ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АМАНДАСУ ДӘСТҮРІ

05 қараша 2024 456 0
Оқу режимі

Амандасу — инабаттылық белгісі

Амандасу немесе сәлемдесу – қазақ халқының әдепке сай қатынас өлшемі. Сәлемдесу адамға деген құрметті білдіреді. Қазақ халқында амандасудың әлеуметтік мәртебесі мен жасына қарай ерекшелігі қалыптасқан.

Сәлем беру салты

Қазақ халқының бір-біріне сәлем беруі – бұл тек амандасу ғана емес, ел алдындағы үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, бір-бірін қадірлеу арқылы өзара сенімділікті нығайту мақсатында орындалатын, идеологиялық құндылықтарды бойына сіңірген ұлы дәстүр болып саналады.

Қазақ қауымында дұрыс сәлем беру – әр адамның әдептік парызы. «Ассалаумағалейкум» деп амандасу және оған «Уағалейкумассалам» деп жауап қайтару арқылы адамдар арасындағы байланыс беки түседі. Бұл сөздердің артында көш керуеніндей жақсылық пен береке ілесіп жүреді деп сенеді. Сәлемді қайтармау немесе амандаспау – әдепсіздік саналып, берекеден айырылуға әкеледі деп есептеледі. Сондықтан қазақта «Жігітті берген сәлемінен таны» деген тағылымды сөз осыдан қалған.

Сәлем берудің түрлері

Сәлем беру әртүрлі жағдайға байланысты әрқалай орындалады.

1. Жол үстінде сәлем беру – жолыққанда немесе жолаушылап бара жатқанда жол үстінде амандасу. “Ақ жол тілеу” бұл жөн-жосынды білу белгісі.

2. Іздеп барып арнайы сәлем беру – адамға арнайы құрмет көрсету мақсатында іздеп барып сәлемдесу. Бұл дәстүрді толық орындауға жатады.

3. Қара шаңыраққа сәлем беру – ата-баба ошағына, үлкендерге құрмет көрсетіп амандасу. Бұл ұлылық белгісі. Үлкенге құрмет көрсетудің, әулетті, шаңырақты сыйлаудың белгісі.

Ата-баба аруағына сәлем беру

Ата-бабалар аруағына сәлем беру – оларды қастерлеп, рухтарына дұға арнау, екі дүниенің арасындағы рухани байланысты үзбеу. Бұл – өмір мен өлімге құрмет көрсетудің және ата-бабаларды қадірлеудің маңызды үлгісі.

Исламға дейінгі амандасу әдеті мен әдебі

Ислам діні қабылданғанға дейін қазақ ерлері амандасқанда «Мал-жан аман ба?», «Отбасы аман ба?», «Отағасы аман ба?», «Отанасы аман ба?», «Бала-шаға аман ба?», «Көрші-қолаң аман ба?», «Ел-жұрт аман ба?», «Туыс-туған, жамағайын аман ба?», «Қара шаңырақ аман ба?», «Қатын-қалаш, бала-шаға аман ба?», «Тәңір жар болсын!», «Аман жүрсің бе, жан жолдас?» деген сөздермен сәлемдескен. Бұл сөздер арқылы олар бір-біріне ұзақ ғұмыр, амандық тілеп, өзара жақсылық ниеттерін білдірген. Сәлем алған адам «Тәңір жарылқасын!», «Тәңірің қолдасын!» деп жауап қайтарған.

Әйелдер қауымының амандасу әдеті мен әдебі

Исламға дейінгі кезеңде әйелдер амандасқанда «Сәлеметсіз бе?», «Сәлем бердік», «Есенсіздер ме?», «Амансыздар ма?», «Денсаулықтарыңыз жақсы ма?», «Отбасыңыз аман ба?», «Отағасы аман ба?», «Кішкентай бүлдіршіндер аман ба?», «Мал-басы аман болсын!», «Еліңізге тыныштық, жұртыңызға құт болсын!» деген сөздерді қолданған. Оларға жауап ретінде «Аман бол, ақ ниетті жан!» деп жауап берілген. Әйелдердің әдептілігі мен сыйластығы осы амандасу сөздерінен көрінген. Ал ислам діні қабылданғаннан кейін, әйелдер ерлерге сәлем бергенде «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, ерлер «Уағалейкумассалам» деп жауап қайтарған.

Балалардың үлкендерге сәлем әдеті мен әдебі

Балалар үлкендерге сәлем бергенде үлкен құрмет пен ізет көрсеткен. Ұл балалар «Армысыз, ата!», «Армысыз, әже!» немесе «Ассалаумағалейкум, ата!» деп амандасқан. Ал қыз балалар «Армысыз, апа!», «Армысыз, әже!» немесе «Сәлем бердік, апа!» деп жылы ықылас білдірген. Бұл сөздер балалардың үлкендерді сыйлауын және құрметтеуін білдіреді. Үлкендер балалардың сәлеміне «Бар бол, балам!», «Аман бол!», «Өркенің өссін!» деп жауап қайтарған. Осы жауаптар арқылы үлкендер балаларға ізгі тілектерін арнап, оларға тәрбиелік мәні бар ізгі бата берген.

Қазақта «Сәлем сөздің— анасы” деген тамаша сөз тіркесі бар. Сәлем сөздің қақпағы, көңілдің шымылдығы, жүректің нұры деп есептеледі. Сәлем арқылы адамдар өз ниеттерін білдіріп, қарым-қатынастарын нығайтады. Қазақ келіндері де қайын жұртына сәлем салып, өз құрметін көрсетеді – бұл қазақ отбасы мәдениетінің бір тәрбиелік қыры болып табылады.

Сәлемдесу әдептері

1. Жасы кіші адам міндетті түрде үлкендерге бірінші болып амандасады, бұл азаматтық парыз саналады.

2. Сырқат адамға сау адам бірінші амандасса, ол адамгершілік белгісі болып есептеледі.

3. Атта отырған адам жаяу кісіге бірінші болып сәлем беруі тиіс, бұл кішіпейілділік пен сыпайылықтың белгісі.

4. Көпшілікке ат үстінде отырып амандасуға болмайды; аттан түсіп амандасу қажет. Бүгінгі күні бұл автокөлік немесе велосипед сияқты көліктерге де қатысты. Көлік үстінде отырып көпшілікке сәлем беру такапарлық пен білімсіздік белгісі болып танылады.

5. Алғашқы кездесу кезінде ер адамдар қол алысып, ал қыздар бас изеп сәлемдесуі тиіс — бұл әдептілікке жатады.

6. Сәлемдескенде орнынан тұрып, құрмет білдіру үлкен сыпайылықтың белгісі.

7. Қонақ келгенде бірінші кезекте үй иесі сәлем береді, бұл үйдің қонақжайлықты білдіреді.

8. Ерлер бір-бірімен амандасқанда қол алысса, ал жасы үлкендерге жас адам екі қолын ұсынып амандасады. Ол жасы үлкенге жасалған ерекше сый, ізет - құрмет болып есептеледі.

9. Жас келін үлкендерге көрген жерде сәлем салып амандасады. Бұл келіннің ибалы және иманды келін екенін танттады.

10. Үлкен адамға алдымен жас адам сәлем беруі тәрбиелілікті көрсетеді.

11. Алыстан келген қонаққа ауыл ақсақалы бірінші амандасып, жағдайын сұрауы тиіс. Бұл ақ сақалдың даналығын көрсетеді.

12. Жолаушы сапардан оралғанда, өзі бірінші болып ауылдағы ақсақалдарға сәлем береді. Бұл ауылдағы қалыптасқан жақсы салт. Үлкенге деген ізгі ниетті білдіреді.

13. Ер адамдар бір-бірімен амандасқанда қол алысып, кейде иық тірестіруі дәстүрге айналған. Бұл өте жақындық, жақсы көруді түсіндіреді.

14. Әйелдер бір-бірімен кездесе салысымен күлімдеп бас изеп сәлемдеседі. Бұл әйелдер арасындағы мейірімділікпен тәту-тәтті өтіп жатқанын білдіреді.

15. Қарт адамдар жас балаларға бата бере амандасып, алғыс білдіреді. Бұл ұрпаққа деген терең сүйіспеншілік пен жауапкершілік және даналық бплгісі болып табылады.

16. Туыстар кездескенде құшақ жайып амандасу дәстүрі бар. Ол берекенің ұйтқысының көрнісі.

17. Сапардан келген жолаушыны арнайы күтіп алып, сәлемдесу құрмет көрсетудің ең жоғары дәрежесі саналады.

18. Қонаққа сәлемдесу кезінде ер адамдар оны қолдап үйге шақыруы тиіс. Олай етпеу көргенсіздік нышаны болып есептеледі.

19. Әйелдер құшақтасып немесе қол ұстасып амандасқанда сыпайылық сақталады. Дархақыланып шарқылдап күлу әдепсіздік болып есептеледі.

20. Қыздар үлкендерге иіліп, «сәлеметсіздер ме » деп амандасады.

21. Кішкентай балаларға үлкендер күлімдеп қарап, “айналайын бақытты бол” деп сәлем береді. Бұл жылы жүрек танту, ұрпаққа деген мейірін төгу белгісі.

22. Алыстан келген адамға «жолыңыз болсын», «аман келдіңіз” ,«келген ел-жұртыңыз аман ба” деп амандасады. Бұл ел мен жұртқа болған аса жауапкершілік белгісі.

23. Ұзақ уақыт көрмеген туыстарды көргенде ерекше құрметпен ұзақ құшақтап тұрып , бетінен сүйіп мейір төге амандасады.

24. Қарттарға көрген жерде бірінші болып сәлем беру амандасу әдебінің бірінші парызы болып саналады.

25. Сапардан оралған адам ауылдағы әрбір кездескен жанмен амандасып шығады.

Бұл ұлы сапардан аман оралғанына үшкірлік еткені. Ауыл адамдарының өзіне тілеген жақы жол тілектерінің қабыл болғанының белгісін жасаған разылығы болып саналады.

26. Қыз-келіншектерге жас жігіттер бірінші болып амандасқанда, ізеттілік танытады. Жұмсақ дауыспен амандасып әдеп сақтайды. Бұл қыздың жолы жіңішке деген қағидаға жасалған ерекше құрмет көрсету белгісі болып есептеледі.

27. Қарттар отырған үйге алдымен сәлем беріп, кейін отырып сөйлесу қажет. Бұл үкеннің алдынан кесіп өтпеу деген ұлы идияны түсіндіреді.

28. Тсныс және бейтаныс адамға кездескенде әрдайым күлімдеп, жылы шыраймен амандасу шарт. Амандасу әдебінен адамның азаматтық ұстаны мен білімдарлығы танылады.

29. Адамдар өздерінің мәртебесіне сай амандасу рәсімін сақтайды. Бұл өз орнынын, өз ұстанымын құрметтеумен бірге қарсы жағындағы адамға жасалған құрмет.

30. Алыс сапардан оралған жолаушыға , бейтаныс қонаққа ауылдың үлкендері амандасуға барады. Бұл қазақ халқының ұлы ұлыстарды біріктірудегі, ұлы даланы сақтаудағы аманнан басталатын ұлы идиясы болып табылады.

31. Ер адам әйелдерге сыпайылықпен басын иіп амандасады. Бұл ұлы аналарға жасалған ұлы құрмет болып табылады.

32. Қонақ келгенде, алдымен үйдің үлкендері сәлем беріп амандық-саулық сұрайды. Олай етпесе, ол орташарқы шаңырақ саналады. Сөгіске қалады.

33. Жасы үлкендер алдымен өзінен кішілерге амандасқан кезде жылы сөзбен батасын береді. “Балақайлар амансыңдар ме” деп оларды еркелетіп амандасып, ақ бата беріп, үлкендерге алдымен сәлем беру керек екенін үйретеді.

34. Ауыл ақсақалы келген қонаққа арнайы сәлем беріп, оны құрметпен қарсы алады. Олардың ел-жұртының амандығын сұрай отырып, жаңа хабарлар ұғысады.

35. Басқа жақтан көшіп келген адамды көргенде, ауылдың әр тұрғыны амандасуға тиіс. Үйткені оны бауырларына басып, жандарына жақын тартып, “елге ел қосылса құт” деп есептейді.

36. Қарттардың үйіне жастар бір жұмада бір рет барып амандасып, хал ақуалын білу ауыл жастары үшін орындауға тиіст парыз. Алдымен сәлемдесіп, кейін рұқсатпен сөз бастап, ақ батасын алып қайту жастар үшін үлкен бақыт.

37. Ерлі -зайыпты адам түнде үйқтап, тәңертең оянған сәтте бір-біріне сәлем беруі керек. Өткені адам түнде ұйықтағанда барзак әлемінде, өлі мен тірі ортасында жатады. Тірі оянса, бергі жарық әлемге қайтып келеді. Қайтыс болып кетсе, қараңғы бақи дүниеге аттанады. Сондықтан рауандап атқан ақ таңның нұры тербеп оянған екі адам бір-біріне сәлем берсе, ол үйдің бақыт шамы күндей жарқырап, нұрдай жанып тұрады. Тоқсан тоғыз тарау жолы жақсылыққа ашылып тұрады.

38. Жасы үлкендерге келгенде, әр адам екі қолын ұсынып амандасу әдеті мен әдебі бар.

39. Әр адам өзінің отбасылық жағдайына байланысты амандасу түрлерін сақтайды.

40. Сәлемдесуді жылы қабақпен және сыйластықпен жеткізу, әдептіліктің ең үлкен және ең ұлы белгісі.

Сәлем беруге тыйым салу

1. Дәретханада – Бұл орын тазалық үшін жеке кеңістік, сондықтан сәлемдесу әдепсіздік болып саналады. Дәретхана шайтаның үйі деп есептеледі. Ол жердегі сәлемді шайтан алып, оның туы көкке жеті рет көтеріліп қуанып қалады.

2. Моншада – Жалаңаш немесе жуыну кезінде басқа адаммен амандасу әдепке қайшы деп есептеледі. Моша шайтанның екінші үйі. Ол жерде ұрғашы шайтандар сайран салып жүреді. Сәлемді солар алып семіріп-есіріп кетіп, моншаға түскен адамдарға қастық келтіреді.

3 Мал бауыздап отырған адамға – Бұл сәтте назарды шоғырландыру қажет, амандасу әрекетке кедергі келтіруі мүмкін. Бәлкіп өткір пышақпен өз қолын кесіп алуы ғажап емес. Мал бауздалып болған соң, тосып отырып сәлем беру керек.

4. Тамақ шайнап отырған адамға – Ауыз толы болғанда сәлемдесу жауап беру мүмкіндігіне кедергі жасайды және ұят деп саналады. Сәлем алам деп тамаққа қақалып, өңешіне тамақ тұрып қалып, өміріне қауіп төнуі ғажап емес.

5. Ет кесіп пышақ ұстап отырған адамға – Қауіпсіздік үшін қолында өткір құрал бар кезде сәлемдеспеу ұсынылады.

6. Асты дәретін алып жатқан адамға – Тазалық үрдісі барысында амандаспау қажет, бұл жеке және ғұрыптық тазалыққа қатысты жағдай.

7. Намаз оқып отырған адамға – Намаз кезінде адамның бар назары құлшылықта болуы тиіс, бұл кезде сырттай әсерден аулақ болу маңызды.

8. Жаназа намазында тұрған адамға – Жаназа намазы салтанатты әрі құрметті рәсім болғандықтан, сәлемдесу дұрыс емес.

9. Арақ ішіп мас болған адамға – Мас адам жауап бере алмайтын жағдайда болуы мүмкін, әрі бұл оның жай-күйін құрметтемеуді білдіреді.

10. Қабір басында дұға үстінде отырған адамға – Қабір басында дұға оқу кезінде тыныштық пен құрмет сақтау қажет. Осы әрекеттер ақырласқан соң сәлем беру әдеп сақтау белгісі болып саналады.

 

Хан-сұландармен амандасу әдебі

1. Хан — сұлтандарға қаршалалар екі қолын кеудесіне қойып, төмен иіледі. Егер хан қолын созса, қара қос қолымен хан қоын қысып амандасады.

2. Орта дәрежедегі адамдар өз әміршісіне қолын кеудесіне қоймай, басын иіп амандасады.

3. Ханға жолыққанда топ қарша өкілдері қолын кеудесіне қойып, дауыстап «Ассалаумағалейкүм» деп амандасады.

4. Халық өкілдері сұлтандарға «Алдияр тақсыр!» деп тізесін бүгіп сәлем берсе, билігі жоқ төрелерге тек ізетпен иіледі.

Тең дәрежеде амандасу әдебі

Таныс емес адамдар бір қолын беріп амандасады, ал таныстар (ер адамдар) екі қолын беріп құшақтасады, иық түйістіреді немесе кеуделеріне қысады. Әйелдер өз дәрежесіне қарай бір-біріне иіледі.

Әйелдердің амандасу әдебі

Әлеуметтік жағдайы төмен әйелдер сұлтандардың әйелдеріне жанарын төмен түсіріп иіледі. Қараша өкілінің әйелдері ханшамен кезіксе, бетін сипап амандасуы қажет. Жас келіндер күйеуінің туыстарына бір тізерлеп иіліп сәлем салады.

«Мал-жан аманба»деп амандаудың мәні

Қазақ халқы үшін негізгі тіршілік көзі — төрт түлік болғандықтан, амандасудың бір бөлігі ретінде мал мен жанның амандығын сұрасу қалыптасқан. Амандасудың осы түрі «Мал-жаның аман ба?» деген сұраумен басталып, оған «Құдайға шүкір, өзіңіздің мал-жаныңыз аман ба?» деп жауап беріледі.

Бұл жерде бірінші байлық- денасулық, екінші байлық - ақ жаулық, үшінші байлық - он саулық,- деген керемет филосопиялық ой мен экономикалық ұлы ұғым және амандасу арқылы тұтасқан береке-бірлік, үлкен-кішілік ізгі ізет жатыр.

Қонаққа сәлемдесу әдеті

Қазақтар қонаққа барғанда арнайы дәстүрге сай киіз үйге жақындағанда аттан түсіп, «Ассалаумағалейкүм» деп сәлем береді. Үй иесі мен балалары қонақты күтіп алып, аман-саулық сұрасады. Үйге кірерде үй иесіне және үйде жоқ адамдардың да хал-жайын сұрап амандасады. Олай етпесе үй иесі ренжіп қалады.”мыналар құлқын үшін жүрген құлдар ма” деп сын көзбен сынай қарай бастайды.

Ұзақ сапардан келген жанға амандасу

Қазақтар ұзақ уақыт көріспеген адамдарды ерекше құрметпен қарсы алады. Мысалы, алыстан келген адамды жасы үлкендер барып қарсы алып, «алыстан алты жасар бала келсе, ауылдағы алпыстағы ақсақал барып сәлем береді» деген ережеге сүйенеді. Ұзақ сапардан келген адам әулетінің қара шаңырағына барып, сәлем беруі міндетті деп есептейді.

Ауылға келген қонақты қарсы алып амандасу

Ауылға алыстан келген қонақ шауып келмей, аяңдап жақындап, «сөйлес» деп үш рет дауыстайды. Бұл — ауыл тұрғындарының дайындық жасауына мүмкіндік беру үшін жасалатын әдет. Үй иесі қонақты қабылдауға дайын болса, оған үйге кіруге рұқсат береді. Қонақ үйде отырғандардың барлығымен кезек-кезек бірін де қалтырмай амандасады.

Олай етпесе, ол жөн білмейтін, салт пен дәстүрді атқармайтын қарақұрсақ екен деп сөгеді. Айыбын бетіне басып, түзетіп алуға, екінші қайталамауға кеңес беріп, ескерту жасайды.

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

Пікірлер Кіру