Рухани тұтастық – бірліктің бастауы

17 қазан 2019 13040 0
Оқу режимі

Келешекке кемел қадам басқан кез келген елдің арман-мұраты, мақсаты мен тілегі халқының бейбіт те тату тіршілік етіп, тыныштықты өмір сүруі екені даусыз. Бейбіт өмір – береке-бірліктің бастауы. Бұл болашаққа нық қадам басып, өркениет биігін еңсеруге жол ашады. Халқымызда «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деген мақал осы орайда айтылса керек.

Әрбір ұлт, әр халық бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруді қалайды. Ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігі. Тарихқа қарасақ, адамзат небір сұрапыл зардапты кезеңдерді бастан өткерді. Жазықсыз жандар жапа шекті. Бұл құбылыстар татулық пен бірлік кеткен жерде берекесіздік жайылатынын айқын аңғартады. Бүгінгі ХХІ ғасырдағы әлемнің, оның ішінде Қазақстанның да алдына – ел тұтастығын, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен рухани бірлікті сақтап, бейбітшілік үшін жан аянбай күрес жүргізу міндеті шықты.

Өткенге көз салмай, болашаққа батыл қадам жасау мүмкін емес. Ел тарихына көз салсақ, тағдырдың талай ауыртпалығын, қиын-қыстау кезеңдерді, ашаршылықты бастан өткеріп, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бірлікпен ғана бүгінгі ұрпағына осындай бейбіт те мамыражай заманды мирас еткенін көреміз.

Өз заманының абызы атанған Қабылиса жырау өзінің бір толғауында:

Бақыт қайда барасың?
Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен.

Кез келген елдің, ұлт пен ұлыстардың ұлы мұраты да осы – татулық, ұйымшылдық пен бейбітшілік. Бұл ізгі тілек-ниет бабамыздың осы бір жыр жолдарында жазылып, баршамыздың санамызға сәуле құяды.

Задында, бейбітшілік пен рухани бірлік ұғымы – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттердің бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деген сөзі кешегі тарих пен бүгінгі бейбіт заманды ұштастырады. Тағы да тарихты сөйлетсек, қазақ жеріне келіп-кеткен әр замандағы ғалым-ғұламалар, саяхатшылар, зерттеушілер пен елшілер өз естеліктерінде халқымыздың ынтымақ сүйгіш, бейбітшіл ел екенін ерекше атап жазады.

Осы асыл қасиеттер еліміздің егемендігіне де үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде ынтымағы жарасқан Қазақстанның әлемде татулық пен бейбітшілікті сақтау ісінде үлгі боларлық ел екеніне күмән жоқ.

Ал, халқымыздың салт-санасына сіңіп, өмірлік өлшеміне айналған ислам діні, әлбетте, адамзатты бейбітшілік пен татулыққа шақырады. Асыл дініміздің атауының өзі «Амандық, есендік» мағыналарын қамтиды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Біз сені барша әлемге рақым шуағы етіп жібердік»,[1] дейді. Мейірімділікті тарату үшін түсірілген ислам діні әрбір мұсылман баласын өз болмысымен, іс-әрекетімен, парасат-пайымымен бейбітшілік пен татулықты насихаттап, көрсете білуге шақырады. Өкініштісі, әлемде және біздің қоғамда осы бір шынайы діннің тұнығын лайлап, халықтың арасына жік салып, елді үрейге түсіргісі келетін топтар да жоқ емес. Бұл біздің ел ғана емес, жалпы әлемде орын алып отырған, ғаламдық құбылыс, яки адамзаттың алдындағы ғаламдық мәселе деп ұғынғанымыз дұрыс болар. Діннің атын жамылып, дінаралық араздықты қоздыру, ұлт пен ұлысты бірлігінен ажырату, шындығында, ешбір дін құндылықтарына жатпайтын, мәдениет мектебінен мүлде алшақ, адамилыққа жат әрекеттер деп білемін. Асыл дінімізде қоғамның бірлігі мен рухани тұтастығын сақтау турасында өте көп айтылады. Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистеріне жүгінсек, татулық пен тыныштық жайында:

«Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы ислам жібін үзгенмен тең»[2];

 «Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге»[3];

«Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақымдылық бар, ал бөлінушілікте азап бар»[4] деген өнегелі өсиеттерін көптеп келтіруге болады.

Ислам бейбітшілік пен татулыққа үндегені секілді, мұсылман адам да бірлікке, дінаралық татулық пен ұлтаралық келісімге бастай білуі ләзім. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Нағыз мұсылман – өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деген сөзі шын мұсылман қоғам тыныштығының қорғаны, бейбітшілік сақшысы болуы керектігін аңғартады.

Дана халқымызда «Отаны бірдің – тілегі бар, тілегі бірдің – жүрегі бір» деген қанатты сөз бар. Жүзі бөлек болғанымен – жүрегі бір, тілі түрлі болғанымен – тілегі бір, діні басқа болса да – Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстар, этностар мен конфессия өкілдері тәуелсіз Қазақстан деп аталатын алып шаңырақтың уығын құрап отыр. Қоғамның осы бір маңызды тұлғалары әлем алдында дінаралық диалогтың, достықтың нағыз моделін көрсетіп, бүгінгідей мемлекетіміздің өркендеп, биік белестерге жетуіне зор үлес қосуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздің Конституциясы аясында азаматтардың ар-ождан құқықтарын сақтай отырып, халықтың бірлігін арттыруда өз құзіреті шеңберінде аянбай жұмыс атқарып келеді.

Дінімізде ең асыл бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау – салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс саналады. Аллаға сансыз шүкір, біздің өз тәуелсіз Отанымыз бар. Осы Отанымызда тағдыры мен тарихы ортақ сан алуан халық рухани үйлесім тауып, бірлікті ту етіп, өмір сүруде. Бас құжатымыз – Конституциямыздың: «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталуының мәні де осында. Осы орайда Қазақстан қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат деп білемін. Олай болса, Қазақ елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бенен біздің азаматтық міндетіміз.

Ендеше ел татулығы мен рухани бірлігі жолында жан аянбай қызмет ету – баршамызға басты міндет. Осы маңызды міндетті, бағалы қызметті жұмыла атқаруға шақырамын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары,
наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы

 


[1] «Әнбия» сүресі, 107-аят.
[2] Тирмизи, Әдеп 78
[3] Әбу Дәуід
[4] Тирмизи, Фитан 7

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру