РАМАЗАН – РУХАНИ КЕМЕЛДІК АЙЫ

18 сәуір 2022 6539 0
Оқу режимі

Ардақты ағайын! Бәрімізді жарылқаушы, қорғаушы, мейірімі шексіз Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстайтын болсын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді», – дейді. Алла Тағала мүбәрак айдағы құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл, иманымызды кәміл етсін.


Бұл айдағы әрбір ісіміздің сауабы не зияны өзге уақыттарға қарағанда еселенетіні иісі мұсылман қауымына мәлім. Себебі, Рамазан айын өзге айлардан құрметті қылып, сауабын өзім беремін деп Алланың өзі кәламында бізге баяндайды. Оның рахым-нұры жауатын, мысқалдай ізгі амалымызға таудай сауаптар жазылатын айда құлшылық-ғибадаттарымызды көбейтіп, сөзіміз бен ісімізді түзеп, ниетімізді тазартуымыз керек.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді», – дейді. Жалпы, мұсылмандарға бұйырылған аяттарда Алла Тағала тек қана бұйыратын, оның сыры – Аллаға бой ұсынатындар мен теріс бұрылатындарды ажырату еді. Ал, бұл аятта оразаның не себепті бұйырылатынын айтады, яғни, «тақуалыққа жетулерің үшін» дейді. Алланы жүрекпен еске алу, тілмен зікір қылу, амалымен, өмірлік өлшемдерімен дәлелдеу. Есепсіз жасаған өткен қате-кемшіліктері, күнәлары үшін Алланың азабынан қорыққан күйде Оның рахымы мен мейірімінен үміт ете отырып, Оразаны өзіне қалқан қылу – шынайы тақуа, момын жанның бейнесі.

Әз елші Мұхаммед (с.ғ.с.) «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмметімнің айы», – деп, мұсылман үмметі үшін қасиетті уақыттарды айқындап берген. Осы сипаттағы тағы бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Иә, Алла! Ережеп және Шағбан айын қайырлы әрі мүбарак еткей, бізді Рамазан айына аман-есен қауыштыр», –деп Раббысынан сұрап, дұға ететін. Пайғамбар тілеген жақсылыққа, мейірім мен рахым айына, кешірім мен береке айына оның үмметі – мына сіз бен біз Алланың амандығында жетіп отырмыз, ағайын. Хақ елші құрметтеген айларға да құрметіміз жоғары болса, Алланың алдындағы дәрежеміз де соған сай болмақ. Оразаның мұсылмандарға парыз болу хикметі жайында Бұхариден жеткен хадисте: «Егер адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес», – деп сипатталып, оразаның мән-мағынасы тереңде екенін байқатады.

Бұл хадистен ұғатынымыз Аллаға шын иман келтіріп, мойынсұнған момын жан үшін ораза дегеніміз тек қана тәннің оразасы болмауы керек. Бұл – күнәға түсер көздің, ғайбатқа икем тілдің, өсек, қаңқу сөз бен жалаға жақын құлақтың, бүкіл он екі мүшеміздің оразасы болса керек. Мүміннің бойында болуға тиісті емес әрекеттерінен тыйылмаған адамның оразасы жөнінде ардақты Елші (с.ғ.с.): «Оның оразасынан аштықтан өзге ешнәрсе бұйырмауы мүмкін», – деп сипаттайды.

Міне, қадірменді ағайын, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес екен. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынуға тырысайық.

Қасиетті Құран кәрімнің «Хужурат» сүресінің 10-12 аяттарында айтылғандай, Алла Тағала бір қауым екінші бір қауымды мазақ етуден, лақап атпен атау және көп күмәнданудан тыйылу туралы бұйырады. Себебі, көп күмәннің бірі нағыз күнә болуын мүмкін екенін ескертеді Раббымыз. Ақырет күніне дейін ешбір құндылығы жойылмайтын Құран бұйрықтары бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі азаматтары үшін де маңызды. Зайырлы қоғамдағы демократиялы ел шаңырағында әртүрлі ұлттар мен ұлыстар, өзге де дін өкілдерінің өмір сүруі – өмір заңдылығы. Анығында, сабырдың ең төменгі шегіне жеткен мұсылманның өзі өзгеге пайдасы тимесе де, зиян етпеуі шарт.

Бұл айдағы Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам сабыр мен төзімділіктің үлгісі бола білуі тиіс. Тіптен, ораза кезінде айыптап, сөге сөйлеген кісінің өзіне де шыдамдылық танытып, пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетінде айтылғандай «Мен – оразамын» деп жауап беруі шарт. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұйырған осы сөздің өзі көп адамға ескерту болары анық.

Дана қазақ аталарымыз айтқандай, «мұсылманшылық әсте-әсте» дамып, өркендейді. Ислам тарихына көз жүгіртер болсақ, Алланың хақ діні де жиырма үш жылдық пайғамбар мойына жүктелген аманат арқылы жер жүзіне тарады. Сабырдың нақ өзін көрсете білген алғашқы мұсылмандардың өмірлері, Хақ жолында көрген сынақтары кімнің де болсын көзіне жас үйірмей қоймайды. Небір сын сағаттарын бастан кешірген сахабалардың қиын-қыстау сәттеріне байланысты Алла Тағала: «Сендер иман келтіргендіктеріміз үшін сыналмаймыз деп ойлайсыңдар ма?»,[1] – деген аятын түсіреді. Осы уақиғаларды еске алған бүгінгі күннің мұсылмандары Алланың сансыз нығметтеріне шексіз шүкірлер айтып, сын-сынақтарға кезіккенде тарихта алтын әріппен аты қалған сахабалар өмірін еске ала отырып, бұл дүниенің сынағын сабырмен қарсы алса, иншаАлла, ақыреттегі егіні мол болмақ. Жыл он екі айдың бір айында ғана келетін сансыз сауаптар, нығметтер берілетін Рамазан айына деген ыстық ықыласымыз бізді екі дүние бақытына жетуге сеп болады.

Ілгеріде өткен ізгі мұсылмандар Рамазанның қуаты мен шуағына шомылып, оразадан кейінгі алты айда Алланың нығметіне деген қуаныштан айыға алмайтын, ендігі алты айы қалғанда «Раббым, бізді Рамазанмен қауыштыра көр» деп асыға күтетін болған. Себебі, бұл айда жасалар құлшылықтар, ғибадаттар мен ізгі амалдардың сауабы мың айға татырлық қасиетті қадір түні бар. Сансыз сауаптардың есігі айқара ашылып, шайтандар шынжырланып байланатын мүбәрак айдың күндерін алаңсыз, түндерін қаперсіз өткізуден сақ болайық, қадірлі мұсылман қауым!

Құдси-хадистердің бірінде Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық», – дейді. Бұл дүниедегі оңай олжа табу жолдарының жеңіл болып, ал еңбекпен тапқан табыстың көзі қиыншылық пен адалдық жібін аттамағанда ғана берекелі болатыны әмбеге аян. Бір Алланың разылығы, дүние ақыретіміздің жарық болуы үшін ұстаған оразада кездескен қиыншылықтар мұсылман баласын жасытпайды деп білеміз. Күні ұзаққа ораза болған жанның ауыз қуысынан шыққан иістің өзін әлемдердің Раббысы жұпар иіс мисктен жоғары бағалап, құлының сыйын бір Өзі өлшеп, бір Өзі берер болса, момын мұсылман үшін бұдан асқан нендей нығмет керек болар? Әсте, өзгені қаламас едік.

Қадірменді ағайын, сабыр мен тақуалықтың, шынайы иманның дәмін сезіндіретін маусымның аптабы мен шілденің шіліңгіріне сәйкес келген Рамазан айында Алланың нығметтерінен құр қалмайық.

Салман Фарси (р.а.) айтады: «Расулалла (с.ғ.с.) Шағбан айының соңында бізге: «Өте ұлы әрі берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық бір түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды сауап алғанға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Алла тағалаға жақындаған адам, Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады. Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни, аштықты сезініп, кембағалдарға жанашырлық ету айы. Бұл айда мүміннің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді», – деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді», – дегенде, ол: «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ тағаланың рахметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни, қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ тағаладан өзге тәңір жоқ» деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстауға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді», – деді».

Қадірменді ағайын, тәуелсіз елдің көк байрағының астында бірлікте тірлік қылып, ауызбіршілік пен ынтымақта ғұмыр кешейік. Ел ертеңі мен баянды болашақ үшін қызмет қылып жүрген ел азаматтарының амандығын тілейік Жаратқаннан. Дұғалар кері қайтарылмайтын қасиетті айларда мекеніміздің мамыражайтыныштығы үшін көптен-көп дұға-тілектер жасайық.

Мүбәрак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіне лайықты жандардың қатарынан болуымызды Алла өзі нәсіп еткей! Қасиетті Рамазан айы баршамызға құтты, берекелі, күллі мұсылман жұртшылығына қайырлы болсын! Оразаларыңыз қабыл болғай, әлеумет!

 

[1] «Анкабут» сүресі, 2-аят.

Наурызбай қажы Тағанұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру