] Ибн Хиббан
[9] Мирқат Мафатих шарх Мишкат Масабих
[10] Бұхари
[11] Ибн Хиббан
[12] Бұхари
[13] Бұхари

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру