ҚАЗАҚСТАНДА КІМДЕР ТІСІН ТЕГІН ЕМДЕЙ АЛАДЫ?

19 желтоқсан 2024 1079 0
Оқу режимі

Тіс емдеу – ауыз қуысының денсаулығы үшін өте маңызды. Тіс дәрігері ғана аурудың себебін анықтап, оны емдеу жолдарын ұсына алады. Тіс емдеу эстетикалық және емдік мақсатта жүргізілуі мүмкін. Әрбір пациент үшін тиімді емдеу жоспары жеке құрылады.

Тісті емдеу әдістері әдетте оның зақымдану деңгейіне байланысты анықталады. Тіс неғұрлым зақымданған болса, емнің құны мен уақыты соғұрлым артады. Сол себепті дәрігерге уақытылы бару уақытыңыз бен қаражатыңызды үнемдеп, күрделі тіс ауруларының алдын алуға көмектеседі. 

Ауыз қуысы ерекше күтімді қажет етеді.  Ең әуелі тағам ауыз қуысына түсіп, бастапқы өңдеуден өтеді. Тағам механикалық ұсақталып, сілекеймен араласып, өңеш арқылы асқазан-ішек жолына жіберіледі.

Адам әдетте, күніне 2-4 рет тамақтанады. Тағамның бір бөлігі ауыз қуысында қалып, тістердің арасындағы саңылауларда тұрып қалады. Әр тамақтан кейін ауыз-қуысы гигиенасына лайықты күтім жасап, тәс дәрігері қарауына уақытылы қаралып отырған дұрыс.

Адамдар тіс дәрігеріне көбінесе тіс пен қызыл иектің саулығына қатысты мәселе туындағанда жүгінеді. Тіс ауруы, қызыл иектің ісінуі, тістің жоғары сезімталдығы, ауыздан жағымсыз иістің шығуы – осының бәрі әртүрлі стоматологиялық аурулардың салдарынан пайда болуы мүмкін. Аурудың сипатына қарай маман тісті емдеудің ең тиімді әдісін таңдайды.

Тісті емдеудің қай әдісін таңдасаңыз да, оның басты мақсаты – тістің барлық қызметі мен эстетикалық түр-сипатын сақтау.

2024 жылы мемлекет стоматологиялық қызметтерге бөлінетін қаражатты 34 млрд теңгеге дейін көбейтті.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) мәліметіне сенсек, 2024 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында стоматологиялық көмек көрсету үшін 34 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат 2023 жылмен салыстырғанда 6%-ға өсіп отыр. 2023 жылы 32,1 млрд теңге болды.

Енді стоматологиялық қызметтерді кім тегін ала алатынын және бұл көмектің қандай түрлері көрсетілетінін қарастырайық.

МӘМС аясында стоматологиялық көмекті кім ала алады?

Тісті жоспарлы және шұғыл емдеу 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге тегін көрсетіледі.

Шұғыл стоматологиялық көмек төмендегі азаматтар санатына тегін көрсетіледі:

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне;

I, II, III топтағы мүгедектерге;

атаулы әлеуметтік көмек алушыларға;

зейнеткерлерге;

жұқпалы және әлеуметтік маңызды аурулары бар азаматтарға, сондай-ақ қоғамға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын адамдарға;

бала кезінен I топ мүгедектеріне немесе мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін азаматтарға;

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иеленген көпбалалы аналарға.

Жоспарлы стоматологиялық көмекке не кіреді?

Жоспарлы стоматологиялық көмек ауыз қуысының, тіс пен қызыл иектің денсаулығын сақтау үшін жасалатын емдік шараларды қамтиды. Оған кіретіндер:

  • тұрақты тексерулер мен алдын алу шаралары;
  • тіс жегісін емдеу;
  • тіс тасының алынуы;
  • тісті жай және күрделі жұлдыру;
  • композитті материалдардан жасалған пломбаларды салу.

Шұғыл стоматологиялық көмек деген не?

Шұғыл стоматологиялық көмек амбулаториялық және стационарлық жағдайда көрсетіледі. Шұғыл көмекке мыналар жатады:

  • күрделі кариесті емдеу;
  • пульпитті емдеу;
  • периодонтитті емдеу;
  • альвеолитті емдеу;
  • невралгияны және невритті емдеу;
  • ауыз қуысының жедел стоматитін емдеу;
  • күрделі тісті жұлу;
  • абсцесті ашу;
  • одонтогенді кистаны алып тастау;
  • жақ сүйектерінің шығуын орнына келтіру;
  • тістерді уақытша шиналау;
  • ісіктер мен эпулисті (тіс жиегіндегі ісік) алып тастау.

Сонымен қатар тіл немесе ерін үзбесіне пластикалық ота жасау МӘМС аясында тегін көрсетіледі.

Егер клиника жағдайында көмек көрсету мүмкін болмаса, стоматолог пациентті шұғыл түрде ауруханаға жіберуі мүмкін.

Ортодонтиялық қызметтер кімге тегін көрсетіледі?

Ортодонтиялық көмек келесі санаттарға беріледі:

  • Туа біткен жақ-бет патологиясы бар балаларға;
  • әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан, жақ-бет ақаулары бар 6-12 жас аралығындағы балаларға.

Бұл қызметке алынбалы ортодонтиялық пластинка немесе жақ-бет аномалияларын түзетуге арналған арнайы аппаратты қолдану кіреді.

Қай стоматологиялық клиникаларда МӘМС қолданылады?

Тісті емдеу қызметтері мемлекеттік және ӘМСҚ-пен келісімшартқа отырған жеке стоматологиялық клиникаларда көрсетіледі.

Актуалды тізімді ӘМСҚ-ның ресми сайтындағы «Медициналық қызметтерді сатып алу – КДУ жеткізушілері» бөлімінен табуға болады. Сондай-ақ 1414 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Емдеуші дәрігердің жолдамасы талап етілмейді.

2024 жылдың 1 ақпанына дейін 838 медициналық ұйыммен келісімшарт жасалған: олардың 519-ы жеке, 319-ы мемлекеттік мекемелер.

МӘМС аясында тағы қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

Медициналық көрсеткіштер бойынша МӘМС төмендегілерді де қамтиды:

  • рентгенография;
  • дәрілік аллергияны болдырмау үшін аллергиялық сынама;
  • тісті емдеу алдында жасалатын анестезия.

Стоматологтың консультациялық парағы болған жағдайда, аймақтық дәрігер қосымша тексерулерге жолдама бере алады.

МӘМС аясында келесі анестезия түрлері төленеді: аппликациялық, өткізгіштік және инфильтрациялық.

Маңызды ақпарат

Тісжегісінің асқынуына байланысты стоматологиялық аурулары бар 4 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ медициналық көрсеткіштері бойынша келесі жағдайларда тісті емдеу жалпы наркозбен немесе седациямен жүргізіледі:

  • орталық жүйке жүйесінің функционалдық және органикалық бұзылыстары;
  • психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар (мүгедектік белгіленген жағдайда);
  • басқа органдар мен жүйелердің аурулары, ауырсыну және асқыну қаупі болғанда.

Бұл емдеу лицензиясы бар және реанимациялық шаралар өткізуге жағдай жасалған стоматологиялық мекемелерде жүзеге асырылады.

Өзіңіз немесе жақындарыңыз осы санаттардың біріне жатса, МӘМС аясында стоматологиялық қызметтерді пайдалану мүмкіндігін ескерген жөн. Тегін қызмет алу үшін жақын клиникаға жүгініп, ӘМСҚ-мен келісімшарт бар екенін тексеріңіз.

Тіс емдеу клиникасын таңдап алған соң, науқас сол мекемеге барып, көмекке жүгінеді.  Қажетті емін алады. Бұл үшін емханаға барудың қажеті жоқ. Яғни, тіс емдеу клиникасына жүгінген кезде, науқас тікелей сол ұйымнан көмек ала алады. Алайда клиниканың ішкі ережелеріне байланысты алдын ала жазылу қажет болуы мүмкін. Десе де қатты ауырсынып, жедел көмек қажет болса, науқас клиникаға алдын ала жазылусыз барып, кейінне ем-домға қайта жазыла алады.

 

 

Пікірлер Кіру