ҚИЯСБАЙ ХИКАЯЛАРЫ

21 тамыз 2024 1227 0
Оқу режимі

Фило­логия ғылым­дарының докторы, абыз қария Мекемтас Мырзах­ме­тов: «Бұл күнді қазақ ұзақ күтті. Тірісінде ақиқат­ты, әділдікті жақтап, ғылым­­ды ту көтерген, соңы­на ­жа­құттай жарқыраған қазына қал­­­дырған жанға қа­тысты дүние­­лердің ешқайсысына нем­құрайды қара­мауымыз керек» деген екен.

Осы орайда айтпағымыз, дана бабамыздың айналасында алуан түрлі адам болған. Соның бірі – атамыздың өзі «жүрген жерің күнде ду, Сыртың аңқау, ішің қу» деп баға берген Қиясбай Көгедайұлы. Абай мен қалжыңгер Қиясбай хақында ел аузында сақталған әңгіме көп. Дәл осы тақырыпты терең қаузаған адамның бірі – әдебиеттанушы Тұрсынжан Шапай біз сөз етіп отырған кейіпкері­міз Қияс­бай туралы: «Абай ағасының күң­гірт көңілін күн болып жайнатпаса да, сәтін тауып жанын жадыратуға жараған жап-жарық, жып-жылы, бір үзік қунақ сәуле дерсіз», деп жазады (Шапай Т. Эссе. Әдеби сын. Зерттеу. – Алматы: Арда+7, 2017. – 56-б).

Ғалым Бауыр­жан Ер­дем­­­беков жазушы, Рамазан Тоқ­та­ровтың «Абай­дың жұм­­бағы» романында аты аталатын Көге­дай есімді кейі­пкер осы Қиясбайдың әкесі дейді. Сол сияқты Құнан­бай әулеті­­нің бір тұяғы Ахат Шәкәрім­ұлы­­ның жазбаларында Қияс ағаның жасы Абайдан үлкен, сөйте тұра інісін «Абай аға» деп сыйлаған. Қиясбай тоқсаннан асып барып дүние салды. Руы – тобықты-олжай ішінде борсақ тобынан еді дейді.

Ел аузында сақталған «Қиясбай хикаялары» атты мәтіндер М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында (1059 бума және Қ.1094, 1-дәп.) сақтаулы. Бұл дүниелерді жинап тапсырған белгілі жидашы Айсұлу Бисенғалиқызы (1929–2012) мен халық композиторы, әнші-термеші Мұхамеджан Рүстемов (1932–2010) деген адамдар екен. Бұл хикаялар ертеректе «Ел аузынан, халық даналығы» атты қолжазба жинаққа еніпті. Одан кейін 2013 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» атты жүзтомдықтың 12-томына бірқаншасы жарияланған.

* * *

Қиясбайдың хикаялары туралы баяндаудан бұрын оның мына бір лақпа жырына құлақ түріңіз:

«Ақ сиырдан туады жирен айғыр,

Қойға қасқыр шабады қоқаң-қоқаң.

Көктен шауып келеді боталы інген,

Буынғаным беліме сексен арқан.

 

Айдалада ақ қасқыр опақ-сопақ,

Ақ сиырдан туады жирен айғыр.

Аспанда ителгі құс пішен жейді,

Арық тоқты шұлғиды тоң қатқанда.

Иттің үріп шыққаны жаз болғаны,

Беліме буынғаным он жеті арқан...»

Қияс ағаның жоғарыдағы шумақ­тарын талдаған Тұрсынжан Шапай: «Мұндағы Қиясбай жырының ең басты қасиеті – қисынсыздығы. Логикадан мақрұмдығы. Бірақ бұл – сыртынан пішкендегі пікір. Әрбір өнердің ішкі логикасы болады. Қарапайымда қанша қисық, оғаш болса да, көркемдеу құралдары, бейнелеу жүйесі сол ішкі логикаға бағынғанда, қисынсыздан міндеті түрде мағына туады, мән пайда болады. Қиясбай реализмі біздің қарабайыр пайымымызға сыя бермейтін реализм» депті. Рас-ау.

Қияс жарықтық «мынауың өлең емес» дегендерге, «Абай ағамның өзіне сынатып алғанмын» деп бет қаратпайды екен. Яғни Қияс аға өзінің лақпа жырын Абай ағасының рухани беделіне сүйеп тірілтіп отырған. Тіпті Қияс ағаны ұштап, шығармашылық қуат беріп отырған Абайдың өзі болуы да мүмкін ғой. Демек Абай айналасы – ұлан-ғайыр образ. Соның бірі – Қиясбай бейнесі.

* * *

Бірде Қиясбай келіп: «Абай аға, маған мына қағаз бен қарындашыңды берші, бірдеңе жазайын», депті. Абай ағасы оған қағаз, қарындаш беріпті.

Қиясбай қағаздың бетін иір-қиыр шимайлап шығады да: «Абай аға, сені жеті жұрттың тілін біледі дейді, мына жазу­ды оқышы!» деп өтінеді. Абай түсі­нік­сіз шимайды аударып-төңкеріп көріп: «Әй, Қиясбай, мына жазғаның оқуға келмейді ғой», деп күліпті. «Абай аға-ай, сізді ел босқа мақтайды екен, бұл айғыр тышқанның ізі емес пе», депті.

* * *

Қиясбай сақа жігіт болғанша үйлен­бепті. Бір күні Абай ағасы: «Қиясжан, сенің үйленетін уақытың жетті емес пе?» дейді.

 – Ұнатқан қызымды әперсең, үйле­немін.

 – Әперейін, бірақ сен сол қызыңды әуелі маған көрсет!

Қиясбай мақұл деп шығып кетеді. Арада айлар өтеді. Қазанның қара бораны соғып тұрған бір күні Абайдың үйіне ебіл-дебіл Қияс аға келеді.

– Абай аға, тезірек далаға шық, сізге ұнаған қызымды көрсетейін.

Абай шапанын жамылып сыртқа шықса, жамыраған бұзауға қарай жүгіріп бара жат­қан қызды көрсетіп: «Анау», депті. Қыздың кеспірі Абай­ға ұнай қоймаса керек, ойла­нып тұрып: «Мына адаммен бірігіп шаруа құрып кете аласың ба?» дейді. Ағасының ұнатпай тұрғанын аңғарған Қияс­бай: «Абай аға, сіз бұл қызға өз көзіңізді былай алып қойып, орнына менің көзімді салып тағы бір қараңызшы», депті.

* * *

Бір күні Қиясбай Абай аулына келіп, қонақ болады. Бұл кісінің тап­қыр­лығына қызыққан Абай әдейі сөз тар­тып, аттанарында бұйымта­йын сұрапты. Қиясбай көже-қатық сұрай кел­генін айтады. Сонда Абай бәй­бі­ше­сіне:

 – Мына Қиясбайды шо­шалаға кіргіз, қала­ға­нынша ет алып шықсын, – дейді. Қиясбай болса қойдың басы мен төрт сирағын алып шығады. Бұған таңданған Абай оның мәнісін сұрағанда, Қиясбай қолма-қол:

 – Басы, төрт аяғы бар қой жетекке жүре бермей ме? – деп жауап береді. Басы бүтін қой сұрап тұрғанын аңғарған Абай:

– Ендеше, қорадан таңдап бір қой ал, – дейді. Қиясбай қорадағы қойды о шетінен бұ шетіне бытыратып қуа береді. Бірақ ешқайсысын ұстамайды. «Мұнда бір мән бар шығар» деген оймен Абай оны тоқтатып алып, себебін сұрайды. Сонда Қиясбай:

– Алдыма салып айдап әкетейін десем, жалғыз қой отардан шығатын емес, – деген екен. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп Абай ағасы бір күліп алып, Қиясбайға айдап кететіндей оншақты тұяқ беріпті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру