"ҚОЛЫҢДЫ ТӨБЕҢЕ ҚОЙМА"
Айналасынан зәбір-жапа көріп, тұрақтайтын тиянақ таба алмай, жанашыр сезімге зар болған адам ел-жұртынан безіп кетуге бел буғанда қолын төбесіне қойған.
"Енді сендерді желкемнің шұңқыры көрсін, көз жетпес жаққа жоғалам", - деп артына бұрылмай кетеді.
Ол сол кеткеннен қайтып оралмайды. Мұндай ауыр тәуекел, тосын шешім жасайтындар сирек болса да ел ішінде кездескен екен. Мысалы, тарихта болған оқиға - Шәкәрім қажы Құдайбердіұлының "Қалқаман-Мамыр" дастанындағы Қалқаман өзін өлімге қиып, оққа байлаған ел-жұртынан осылайша кетіпті, яғни қолын төбесіне қойып артына қарамай жөнеліпті. Қайтып өз еліне - Тобықты ішіне қайтпаған.
"Қолыңды төбеңе қойма" деген - тіршіліктен түңілу, дүниеден баз кешу, ел-жұртынан, кіндік қаны тамған туған жерден айырылу секілді қасіретті жағдай кімнің де болса басына түспесін, жаманнан аулақ болсын дейтін тілектен шыққан тыйым.
Зейнеп Ахметова "Күретамыр"