ҚАЗАҚТЫҢ БАЛАНЫ КҮМІС САЛҒАН СУҒА ТҮСІРУ ҒҰРПЫ

20 желтоқсан 2024 1067 0
Оқу режимі

Баланы күміс салған суға түсіруі – қазақ халқының көне дәстүрлі ғұрыптарының бірі. Бұл ғұрыптың негізгі себебі – баланы көзге көрінбейтін зұлым қара күштерден, көз тиюден, ауру-сырқаудан қорғау және оның өмірінің ұзақ әрі бақытты болуын тілеу. Күміс – қазақтар арасында тазалық пен пәктіктің символы болып саналады, сонымен қатар оның шипалы қасиеттері бар деп есептеледі. Бұл ғұрыпты білу үшін мынаған ой аударыңыз.

1. Тазалық пен пәктік символы: Күміс табиғи түрде бактерияға қарсы қасиеттерге ие және оны көне заманнан бері медицинада емшілер киелі және қасиетті дәру зат ретінде пайдаланып келген. Қазақтар күмістің осы қасиетін ескере отырып, оны тазалық пен пәктік символы ретінде қабылдаған. Сәби баланың боына сұлулық, қуаттылық, пәктік, киелілік қасиеттерін дарытады деп ұйғарған.

2. Қорғаныс: Күміс суына шомылдыру арқылы балаға көз тиюден және басқа да зұлым күштерге қарсы қорғаныс болады деп сенген. Бұл ғұрым діни сенімдермен де тығыз байланысты.

3. Шипалы қасиет: Күміс судың шипалы қасиеттері туралы халық арасында сенім бар. Бұл ғұрыпта күмісті суға салып, содан кейін баланы сол суға шомылдырып, оның денсаулығын жақсарту және аурулардан сақтау мақсатында қолданылған. Күміс суына шомылдырған балаға жын-жыбыр жоламайды, шайтан жуымайды, тұқ көз тимейді, сұқ тіл өтпайді, қарғыс дарымайды. Баланың тәні тазарып, терісі майдаланып. Жұп-жұмсақ болады. Өскенде мізезі күмістей салмақты болады деп ырым етеді.

4. Жаңа өмірге бастау: Баланы күмістің суына түсіру жаңа өмірдің басталуы, таза әрі пәк өмірдің символы ретінде қарастырылған. Бұл ғұрып баланың болашақтағы өмірі бақытты әрі сәтті болсын деген тілекпен орындалған. Осылайша, баланы күмістің суына түсіру ғұрпы қазақ халқының көпғасырлық тәжірибесіне негізделген және оны қорғау, шипалау, тазарту, және жаңа өмірге жол ашу мақсатында қолданылған.

5. Орта ғасырларда күміс қасық, күміс біздерді көп пайдаланған. Күміс уды қайтарады. Тамаққа у қосқанда қосып қастық жасағанда, күміс қасықты не күміс бізді тамаққа батырып тексергенде күміс сезімтал металл болғандықтан қарайып қалады. Соған қарап у дан  уланып қалудан сақтанып отырған.

Ғұрыптың рухани және мәдени мәні

1. Рухани және мәдени мұра: Қазақ халқының көптеген дәстүрлері сияқты, күмістің суына шомылдыру да ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан рухани және мәдени мұраның бірі. Ол ата-аналардың өз балаларын қорғауға және оларға барынша қолдау көрсетуге деген ниетін көрсетеді. Неке суына да алтын емес күміс жүзік салады. Ер адамдардың алтын таққанынан, күміс таққаны әлде қайда пайдалы екенін дін ислам қадістерінде де көп уағыздайды.

Күміс сыйлау, күміс әшекейлеу, күмістен сауға беру ежелден келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі және рухани мәдениетінің мәйегі болып табылады. Атам қазақта”Күміс сатсаң, күліп сат, киесі барсын алғанға” деген тәмсіл сөз бар.

2. Құдайдан тілеу: Көптеген қазақ ғұрпында Құдайдан тілек тілеумен байланысты. Баланы күмістің суына шомылдыру арқылы ата-аналар баланың болашағына Құдайдың нұрын және қорғауын тілейді. Ақ бата беру мақсатында бұл рәсімді орындайды.

3. Әлеуметтік байланыс: Бұл дәстүр туыстар мен жақындардың бір-біріне күміс жүзік, сырға, алқа, білезік сыйлау арқылы да өз ара қарым-қатынасын нығайтуға, бір-біріне деген сенімді арттыруға ықпал етеді. Балаға күмістің суын дайындау және шомылдыру рәсімі әдетте отбасы мүшелері мен өз жұрты, нағаш жүрты, қайын жұрты, ел жұрты және басқа да жақындарының қатысуымен өтеді.

4. Жалғастырушы функциясы: Балаға арналған бұл рәсім оны болашақта дәстүрлер мен мәдениетті сақтаушы ретінде тәрбиелеуге көмектеседі. Баланың кішкентай кезінен бастап ұлттық дәстүрлерге жақын болуы оның ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға септігін тигізеді.

Осы ғұрып арқылы қазақ халқы өзінің мәдениетіне, рухани мұрасына және халықтық сенімдеріне деген құрметін көрсетіп, келесі ұрпақтарға беруге тырысады.

 

 Болат БОПАЙҰЛЫ

 

 

Пікірлер Кіру