Қарун байдың қиссасы
Құран Кәрімде Алла Тағала: «Расында, Қарун Мұсаның қауымынан еді де, оларға қарсы келді. Сондай-ақ, оған кілттерін күшті бір топ әрең көтеретін қазыналар берген едік»[1], – дейді. Алла Тағала өзінің кеңшілігімен оның ризығын молайтты да, ол өз саудасымен үлкен байлыққа ие болды. Сол байлықтың буына мастанып, жан баласын менсінбей, Аллаға да бойұсынбай өзіне разы күйде өмір кешіп жатты.
Құран Кәрімде айтылғандай, Қарунның қазына қоймаларының кілттерін мықты жігіттердің өздері жабылып көтере алмаушы еді. Ол ешкімге бағынбады. Мүмін туыстарының: «Алла Тағала берген байлыққа асып-таспа! Адамдарға үстемдік етпе! Көп адамға бермеген байлықты саған берген Құдайға шүкірлік ет!» – деген ақылдарына құлақ аспайды. «Бұл Алладан емес. Өз білімім мен өз жетістігімнің арқасы», – деп дандайсыды.
Оған қауымы: «Әй, Қарун, сенің қолың жеткен бұл байлық Алла Тағаланың кеңшілігінен, ендеше иеліктен жақсы іс-амал жасап дүние мен ақырет сауабына ие болмайсың? Бұл дүниеден өзіңе тиесілі нәрселерді ал, әдемі киін, дәмді тағамдар же, жақсы үйде тұр, бірақ әр нәрсенің өз орнын біл», – деді. Алайда, ол одан сайын тәкәппарланып: «Бұл байлыққа өзімнің білімім мен ерекше қабілетім арқылы ғана қолым жетті», – деп жауап қайтарды. Қауымы оны қаншама тура жолға шақырғанымен, ол бетінен қайтпай асқақтай берді. Бір күні ол өзінің барлық сән-салтанаты, әдемі көліктері, әшекейлері мен қызметшілерін ерте келді. Оның бұл салтанатына қызыққан кейбір адамдар «Шіркін-ай, біз де Қарун секілді өмір сүрсек қой», – десті.
Құран Кәрімде ол турасында: «Дүние тіршілігін қалағандар: «Әттен, бізге де Қарунға берілген тәрізді болса, расында да ол – зор ырыс иесі», – деді»[2], – делінген. Оларға иманды мүминдер: «Сендер неменеге қызығып тұрсыңдар? Қарунды масайратқан байлық өткінші, түкке тұрмайтын дүниелік нәрселер. Алла Тағаланың өзінің иманы түзу құлдарына ақыретте беретін сыйлығы бұдан әлдеқайда артық нәрсе, өйткені жәннатта көзіңе елестете де алмайтын игіліктер бар. Оған тек жәннат иелерінің ғана қолы жетеді», – деді.
Адамдар осылайша Қарунның сән-салтанатына қызығып, тамсанып тұрған. Сол кезде Жаратушы Ие оны және оның үй-мүлкін әп-сәтте жерге жұтқызды да, ештеңе болмағандай жер тып-типыл бола қалды. Тіпті, Қарун жер бетінде ешқашан өмір сүрмеген секілденді. Аз ғана бұрын сол адамдардың ішіндегі Қарун секілді болғысы келгендер: «Расында, кісінің несібесін тарылту мен кеңіту Алла Тағаланың қолында екен ғой. Егер Алланың қайырымы мен қамқорлығы болмаса бізді де жер жұтқызар еді, өйткені біз де сол сияқты болуды көкседік қой. Иман беріп, көзімізді осы нәрсеге жеткізген Аллаға шүкір. Шынында да кәпірлер ешқайда құтылмайды», – десті.
Ғибрат: Өзіңнен төмендерге тәкәппарланба, керісінше, оларға кішіпейіл бол. Өзіңе берілген ризықтан кедей-мұқтаж кісілерге де бер. Сонда осы дүниеде де бақытты өмір сүріп, Алла қаласа ақыретте жәннатқа кіресің.
Дереккөз: muslim.kz