Құранды «Құранша» оқу

12 тамыз 2021 6771 0
Оқу режимі

Құран кәрімді өз деңгейінде түсініп, өмірдің өзегіне айналдыру немесе өзіне тиісті орны мен рөлін айқындау әуелгі кезекте ол кітапты Алла Тағаланың кәламы деп біліп, иләһи бастаудан алынған мәліметтермен өмірді қайта жаңарту үшін жіберілгеніне иман етуге әрі «Құранша» оқуға байланысты.

Құранды құранша оқу деген сөз адамды да, ғаламды да, құбылыстарды да Құран әдісімен зерттеу дегенді білдіреді. Құранды оқу әрі Құранның оқы деген нәрселерін оқу жаңаша сипатта өмір сүруге жетелейді. Ол – Құранның басшылығымен оқуға, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үйреткен тәсілдерімен ойлануға әрі құбылыстардың ақиқатын түсуге негізделген өмір сүру үлгісі. Онсыз да өмірге мән қосатын нәрсе: оқу, ойлану, түсіну әрі бар болып жаратылуымыздың бізге жүктеген міндеттері тұрғысындағы іс-әрекет, ниетімізбен өз құдіретімен бізге мәңгілікті нұсқаған Шынайы Құдірет иесіне қарай қадам басу емес пе?!

Құран сөзді Алланың атымен оқуды бұйырудан бастай отырып, оқыған адамның нені ұғынатынын, ұғынған нәрселерімен таным көкжиегін қалай кеңейтетінін, кіммен тілдесу бақыты бұйыратынын түсіндіреді. Адам оқыған сайын өзін танып, өзін тану арқылы ғалам жаратылысының ақиқатын түсінеді. Құранның үйреткеніндей оқуды меңгергендер біз сөз еткен ақиқатты түсінгенде, барлық жаратылысты өз құдіретімен әсемдеген Шынайы Ақиқат Егесін табады. Өйткені, оқу – Құранға әрі Құран шақырып отырған әлемдерге енудің алғышарты. Оқымастан Құранмен тілдесу қиын. Тіпті оқымай тұрып оның соңынан еру де мүмкін емес.

Оқу арқылы кісінің жан-дүниесі өзгереді, өйткені ол бар оқығанын өзінің бойына сіңіреді. Құранды Алла меңзеген мәнді негізге ала отырып оқу, Құранға ену, Құраннан өзіңізге орын табу − Құранға айналу үрдісіне жол ашады. Құранды оқу сіздің өмір сүру салтыңызға нұрлы аяттар мен иләһи ұстанымдарды енгізе отырып, сізге онымен сіңісу мүмкіндігін береді. Оқудың Жаратушы алдында өзіңізді білдіру екенін сезініп, оқылған әрбір нәрседен Алланың адамзатқа деген үндеуін ұға білу керек.

Оқыған сайын құдірет ұстаханасының жұмыс істеп тұрғанын көресіз. Соның негізінде өзіңізді қоршаған ортадағы құдірет нақыштарын тамашалап, Жаратушы Иеге құрмет көрсете бастайсыз. Тіпті Онымен бөлекше тілдесіп, өзіңіздің алғысыңыз бен борыштарлығыңызды білдіресіз.  

Оқыған сайын Жаратушының тек оқумен мәні айқындалатын барлық болмыстары сізге ентелей түсіп, оқылу үшін маңайыңызға жиналады. Сіз оқуға ықылас танытқан сайын көз алдыңыздағы барлық перделер түріліп, ғалам кірпіштерінің барлығы: құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей өзінің ішкі мәнін ашып, «Қарашы, мен құдіреттің қандай белгісін танытудамын» деп, еріксіз назарыңызды өзіне аударады.

Негізі, оқыған сайын бар екенімізді жақыннан сезіне түсеміз. Сезініп, бізді бар етушіге қол созып, жәрдем тілейміз. Біздің оқуымызға сай ашыла түскен мән-мағыналардан қолымызды бос қайтармағанын сеземіз. Тіпті, «Тағы да оқып, қолдарыңды соза түсіңдер» дейтіндей. 

Оқыған сайын адами келбетімізді де айқындай түсеміз. Адами қасиеттерімізді шыңдап, ізгілікті іс-әрекеттерімізді арттырамыз.    

Мұзарт шыңдардан құлап жеткен қар суымен тәнімізді тазалап жатып, сана биігінен жеткен шабыт самалымен рухымызды да пәктейміз. Бір қыс бойы сол таулардың басындағы үйілген қар, әр көктем сайын бүршік жарып көктеген гүл, қыста аяз болып қатқан ағаш бұтақтарына иләһи құдіретпен дарыған өмір, бір жаз бойы әр бұтақтағы жеміс бола алсаңыз, оқи отырып оқылғаныңыз анық. Тіпті оқудың нағыз өзі болуыңыз да ғажап емес. 

Оқып жүріп Жаратушымен тілдескеніңізді байқайсыз. Оқыған нәрселеріңіз арқылы Жаратушының сізге тіл қатқанын сезесіз. Жаратушымен тілдесудің шексіз бақыты сіздің оқи түсуге деген ынтаңызды еселейді. Ал сіз өзіңізден кейінгі ұрпаққа жаңаша оқу мен тамашалау көкжиегінің картасын бейнелейсіз.

Оқи отырып Жаратушының сізді кішігірім қалам, дәптер я кітап ретінде қолданғанына таңғаласыз. Жаратушының сіздегі оқуға деген талпыныс, қызығушылық арқылы жаңаша ақиқаттар жазғанына әрі жазғандарының біршамасын сіздің бойыңызға да бейнелегеніне қатты таңырқап, сәждеге барасыз.

Құран «Оқы» деп бұйыра отырып, ол бұйрықтың нақты кімге арналғанын ашық айтпайды. Сірә, Құранды оқыған әрі ғаламды Құран арқылы тануға ұмтылғандардың баршасын меңзеп, соған сай міндет жүктеген шығар. Тіпті аталмыш бұйрық Құран кәрімнің өзіне де қарата айтылған болуы мүмкін. Жаратушы Құранға «Сен ғаламды оқы, таны, адамзат сен арқылы ғаламды танысын» деп бұйырған деп түсінсек, бұл сөзіміз ақиқатқа қайшы келер ме екен?!

Құран «Оқы» деген бұйрық арқылы оқу ісін бастатқан болса, ол оқу алдымен Расулалла (с.ғ.с.) арқылы жүзеге асқан. Алла алдымен пайғамбарын «оқып», уахи ілімімен байытқан. Кейіннен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран арқылы өмірді, жағдаяттар мен құбылыстарды және адамды «оқып», оларды иләһи білімнің аясына топтастыра білген. «Оқы» бұйрығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) танымында жаңаша сипатқа, жоғарғы артықшылыққа ие болды. Адамға жарасымды кейіпте өмірдің иманмен астасқан ең маңызды әрі қажетті талабына айналды.

«Оқы» бұйрығы Расулалланың (с.ғ.с.) танымында Алланы тану, Оған иман ету, иманға негізделген мәдениет құру әрі иман мәдениетінің күш алатын бастауы секілді жаңа, орнықты мағынаны иеленді.

Алла елшісінің (с.ғ.с.) иман мәдениетін құратын кезде айқындаған, өзінің пайғамбар екенін дәлелдейтін, иләһи құдірет үшін жасаған әрбір іс-әрекетіне қарасаңыз, әлеуметтік әрі жеке өмірінің әрбір тұсын «оқу» арқылы бағалағанын, өмірдің әр деңгейіне лайықты оқу ісін қолға алғанын көресіз. Расулаллаһ (с.ғ.с.) пайғамбарлықтың алғашқы үш жылын «Дарул-ислам» деген атпен танылған, ішінде Құран оқылатын, алғашқы мұсылмандарға Құран үйретілетін әрі Құранға негізделген өмір салты дәріптелетін үйде өткізді. Белгілі бір санға жеткенге дейін Алла елшісі (с.а.с.) «Дарул-исламды» белсенді оқу әрі құлшылық орталығы ретінде пайдаланды. «Дарул-ислам» деген атпен белгілі Ибн Әрқамның үйінде өткен үш жыл алғашқы мұсылмандарға оқу арқылы иман сіңірілген, оқу мен құлшылыққа негізделген ішкі дамуға көңіл бөлінген бөлекше аралық кезең еді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) одан кейінгі жылдары Мәдинаны Ислам астанасы ету бағытындағы жүргізген барлық іс-әрекеттері де оның «Оқы» әмірі бойынша қимылдағанын көрсетуде. Ақаба келісімінен кейін Мәдиналық мұсылмандармен бірге аттанған Мұсғаб ибн Үмейр (р.а.) барған елге «мұқри» есімімен әрі мамандығымен танылған. «Әл-мұқри» мұғалім, ұстаз дегенді білдіреді. Яғни пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шет елге жіберген елшісі ұстаз болатын. Әсілі түсіне білгенге оқытушылар, мұғалімдер, тәрбиешілер, ұстаздар немесе мектептер арқылы Исламның насихатталуына жол ашу Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кейінгілерге аманаттаған пайғамбарлық жоба еді. Расулалла қолға алған әрі (с.ғ.с.) Мәдина қаласын Құранның «Оқы!» деген бұйрығына сай жаңадан қайта құрды. Осы тұрғыдан келгенде Мәдина иман мен тәухид мәдениетінің астанасы ғана емес, оқу мәдениетінің де астанасына айналған. Сондықтан мәзһаб арасындағы кей талас-тартыс кезінде Мәдина жұртшылығының қалыптасқан іс-әрекеті дәлел ретінде саналғаны бекер емес. Яғни кейбір мәзһабтар қоғамға қатысты діни мәселенің пәтуасын анықтау кезінде әуелі Құранды, одан кейін Пайғамбар сүннетін басшылыққа алумен қатар, сол кезеңдегі Мәдинадағы сахабалардың дағдысын да есепке алған. Өйткені Мәдина жұртшылығын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз бақылауында ұстап, Құран кәрімді негізге ала отырып тәрбиелеген еді. Құранның құқықтық үкімдерінің басым көпшілігі Мәдинада түскен. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, бұл құқықтық үкімдерді сахабаларының көз алдында бар егжей-тегжейіне дейін орындап көрсеткен. Осы себепті олар мәселелердің өзгелерге беймәлім астарын жақсы меңгерген. Сондықтан кейінгі жылдарда туындаған келеңсіз мәселелерді шешуде сол кезеңдегі сахабалардың уахиға қайшы келмейтін іс-әрекеттері аса маңызды еді.

Мәдинада тікелей Пайғамбарымыздың мұрындық болуымен құрылған Суффа медресесі, Пайғамбар мешіті мен Дарул-құрра секілді мекемелер құлшылық орны болумен қатар оқу-ағартушылық қызмет атқарғаны да белгілі. Бұл Ислам мәдениетінің түп негізінде Құранның «Оқы!» деген бұйрығы мен оқу-ағарту ісі жатқанын байқату, терең ойға берілу мен зерттеуге құлшынтатын қасиетке ие екенін аңғарту тұрғысынан аса маңызды.

Құран бүкіл жаратылыстар ішінде жұмыр басты адамға «Оқы!» деп бұйрық бере отырып, оның имани санасын қалыптастырған. Бұл бұйрық Алла елшісінің (с.ғ.с.) өте мұқият әрі сезімтал қасиеті негізінде іске асып, уахи мазмұнымен әрі уахиға сай ғаламды оқып, танудағы терең ойлармен толыса түскен. Қос өмірдің бақытын көздеген Ислам мәдениеті бүкіл әлемді құшағына сыйдыратын ғаламдық ұстындарымен дәуірлер мен ғасырларға сәуле шашып, өзінің кіршіксіз пәктігімен қазіргі дәуірді де нұрландыруда.

 Г.Акжы «Құранның алғашқы бұйрығы»
Аударған: Қ. Бағашар.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру