ҚАЗАҚСТАНДА БҮКІЛ ӘЛЕМДЕ КЕЗДЕСЕТІН ДІНИ АҒЫМДАР БАР

07 тамыз 2024 1273 0
Оқу режимі

Дін тақырыбы қазіргі таңда еліміз үшін ең нәзік мәселе болып тұр.  

Әлеуметтік желі дамыған сайын діни алауыздық, дінаралық ерегес, оның ішінде бір ғана Ислам дінінің түрлі ағымын ұстанатын отандастарымыздың өзара кикілжіңі күннен-күнге күшейіп бара жатқаны жасырын емес. Кейінгі кезде діншіл топқа өздерін "тәңірші" етіп көрсетушілер мен дінге мүлдем қарсы "агностиктер" қосылып, қоғамда іріткі көбейді.

Осы күнге дейін елімізде 18 конфессияны қамтитын 3 977 діни бірлестік ресми тіркелген. Олардың 2 835-і исламдық, 347 - православие, 93 - католик, 586 - протестант, 61 - Иегова куәгерлері, 24 - Жаңаапостолдық шіркеу, 13 - Кришна санасы қоғамы, 7 - иудаизм, 6 - бахаи, 2 - буддизм, 2-еуі - соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 - муниттер.

Жалпы, елімізде соңғы бірнеше ғасырда қалыптасқан әлемдік екі дін – Ислам мен Христиан діні ғана еді. Тәуелсіздік жылдары қазақ даласына жүздеп-мыңдап түрлі ағымдар қаптап кірді. Енді соларға тоқталайық...

Пресвитериан ұйымы

16-ғасырда Шотландияда пайда болған протестантизм ағымының бір тармағы.

Қазақстанда 92 пресвитериан ұйымы бар. Олардың ішіндегі ең танымалдары: "Грейс", "Надежда", "Эммануэль", "Назарианин". Мысалы: 2013 жылы "Грейс" (бір атауы – "Благодать") ұйымы 10 мың адамды өз қатарына қосты. Пресвитериан наным-сеніміне сенушілердің көп бөлігі корей ұлтының өкілдері.

Елуінші күнді күтушілер (Пятидесятничество)

20-ғасыр басында АҚШ-та пайда болған христиандық ағым. Тақуалары өз ізбасарларын темекі шегуден, алкогольден, есірткіден және құмар ойындарынан бас тартуға шақырады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда бұлардың 230 бірлестігі бар. 2012 жылы олардың ішіндегі ең ауқымдысы – "Новая жизнь" - 38, "Источник жизни" - 28, "Агапе" Миссиясы-23, "Сун Бок Ым" – 9, "Жатва" – 5 топтан құрылды. Тек 2013-жылдың өзінде құрамында қазақ, қырғыз, ұйғыр ұлтының өкілдерінен тұратын 5 000 адам болды.

Иегова куәгерлері

19-ғасырдың 70-ші жылдарында АҚШ-та пайда болған протестанттық ағым.

Қазақстанда Иегова куәгерлерінің шамамен 5 мыңдай өкілі бар 61 бірлестігі жұмыс істейді.

Иегова куәгерлерінің діни ұстанымдары Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында күшті әрекет етеді.

Жетінші күннің адвентистері

1843-жылы АҚШ-та пайда болған протестанттық ағым.

Олар Мәсіхтің оралатынына сенеді, сенбі күнін тыныштық пен демалыс күні ретінде құрметтейді, сондай-ақ, адам жаны өлгеннен кейін аспанға ұшпайды деп сенеді.

42 қауымдық бірлестігі еліміздің 13 облысында (Қызылорда облысын қоспағанда), сонымен қатар, Астана мен Алматыда орналасқан.

Баптистер

Баптистер Иса Мәсіхтің қайта оралатынына сенеді. Шоқыну үшін суға шомылдыру рәсімін тек ересек адамдарға орындатады. Баптисттерде жаппай табынарлық беделге ие бірде-бір орталық немесе дінбасы жоқ.

Қазіргі таңда елімізде 100 баптисттік топ пен филиал тіркелген. Олардың көпшілігі Алматы қаласы мен Алматы облысында және Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында әрекет етеді.

Меннониттер

Бұл протестанттық ағым 16-ғасырда Нидерландыда пайда болды және негізін қалаушы, католик дінінің қызметкері Менно Симонстың есімімен аталды.

Меннониттер сенімі бойынша қолға қару алуға болмайды, соғыстан, әскерден ашық түрде бас тартады.

Қазақстанда олардың 4 бірлестігі бар.

Евангелия христиан-баптистері

Қазақстанда 185 діни бірлестігі ресми тіркелген.

Олардың қарауында – 256 шіркеу, 252 діни топ және миссионерлік орталықтар, 9 187 шіркеу мүшелері, 78 пресвитерлер, 157 диакондар бар.

Мормондар

Джозеф Смит 1830 жылы АҚШ-та құрған. Ол "Мормон кітабын", жазды және бұл кітап Мормон сеніміндегілер үшін Тауратпен қатар қолданылады.

Мормондарға ішімдік, есірткі, шәй, кофе қолдануға тыйым салынғанымен, бірнеше әйел алуға рұқсат.

Алматы, Астана қалаларында белсенді әрекет етеді. Ресейден келген 3, АҚШ-тан келген 7 уағызшы-миссионерлер жұмыс істейді.

Рухани-діни оқу орындар

2023 жылғы есеп бойынша елімізде 14 рухани-діни оқу орыны бар. Ондағы студенттердің жалпы саны - 4395 адам.

Айта кетсек, Исламдық бағытта - 12 ("Нұр-Мүбарак" университеті - 1, медресе колледжі - 9, ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру ислам институты - 1, ҚМДБ қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты - 1). Христиандық бағытта - 2 (Алматы Православиелік рухани семинария және Қарағандыдағы Жоғарғы епархияаралық "Мария – Шіркеудің Анасы" рухани Семинариясы) діни білім ордасы бар.

Ерекше айта кететін жайт, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған жиырмадан аса діни ағымдардың кейбірі әлі күнге дейін жасырын әрекет етіп келеді.

Соңғы жылдары исламдық діни топтар мен ағымдар елдегі саяси оқиғаларда, қақтығыстарда жиі бой көрсете бастады. Бұл, әрине, өте қауіпті құбылыс. Десек те, қоғамда діни көзқарасқа қатысты туындап тұратын текетірестер мен алауыздықтар елімізде тамыр жайып үлгерген кірме ағымдарға адам тарту амалы ма деген де күдік туындайды.

Қазақ елі зайырлы мемлекет болғандықтан, отандастарымыздың діни наным-сенімі мен көзқарастарын кемсітпей, жастарды білім-ғылыммен айналысуға көптеп тартқанымыз абзал болады.

 

Қанат ЕСКЕНДІР

 

Пікірлер Кіру