Рамазан қандай ай?

02 мамыр 2019 19318 0
Оқу режимі

Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы.

Рамазан – айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі де киелісі.

Рамазан – ақ пен қараны ажыратып, тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрак ай.

Рамазан – құлдың шын ықыласпен тәубаға келіп, Ұлы Жаратушысына қайта бет бұру заманы.

Рамазан – Хақ Тағаланың мейірім-шарапаты ерекше асып-тасатын айрықша ай.

Рамазан – пенделік қылықтардан мейлінше арылып, рухани барынша кемелденіп, ішіп-жеуден уақытша болса да тыйылып, «періштеге» ұқсап бағудың табылмас сәті.

Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы.

Рамазан – атойлаған нәпсіге тойтарыс беріп, оған қыл бұрау сала ауыздықтау айы.

Рамазан – қара ниетті шайтанның ауыз бекіткен адам баласын азғыруда амалы құрып, кері шегінетін айбарлы айы. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) «Рамазан айы келгенде, жәннаттың есіктері айқара ашылып, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді» деуі бұл айда шайтан атаулының көксегеніне жете алмай дымы құритынын білдіреді.

Рамазан – құлдың Хақ Тағалаға барынша жақындау үшін күллі қам-қарекетін салатын, бар жігер-қайратын төгетін ұлы майданы.

Рамазан – сексен үш жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар ең берекелі ай.

Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі.

Бұл айда Құран бастан-аяқ қайта-қайта хатым жасалып, әр-әр жерде оның қасиетті үні ғажайып сұлу әуенмен оқылып, көкке шалықтап жатады. Құлдың жасаған жақсылығын періште атаулы жарыса жазып, тіпті, ораза сауабын өлшеп жазуда қалам тоқтап, тек «ораза ұстады» деген баяндаумен ғана шектеледі де, берілетін сауаптың мөлшері Ұлы Құдірет Иесінің құзырына аманатталады. Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша», – деп, оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген.

Мұсылман үмбеті бұл айды сарыла күтіп, сағына қарсы алады. «Ендігі жылы бұл қасиетті аймен қайта қауышуға ғұмырым жете ме, жоқ па?» деген қимас сезімдермен шығарып салады. Сондықтан, Хақ Елшісінің тілінде мына бір дұға әрдайым қайталанатын да тұратын: «Уа, ұлы Құдірет! Бізді қасиетті Рамазан айына жеткізе гөр!».

Иә, Рамазанда Жаратқанның құлдары жаппай ораза ұстайды. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Сондықтан, бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен айқаста күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдайды. Барша дене-мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге кісен салып бағады. Бұл айда оның көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.ғ.с.): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген салмақты ескертулері жаңғырып тұрады.

Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан, Жаратқанның құлдары бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір сорақы іс әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып, сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді.

Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзе білген, тіпті, жаздың небір ми қайнатар аптап ыстықтарында да ауыз бекітуге шыдаған жандар ендігі жерде өмірде кездесетін небір қиындықтарға мойымай, сабырлылық танытады.

Басқа айда өз қалауынша бей-берекет ішіп-жеп үйренген құл ендігі жерде судың бір тамшысын, тамақтың бір түйірін аузына салу үшін Ұлы Иесінің «азан» атты бұйрығын күтеді. Сөйтіп, он бір ай бойы өзін ие санап келген тәкаппар нәпсіге барша ырыс-берекенің, рызық-нәпақаның шынайы Иесі Алла Тағала екенін ұқтырады.

Өз еңбегімен тапқан алдындағы әсемдігімен көз сиқырлап, сілекей шұбыртқан адал асын Ұлы Иесінің бір ғана «Ораза ұста!» деген бұйрығының құрметіне тәрк етеді. Мұны жасай білген құл ендігі жерде өзгенің мал-мүлкі мен дүние-затына, асы мен асылына қол сұғып, арам іске бару былай тұрсын, ондай ойды бір сәт болсын жүрегі не жолатпақ емес.

Таңның атысы кештің батысына дейін аш жүрген кісі өзінің әлсіздігі мен әлжуаздығын түсініп, Жаратқан Иесінің шексіз құдіретті екенін жан жүрегімен сезіне бастайды. Түс ауа құрсағы күндегі үйренген әдетіне салып бұлқынғанмен, іштегі «рұқсат жоқ» деген иман үнімен қайта сабасына түседі. Алғашқы кездері атойлаған асау нәпсісі отыз күндік оразада бара-бара райына түседі. Ендігі жерде ол нәпсінің жетегінде емес, нәпсісі оның жетегінде жүрмек.

Кеш ауа ерні кеберсіп, барынша ашыққан құл қарны кейде шала тойып, кейде аш жүретін жетім-жесір, кедей-кепшіктердің хал-ахуалын ұғынып, аштықтың, жоқтың не екенін жан-тәнімен сезінеді. Сөйтіп, оның қатая бастаған жүрегі мейлінше жібіп, оларға деген мейірімі оянады. Бұдан былай ол жетім көрсе жебеп, кедей көрсе демеп жіберуді өзінің ұмытылмас борышы деп біледі.

Күн батысымен азан оқылған сәтте оның жан дүниесінде құдды бір ғажайып мейрам басталғандай болады. Тілегін айтып, алдындағы суды ішкен кезде оны алғаш рет ішіп тұрғандай ғажап күй кешеді. Судың жүрісін бүкіл тұла бойы, тіпті, саусақтарының ұштарына дейін шымырлап сезінеді. Ал, күнделікті асы оған дүниенің ең дәмді тағамындай көрінеді. Сол мезетте күнделікті ағыл-тегіл ішіп жүрген, ауыздан дәмі кетіп, мұрнынан исі жоғалған асының қадір-қасиетін түсініп, шынайы дәмі мен кеңсірік жарған ғажайып исін сезінеді. Сөйтіп, оларды «құлым ішсін, жесін» деп әсемдеп жаратқан Ұлы Иесіне шүкіршілік етіп, алғысын білдіреді.

Бұл айда мұсылмандар бір-бірін қонаққа шақырып, ауызашар берудің, сауапқа кенелудің қызығына түседі. Дастарқанда небір ғибратты әңгімелер айтылып, сиқырлы уағыздар төгіледі. Рамазан берекелі дастарқан боп жайылып, отыз күндік иләһи мейрамға айналады.

Ауызашарды қуалап, «тарауих» намазының уақыты кіреді. Мешіттің іші маңдайын сәждеге қойған жандар мен көктен түскен періштелерге лық толады. Сөйтіп, ол жер періштелер әлемінің қызыға назар салар бірден-бір рухани мекеніне айналады. Онда ерекше мақаммен оқылған Құран сүрелері мен шынайы ықыласпен жасалған истиғфар (кешірім тілеу), зікірлер жүректердің дағын шайып, көңілдің түкпір-түкпірін аралап, жандүниеге ғажайып әсерін қалдырады.

Отыз күн отыз сағаттай өтеді де кетеді. Мұсылман баласы тәтті түсінен оянып кеткендей күй кешіп, «әттеген-ай, бүкіл ғұмырым ораза болса ғой» деген қимас сезіммен бұл аймен қоштасады. Рамазанды өкшелеп, қасиетті ораза айт та келіп жетеді. Айт мейрамы мұсылмандардың оразадан кейінгі жабырқаңқы көңілдеріне жұбаныш сыйлап, қуаныш дарытады. Айттағы мешітке сыймай, көшеге ағылып-төгілген жамағаттың оқыған Айт намазын да, жүздеріндегі әсерлі шат-шадыман қуанышын да, үйді-үйге риясыз көңілмен айттасып, жыл бойына жіберіп алған ағаттықтарын шынайы пейілмен кешірісуін де, бір-біріне игі тілек тілесуін де толықтай суреттеп, сипаттап шығу әсте мүмкін емес.

Қайрат Жолдыбайұлы

Тегтер: Рамазан ораза

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру