Қарыздан құтқаратын дұға

29 наурыз 2019 72127 0
Оқу режимі

Белгілі сахаба Әбу Саид әл-Худри (р.а.) аталмыш дұғаға қатысты мына бір оқиғаны әңгімелеген:

Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаздан тыс уақытта мешітке кіргенінде, ансарлық Әбу Үмәмә атты бір кісінің отырғанын көріп: «Әй, Әбу Үмәмә! Намаздан тыс уақытта мешітте не істеп отырсың?» − деп сұрайды. Ол: «Уа, Алланың елшісі! Қарызға белшеден батып, қатты қиналып отырмын», − деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Саған оқығаныңда уайым-қайғыңды сейілтіп, қарыздарыңнан Алланың Өзі құтқаратын бір дұға үйретейін бе?» − дегенде, Әбу Үмәмә (р.а.): «Әлбетте, уа, Алланың елшісі!», − дейді. Сонда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған осы дұғаны үйретіп: «Бұл дұғаны таңертең және кешке үзбей оқып тұрғын», − дейді. Кейіннен Әбу Үмәмә: «Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұйырғанын бұлжытпай орындап жүрдім. Соңында Алла Тағала менің барлық уайым-қайғымды сейілтіп, қарыздарымнан да  толық құтылдым», − деген болатын.

Оқылуы: Аллаһуммә йнни ә‘уузу бикә минәл-һәмми уәл-хазәни уәл-‘ажзи уәл-кәсәли уәл-жубни уәл-бухли уә дал‘йд-дәйни уә ғаләбәтиррижәәли.

Мағынасы: Уа, Аллам, мені уайым жеуден, қайғы-қасіреттен, дәрменсіздіктен, жалқаулықтан,  қорқақтықтан, сараңдықтан, қарызға белшеден батудан және адамдардың зорлық-зомбылығынан сақтай гөр!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру