Рамазан айындағы «пілдер».
Имам Мәлік ибн Әнас (р.а) «Муатта» кітабынан сабақ беріп отырған кезінде, Мәдина қаласына келген керуенмен бірге пілдер де келген екен. Бұрын-соңды мұндай хайуанды көрмеген жұрттың бәрі көшеге шығып, тамашалауға ынтығады. Дүрліккен жұртпен бірге имам Мәліктің де (р.а) шәкірттері сабақты тастап, пілді көруге шығады. Тек бір шәкірті ғана Яхия ибн Яхия әл-Лейс (р.а) бармай қалады.
Ұстазы одан: «Елмен бірге пілді көруге неге бармадың?» – деп сұрайды.
Ол болса: «Ұстаз, мен Мәдинаға піл көру үшін келген жоқпын. Сізден дәріс алу үшін келдім», – деп жауап береді.
Расында, тарихта басқа шәкірттерінің аттары шықпаса да, Ислам әлеміне мәшһүр шәкірті – фақиһ, ғалым Яхия ибн Яхия әл-Лейстің аты қалады.
Құрметті жамағат, сол сияқты Қасиетті Рамазан айы кіргенде, сол аймен бірге, бізді негізгі мақсатымыз - Алла ризашылығы үшін ораза ұстап, жақсы амалдар жасаудан адастыратын осындай сынақ «пілдер» де келері анық.
Алла Тағала адасудан сақтап, Өзінің ризалығына лайық ораза ұстауға жазсын!
Аударған Қуат Қабдолда
Дереккөз: muslim.kz