САБЫРҒА АПАРАР ЖОЛ ҚАЙСЫ?

14 сәуір 2022 7289 0
Оқу режимі

 «Сабыр» – Ұлы Жаратушының көркем есімдерінің бірі. Сөздік мағынасы әрбір істе тағатсыздық танытпай, төзімді бола білу ұғымын білдіреді. Рухани тұрғыдан алғанда, адам қандай бір ауыр соққы көрмесін Тәңірдің разылығы үшін рухани тепе-теңдігін жоғалтпау мағынасына саяды. Базбір ғұламалардың көзқарасынша араб сахарасында «сабыр» деген дертке ем-шипа болатын өсімдік өседі. Осы өсімдіктен дәрі-дәрмек жасап ішкенде, адамның асқазанын оттай қарып, удай ашытады. Бірақ, нәтижесі тәтті, яғни, адамды сырқатынан құлан-таза айықтырады екен. Сол сықылды төзімді бола білудің де басы қатты болғанымен, ақыр-аяғы тәтті болатыны күмәнсіз шындық. Расында да, тағатты түгесер шытырман істерде рух тепе-теңдігін жоғалтпай, ақырына дейін шыдас берсек, біздің ұшпаққа шығатынымыз анық. Әлбетте, адам ет пен сүйектен жаратылған пенде болған соң, шыдамды тауысатын қысылтаяң шақтарда қарсылық білдіріп, тағатсыздық танытуы мүмкін. Бірақ, төзімді тауысқан мәселе әділетсіздікке бағытталып, адамның оған көркем түрде жасаған қарсылығы, шетін істің ұтымды шешімі болып жатса, ол тағатсыздық емес, керісінше парасаттылық танытқандық болып есептеледі. Әйтсе де, көркем мінезділік пен парасаттылық сабырлық тамырынан бастау алады. Сондықтан, қашанда сабыр мектебінің үлгілі шәкірті бола білсек, дәйім адамдықтың нарқын ұғынумен, парасаттылық парқына шыға аламыз.

Әсілі, сабырлы болу – мұң-мұқтажың мен базынаңды Алладан басқа ешкімге тіс жарып айтпау деген сөз. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.а.у) бір хадис-шарифінде: «Табаныңа шөңге кіргенде, Алланың разылығы үшін қаншалықты сабырлық таныта алсаң, саған соншалықты сауап (каффарат) жазылады», – дейді. Яғни, адам жаны күйзеліске ұшыраған сәтте, байбалам салмай, Алланың разылығы үшін барынша байыптылық таныта білсе, одан асқан рухани бай адам жоқ. Себебі, барлық істің нәтижелі немесе нәтижесіз аяқталуы Ұлы Жаратушының құзырындағы – іс. Осыған илана білсек, Алла Тағалаға шын мәнінде иман келтірген болып саналамыз. Демек, әрбір істе ұшқалақтыққа ұрынбай, дегдарлық (жүректің Хаққа байлануы) танытуымыз, біздің адамдық ақыл-ойымызды биік өреге көтеріп, руханиятымызды тақуалық тұғырына қондырады.

Адам сабырлы болмайынша өзінің қатесін түсіне алмайды. Тағатсыздық – бір сәт терең ойланып, жасалып жатқан амал-әркеттің нәтижесін ақыретпен байланыстыруға мүмкіндік бермейді. Ал, тереңдігі жоқ адам, жасаған қатесі үшін Тәңірге тәуба жасай алмайды. Тәңір-Тағаланың разылығына ие болу мақсатында қолға алған қайырлы істі аяғына дейін жеткізу үшін адамның тағат-төзімі берік болуы керек. Тіпті, күнәні істемеу үшін сабырға берік болуымыз қажет. Осы себептен де әз сахабалар Алла Елшісіне (с.а.у): «Иман дегеніміз не?» деп сұрағанда, Ол (с.а.у): «Сабыр» деп жауап қатқан болатын.

Қасиетті Құран Кәрімде сабырлылықтың хикметі туралы жетпіске жуық аят бар. Алла Тағала Бақара сүресінің 153-аятында: «Ей иман келтіргендер, сабыр және намазбен көмек сұраңдар. Күмәнсіз Алла сабырлық қылушылармен бірге», – деп бұйырады. Атақты ғұлама Ибн Кәсир осы аяттың түйінін былайша тарқатады:

«Алла Тағала бізге шүкіршілік жасаумен бірге сабырлы болуды да бұйырып, сабыр мен намаз арқылы көмек сұраудың жолын көрсеткен. Алланың құлы бір жақсылық көрсе, шүкіршілік қылып, ал, қиын жағдайға тап болса, оған сабыр етуі тиіс. Алла Елшісі (с.а.у) бір хадис-шарифінде: «Мұсылман адам не көрсе де әрдайым қанағат етеді. Себебі, Алланың көрсеткенінің бәрін қайырлы деп түсінеді. Егер жақсылық көрсе, шүкіршілік жасап, оны Алланың жасаған иһсаны (жақсылық) деп есептейді. Ал, тауқыметке тап болса, сабыр етіп, оны да өзінің мүддесі үшін қайырлы деп біледі. Ауыртпалыққа қарсы сабырлық танытып, намаз оқып Алладан жәрдем сұрайды. Сондықтан да Алла Тағала «сабыр және намаз оқу арқылы көмек сұраңдар», – деп бұйырған. Алла Елшісі (с.а.у) де бір істің тақсыретін тартқанда, сол замат намаз оқып, Ұлы Жаратушыдан медет сұрайтын.

Сабыр екіге бөлінеді. Біріншісі, харам мен күнәға қарсы тұратын адам бойындағы табандылық. Екіншісі, Алла Тағалаға құлшылық қылған кездегі, сондай-ақ, қайырлы-сауапты амалдарды жасағандағы төзімділік.

Абдурахман ибн Зейд ибн Әслам: «Сабырдың екі бұтағы бар. Біріншісі, рух пен денеге салмақ салатын амалдарды орындаған кездегі ыждағаттылық. Екіншісі, құмарлық сезімі атойлап тұрса да, оған табанды түрде қарсы тұрып, Алланың лағынетінен аман алып қалатын сабырлылық. Кімде-кім сабырдың осы екі бұтағынан мықтап ұстаған болса, мәңгілік бақытқа қол жеткізе алады», – дейді.

Али ибн Хусейін Зейн әл-Абидин сабырлық танытушы қауымның ақыреттегі жағдайы туралы былай дейді: «Алла Тағала ақырет күні адамзаттың бәрін жинап: «Сабырлық қылушы қауым қайда? Олар есеп беруден бұрын жаннатқа кірсін!», – дейді. Осы кезде адамдардың бір тобы келеді. Оларды қарсы алған періштелер: «Қайда бет алдыңдар?», – деп сұрайды. Олар өздеріне нық сеніммен: «Жұмаққа», – деп жауап қатады. Періштелер: «Сіздер кім боласыздар?», – дегенде, әлгі адамдар: «Біз сабыр етушілерміз», – деп жауап береді. Періштелер: «Сіздер неге сабыр еттіңіздер?», –дегенде, олар: «Алла Тағалаға мойынсұнып, құлшылық қылуда сабырлы болдық», – дейді. Сонда, періштелер: «Иә, шынында да сіздер сабырлы қауымнан екенсіздер. Ендеше, жәннатқа кіріңіздер. Сабырлық танытушылдардың сауабы қандай әсем?!», –  деп таңдай қағып, оларға жұмақтың төрін ұсынады» (Ибн Кәсир. Мухтасар. Бақара/153).

Алла Тағала Бақара сүресінің 155-аятында: «Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және дүние-мүліктен, жандардан, сондай-ақ, өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед (с.а.у.), сондай жағдайларда сабырлық қылушыларды сүйіншіле!», – деп бұйырады. Өз дәуірінің кемеңгері Имам Ғазали осы аятқа былайша түсіндірме жасайды: «Сабыр – адамға тән қасиет. Хайуанда тағат-төзім болмайды. Олардың жаратылысы кемшілікке толы. Сондықтан, хайуандар құмарлық сезімге кіріптар. Періштелер болса, сабырлы болуға мұқтаж емес. Себебі, олар құмарлық сезімнен ада. Кемел болып жаратылған. Ал, адам баласы әу баста хайуан сипатында жаратылғанымен, Алла Тағала оларға періштелердің нұрынан бір нұр тарту еткен. Адам баласы әлем-жәлем киінуге, алмас-жақұт тастарды тағынуға, қызыққа қандырар ойын-сауық пен делебені қоздырар саз-әуендерге, өзге де бір сәттік ләззатқа бөлейтін қызықтарға үйір болып келеді. Ал, адам баласы Алланың тарту еткен нұрыменен дүниеге қайта қарағанында қызықшылықтардың бәрі өткінші екенін, оның арбауына түскен жағдайда, мәңгілік азап шегетініне көз жеткізеді. Осыны біле-тұра жасаса, өз-өзін дертінің шипасын біліп тұрып, емделмеген ақымаққа ұқсайды.

Адам баласы санасы сәулеленгеннен кейін құмарлық сезімдерін қатаң тұсап, есесіне Пәруадигар тарту еткен періште пейілімен сауапты істерді атқаруға құмбыл болып тұрады. Яғни, Тәңір тарту еткен періштенің нұрыменен адам бойында «сабыр» деген қасиет пайда болады. Осы қасиет адам бойындағы құмарлық сезімнен олжа алғысы келген қарадүрсін күшке табанды түрде қарсы күреседі.

Сабырлық қасиеттің мынадай екі түрі бар. Біріншісі, денеге түскен ауыртпалыққа төзе білу. Екіншісі, рух айдынына селкеу түсіргісі келген нәпсі қалауларын тұсау.

Нәпсі қалауларына сабырлық қасиет «төзімді» (иффет) қарсы қояды. Ал, «төзімге» қарсы нәпсі «жеңілтектікті (фериад и фиған) аттандырады. Егер, «төзім» «жеңілтектікті» ойсырата жеңсе, «хаким» (өзін-өзі басқарушы) атанады. «Хакимнің» қас жауының аты «еркелік» (шымар). Екеуінің шарпысуында «хаким» үстем болса, «қаһарман» (шежаат) мақамына иек артады. Ал, өкпе мен ашуға басу айтатын күш «хилм» (нәзік сабыр) деп аталады. Егер, адамның руханияты аста-төк өмірге наразылық танытса, онда ол «зухд» (аскет; дүние қызықшылығынан бас тарту) дәрежесіне көтеріледі. «Зухдтің» қас дұшпаны «хырс» (дүние қызықшылығына ынтықтық) деп аталады. Жоқтыққа көнгіш рухани мақамды «қанағат», ал оның қас жауын «ашкөздік» деп атаймыз. Адамның осындай төзім қатпарлары «сабырлық» қасиетті құрайды. Демек, Құран-Кәрімдегі: «Әрине, сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және дүние-мүліктен, жандардан, сондай-ақ, өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед (с.а.у) сондай жағдайларда сабырлық қылушыларды сүйіншіле!» деген аят, осы сабырлылық қасиетті ұлықтауда (Имам Ғазали. Ихуа-и улумиддин).

Өз дәуірінің көрнекті ғұламасы Ф.Рази өзінің «Мефатихул-Гаиф» атты еңбегінде «сабырлық» қасиет туралы ой-тұжырымдарын былайша өрбітеді:

«Адамның жамандықты сезінгісі келмей, оған қарсы тұруын немесе жамандықты жек көріп, одан бойын аулақ ұстауын сабырлық қасиет деп түсінсек қателесеміз. Сабыр адам бойындағы айғайшылдық пен жеңілтектікті ауыздықтау деген сөз. Адам көрген қайғысын ішіне жұтып, арыз-мұңын сыртқа шығармаса, ол адам сабырлық жасаған болып есептеледі.

Әсілі, адам мынадай жағдайларға байланысты сабырлы болуға мәжбүр болады:

Біріншіден, адам баласы жеңілтек һәм жаңғалақ болып көрінбес үшін өзін-өзі ұстамдылыққа баулиды.

Екіншіден, адам баласы өзінің бойында бәле-жалаға қарсы тұратын күш бар екенін әйгілеу үшін табанды болуға тырысады.

Үшіншіден, адам «дұшпандарым ұшқалақтығымды көріп қуанбасын» деп, өзін сабырлы болуға мәжбүрлейді.

Төртіншіден, жеңілтек мінездің ұшпаққа шығармайтынын ұғып, сабырлы болуға ұмтылады.

Задында, адам баласы тағдыр-талайдың Тәңірдің сынағы екеніне көз жеткізсе, өзін-өзі күштеп емес, табиғи түрде сабырлы болуға бейімделеді. Қайырлы һәм сауапты істерді атқарудың да илаһи сынақ екенін терең сезініп, ізгі істерге ұйытқы болуға құмбыл тұрады. Ұстамдылығымен ұшпаққа шықпақ болған салих құл маңдайына не жазылса да, Ұлы Жаратушыға деген сүйіспеншіліктің үдесінен шығуға ұмтылады. Хақиқатпен қауышу сапарында қандай бір қиыншылық көрсе де, тағдырынан тек ғана Тәңірдің нұрын көреді. Хақ нұрына малынғаннан кейін тұрмыстың тауқыметі мен ауыртпалығын елеусіз сезінеді. Керісінше, тақсырет тартуды хақиқатпен қауышар илаһи сыр деп түсіне бастайды.

Ф.Рази «Мефатихул-Гаиф» атты еңбегінде Жүсіп сүресінің он сегізінші аятындағы «Енді көркем сабыр керек» деген аяттың төзімділік тұғыры, шыдамдылық шыңы екеніне ерекше тоқталып өтеді. Ол көркем сабырды үшке бөліп қарастырады.

Біріншіден, сабыр иесі тағдырды Тәңірдің тартуы деп бағалап, Оның «Маликул-Мулк» (болмыс иесі) екенін мойындайды. Яғни, мұқым ғаламның иесі Алла Тағала болғандықтан, арыз-мұңын тек Оған ғана айтады.

Екіншіден, сабыр иесі тағдырды жаһил болмаған Хаким (хикмет иесі), самарқау емес Ұлы Ғалым (аса білгір), зұлымдық жасамайтын Рахымның (аса мейірімді) жасағанын терең түйсінеді. Сондықтан, пешенесіне жазылған әрбір істің хикметі бар екенін сезініп, өзін сабырға жеңдіреді.

Үшіншіден, сабыр иесі тағдырдың тылсым әлемнен екенін сезіп, оған мойынсұнуы арқылы Тәңірдің нұрымен қауышады. Ал, Хақ нұрымен қауышқан кемел рухты басқа нәрсе мүлде қызықтыра алмайды. Бұндай биік өреге көтерілген рух дүниелік арыз-мұң айтудан ада болып келеді.

Жалпы, біз сабырлық қасиетті бойымызға сіңірмейінше, өзімізді толыққанды  мұсылманбыз деп айта алмаймыз. Себебі, хз. Али: «Иманды тұтас дене деп алсақ, сабыр сол дененің басы секілді. Ендеше, бассыз адамның болмайтыны секілді, сабырсыз иман да болмайды», – дейді. Ал, Имам Ғазали: «Шыдамсыз адам үсті-басын шиқан басып кеткен адамға ұқсайды, тиіп кетсең ойбай салатын», – деп сабырсыздықты зор індетке балайды. Демек, «сабыр иманның жартысы» ғана емес, Аллаға деген шынайы сенімнің өзегі іспетті. Өзегі жоқ дарақтың жайқалып өспейтіні секілді, сабырсыз иманымыз да кемелді бола алмайды.

Тегінде, сабырлық қасиеттен ада-күде айрылып, дәйім тағатсыздық танытсақ, бұл біздің осалдығымызды білдіртеді. Себебі, атам қазақ: «Осалдың бәрі ойбайшыл, әлсіздің бәрі айғайшыл келеді», – дейді. Ал, Абайшалап айтқанда «сап-сап көңілім, сап» деп, әрбір істе өзімізді сабырға шақырсақ, сарабдалдыққа бой ұрып, саналы азаматқа айналатынымыз талассыз шындық.

Ал, сабырлық қасиетті толыққанды бойға сіңіру үшін Алла Тағала адам баласына илаһи міндеттер жүктеген. Бұл илаһи міндеттерді атқару арқылы сауап алуымызбен бірге, психо-техникалық жаттығулар жасап, адам рухани тұрғыдан өзін-өзі жетілдіре түседі. Кемелденуімізге жол ашатын осындай илаһи міндеттердің бірі Рамазан айындағы ауыз бекітуміз десек әсте қателеспейіміз. Өйткені, Алла Елшісі (с.а.у) бір хадис-шарифінде: «Сабыр иманның жартысы, ал, ораза сабырдың жартысы», – деген болатын.

Расында, біз Рамазан айында күн ұзақ ашқұрсақ жүріп, сабырлылық тәрбиесін аламыз. Тіл үйіретін тәтті тағамдарға сілекейіміз шұбырғанымен, Тәңірдің разылығы үшін ішіп-жеуден тартынып, жан-дүниемізбен осы қасиетті терең сезінеміз. Кейде бір жұтым суға зар болсақ та, Хақ үкіміне құрметпен қарап, нәпсімізге тоқтау саламыз. Тәніміз азап шеккенімен, имани азыққа қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болады. Жан азығын Жаратушыдан алғаннан кейін, рухани терең тыныс алып, көңіліміздің мейманасы тасып, арқа-жарқа күйге бөленеміз.

Иә, адам баласы бойындағы сабырлық қасиетті тиісінше бағалай білсе, ұшпаққа шығатыны анық. Өйткені, Алла Тағала: «Шынтуайтында сабыр қылушылардың қарымтасы сан мәрте еселеніп қайтарылады» (Зумәр сүресі, 10-аят) деп бұйырады. Олай болса, Рамазандағы тағат-төзімнің қарымтасын Хақ-Тағала сан мәрте еселеп, құлдарын сауаптан құр қалдырмасын, тұтқан оразамыз түңлігімізден нұр болып құйылып, шаңырағымызды шаттыққа, көңілдерімізді бақытқа кенелтсін!

Мұхан Исахан

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру