ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИСЛАМ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК

13 қараша 2025 529 0
Оқу режимі
  • Ұлтты ұлт етіп ұстап тұратын маңызды үш ұстын бар. Олар: ТІЛ, ДІЛ және ДІН. Тіл мен діл сияқты дін де ұлттың бірегейлігі мен ізгілігі жолында маңызды қызмет атқарады.
  • Түркі халықтары VIII ғасырдан бастап исламды қабылдап, оны өзіне дін ретінде таңдаған және исламды көне түркі дәстүр-мәдениетімен сабақтастырып, ғасырлар бойы рухани-мәдени құндылық ретінде ұстанып келеді.
  • Қазақтың мың жылдан бергі тарихи әрі елеулі қай тұлғасын алсақ та олардың шынайы мұсылман болғанына әрі дін ретінде исламды қастерлегеніне куә боламыз.
  • Қазақтың кез-келген поэзиясы мен прозасын оқысақ, әдеби-мәдени кез-келген танымын зерделесек исламмен сабақтасқан мұсылмандық сипатты байқаймыз.

 Осылайша мың жылдан аса уақыт қазақтың дүниетанымы мен ислам біте қайнасып, бір-бірінен ажырамас құндылық ретінде қалыптасқан.

- Бірақ, қазақ тілі мен ділінен айырылып, араб болған емес. Мұсылман болу үшін араб, парсы, түрік және тағы басқа ұлт өкілі болу немесе олардың тілін біліп, киімін кию, салтын ұстану шарт емес. Қысқасы, мұсылман болу үшін өзге ұлттың, жекеше айтқанда арабтың салтын, ұлттық таным-түсінігін, күнделікті өмірдегі ұстанымын көшіріп алу міндет емес. Әрине, жақсы, тиімді, пайдалы, үлгілі дүниелер болса, оны алуға шектеу жоқ. Өйткені жақсы, дұрыс, пайдалы дүниелер мен адами қасиеттер адамзат баласының ортақ құндылығы.

- Қазақ болу мұсылман болуға, мұсылман болу қазақ болуға кедергі емес. Кейінгі кезде исламды құбыжық етіп көрсету, арабшылсың деп бетке басу, исламды тек арабшылдықпен байланыстыру, «алдымен қазақ болған дұрыс па, мұсылман болған дұрыс па»? деген секілді ұлтты желеу етіп, елді еліктіретін сұрақтар және ұлт пен дінді, дәстүр мен дінді, ғылым мен дінді, өнер мен дінді бір-біріне қарсы қою көбейіп жүр. Бұл сұрақ орынсыз және олай ұлт пен дінді және т.б. құндылықтар мен дінді қарсы қойып, дихотомия жарату дұрыс емес. Ислам ұлтқа да, дәстүрге де, білім-ғылымға да, өнерге де, өркендеуге де қарсы емес. Ислам барлық адамзатқа түскен соңғы шынайы дін.

- Ислам кезінде мәдениет алып келген, адамзатты оятқан және орта ғасырда үлкен мәдениет қалыптастырып, әлемнің бағытын өзгерткен дін. Сондықтан исламды қазіргі мұсылмандар арасындағы кейбір жағымсыз көріністермен, кейбір діни фанат, радикалдармен және өзге де ұлтаралық жайттармен бағаламау керек. Ешкім ұлтын таңдап тумайды, біз қазақ болып тудық. Ол – тағдыр, ол – Алланың жазғаны.

- Бұл туралы Құран Кәрімде:

«Көк пен жердің жаратылуы, тілдерің мен түстеріңнің әралуан болуы Алланың дәлелдерінен...» (Рум сүресі, 22-аят).

«Уа, адамдар! Сендерді ер мен әйел қылып жараттық. Сондай-ақ өзара мәдениет құру үшін сендерді рулар мен ұлттарға бөлдік. Сендердің Алланың алдында ең құрметтілерің – ең тақуа болғандарың...» (Хужурат сүресі, 13-аят).

- Осы аяттарда адамзаттың тілі мен түрін әртүрлі қылып Алланың өзі жаратқандығы айтылған. Олай болса, «алдымен қазақ болған дұрыс па» деген сұрақ орынсыз. Олай сұрамасақ та қазақпыз. Қазақ болып туғандықтан қазақша сөйлеу керек, тегін, тарихын, төл мәдениетін біліп, ұлтын, тілін, Отанын, елін, жерін сүю керек және тарихын, дәстүрін, мәдениетін, құндылығын құрметтеу керек. Оған ислам діні тыйым салмайды. Алла қазақтың қазақ болып өмір сүруіне қарсы емес. Өйткені қазақты Алла қазақ қылып жаратқан.

- Соңғы аяттағы тақуа сөзіне тоқталар болсақ, тақуалық – тек қана намаз оқу, ораза ұстау, қажыға бару емес, тақуалық онымен шектелмейді. Шын тақуалық – иманнан кейін күнә іс жасамау, харам жемеу, адал, әділ, таза және мәдениетті, жақсылыққа жаны құмар арлы адам болу.

- Сондықтан әлеуметтік желідегі кейбір жеке әрі біржақты көзқарас, қате пайым, дақпырт ұран, желеу сөздерге алданбай, әр мәселеге ақылмен, нақты деректер негізінде даналық пайыммен баға берген дұрыс.

- Тарихи тәжірибе бойынша дінсіз қоғамның да, дін ісінде фанатизмге беріліп, шектен шыққан біржақты қоғамның да оңғаны жоқ. Әр нәрсенің орта жолы мен тепе-теңдігі бары сөзсіз. Олай болса, ұлт пен дін ісін дұрыс пайымдап, тепе-теңдігін сақтай білу аса маңызды.

- Қазіргі таңда исламның жарығына көлеңке түсіріп, тазалығын кірлететін, адамдарды тіксіндіретін немесе дінмен жүрсең болды, қазақтың анасы теріс, мынасы теріс, қазақтың тарихы мен дәстүрі маңызды емес деген секілді ұлттық тарих пен танымды жоққа шығарып, ұлтты, тарихты, тілді, ділді, елді, жерді, ұлттық мәдениетті мансұқтайтын, өз идеологиясын тықпалайтын фанат, радикал уағызшылар мен түрлі жат ағымдардың қате түсініктеріне өкпелеп, тұтас исламды қаралау, діннен тұтастай бас тарту, иісі мұсылманға ренжу дұрыс емес. Мұны дін ұстансын, ұстанбасын бейтарап көзқараспен қараған сау ақыл иелері де мақұлдамайды. Өйткені тұтас исламды айыптау, жалпы діннен бас тарту, қаншама ғасырлық тарихты, мәдениетті, танымды, руханиятты, елеулі тұлғаларды айыптап, одан бас тарту деген сөз. Ал өткен тарихы мен рухани құндылығынан бас тартқан адам тамырсыз қаңбақ сияқты. Ол ассимиляцияға ұшырайды.

 Jolaman BULAN

Пікірлер Кіру