Сәләфшылар (уаһабшылар) деген кімдер?

21 сәуір 2021 7764 0
Оқу режимі

Еліміз азаттыққа қол жеткізген тұста жастар діни сауат ашуға көңіл бөлді, бірақ қадағалау болмады, содан келіп түрлі көзқарастар қалыптасты. Алайда, ел Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылдың 11 қазан күні ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына қол қойып, аталмыш заң сол жылдың 25 қазан күні күшіне енген болатын. Біздің бүгінгі басты қаруымыз да осы заң болып отыр. Жаңа заң іске кірісісімен, елімізде конфессиялар саны күрт азайды. Бұрындары ресми түрде 45 делінсе, енді олардың саны 17. Келесі - тіркелген діни бірлестіктердің сандық көрсеткіші бұрын 4,5 мың делінсе, дәл бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 3088 мыңға дейін төмендеді. Аллаға шүкір дейміз, барлығына болмаса да кейбір теріс-пиғылды ағымдар мен ұйымдардың қызметіне сот шешімімен де тиым салынып таралуына шектеу қойылды. Әрине, бұған Хизбут Тахрир, Әл-Ихуанил Муслимун және сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық сотының шешімімен тыйым салынған «Таблиғи жамағаты» халықаралық миссионерлік ұйымын мысалға келтіруге болады.

Бірақ, қазірге дейін елімізде тыйым салынған діни ағымдар тізімінен тиісті орын алмай, қылмыстық немесе лаңкестік әрекеттерге барған кейбір ерушілеріне ғана шара қолданылып жатқан секта бар. Бұл – сәләфилік ағым. Қазіргі таңда елімізді, әсіресе, батыс өңірін алаңдатып, тәуелсіз еліміздің мешіттерінен берекені қашырып жатқан аталмыш діни ағымның идеологиясына қазақтың қара көздері улануда. Бұл ағымның негізгі идеологиясы бойынша ислам дінін жамылып, мұсылмандардың арасында іріткі тудыру. Еліміздегі теологтардың бірі Ерсін Бекайдарұлы сол салафиттердің діни идеологиялық астарына тоқталып, оның қасиетті Құран Кәрім аяттарына, дәстүрлі ислам негіздеріне қайшы келетін тұстары мен негізгі принциптерін былайша төртке бөліп қарастырды:

Біріншіден, бұл ағымның аталуына келетін болсақ, «Сәләфизм» сөзінің түп төркіні араб тілінде «Сәләф», яғни бұрынғы өткен, бұрынғылар деген сөзден келіп шыққан. Ислам тарихындағы алғашқы үш буын, яғни Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәрбиесін көрген сахабаларын (һижри 110 ж. дейінгі), олардың артынан ерушілері табиғиндерін (һижри 11-180 ж.ж.) және солардың артынан еруші атбағу табиғиндерін (һижри 110-220 ж.ж.) «Сәләф буыны» деп атайды және осы үш буынның ұстанған жолы нағыз ақиқат әрі дұрыс жол болып табылады. Мақтанарлығы, исламдағы төрт әйгілі мазһабтардың ішіндегі біздің ұстанатын Әбу Ханифа мәзһабының негізін салушы Имам Ағзам Әбу Ханифа Ән-Нұғман ибн Сәбит (р.а.) (һижри 80-150 ж.ж.) осы үш буынға кіреді. Бір қызығы, кеше пайда болған сәләфшылар ағымы болса, олар да өздерін алғашқы үш буынның жолын ұстанушыларымыз деп жар салуда. Алайда, бұл топ өзін қанша жерден алғашқылардың жолын ұстанушы сәләфшылар деп атағанымен, уәһабилік қозғалысының жалғасы екендігін жасыра алмайды. Аты әр түрлі болғанымен, заты бір. Себебі, шын мәнінде, аталмыш топтың ілімі мен көзқарастары 12-13 ғ.ғ. Дамаск қаласында өмір сүрген Ибн Тәймия, оның шәкірті Ибн Қайм және 18 ғасырда Сауд Арабиясының Нәжд өлкесінен шыққан Мұхаммед ибн Абдулуаһабтың, біздің ғасырдағы Ибн Баз, Әл-Усаймин, Альбани, Фаузан секілді кісілердің дінге қатысты пікірлеріне негізделеді. Оқитын оқулықтарын, кітаптарын қарасаңыз, алдыңғы өткен үш буын ұстанымына ешқандай қатысы жоқ екенін аңғарасыз. Демек, еліміздің әрбір азаматы үшін бұл топтың ұстанымы мен ілімі шынайы ислам туын көтерген алғашқы үш буынның исламды түсінуі мен ұстануына ешқандай қатысы жоқ екендігі тайға таңба басқандай анық болып табылады.

Екіншіден, уәһабилік ағым идеологиясының адасқан тұстарының бірі - олардың ғалымдары шариғаттағы Алла разылығы үшін жек көріп, оның разылығы үшін жақсы көру мәселесін бұрмалап түсіндіреді. Негізінде, дәстүрлі ислам ғұламалары достық қарым-қатынаста болған басқа дін өкілдеріне құрметпен қарау шариғаттың әмірі деп айтады және басқа дін өкілдерін үш топқа бөліп қарастырады: 1) ислам мемлекетінде заңына бағынып өмір сүріп жатқан басқа дін өкілі; 2) ислам мемлекетімен, мұсылмандармен бейбітшілік қарым-қатынаста келісім негізінде мәміледе болған басқа дін өкілі; 3) мұсылмандарға қарсы соғысып жатқан, елінен, жерінен шығарып, басып алмақшы болған басқа дін өкілі. Бірінші және екінші  топпен жақсы мәміледе болуға бұйырады. Керек болса, дінде көрсетілген шарттар орындалған жағдайда басқа дін өкілінен, яғни атап кететін болсақ христиан мен еврейлерден әйел алуға да рұқсат береді. Әлбетте, ешкім біреуді жек көре отырып, оған үйленбейді. Яғни, бізде басқа дін өкілдерімен жақсы мәміледе болуға және белгілі шарттар орындалған жағдайда әйел алу мәселесінде оларға махаббатпен қарауға да рұқсат береді. Шын мәнінде, бұл ұстанымның негізі - Құран Кәрімдегі «Мумтахина» сүресі, 8-аятындағы «Алла діндерің үшін сендерге қарсы соғыспаған, отандарыңнан шығармағандарға жақсылық жасауға және әділдік етуге тыйым салмайды» деген аятқа сүйенеді. Ал сәләфилік ағымның шейхтары (ұстаздары) өзге дін өкілдерін жаппай жеккөруге, дұшпан деп санауға шақырады. Бұлардың бетке тұтар шейхтарының бірі - Мұхаммад ибн Салих Әл-Усаймин «Ізгілердің бақшасы» атты кітабына берген түсіндірме еңбегінде былай дейді: «Кәпірлер, яғни басқа дін өкілдері мұсылманға қанша достық ниетін білдірсе де, сүйіспеншілік танытса да, оларды жеккөру міндет болып табылады. Әрбір кәпір Аллаға дұшпан, демек, әрбір кәпір бізге дұшпан. Әрбір кәпір бізге жамандық пен дұшпандық қана ойлайды. Сол үшін сен барлық кәпір атаулыны оның ұлтына, алыс-жақындығына қарамай бүкіл жан тәніңмен жеккөруге міндеттісің. Әрбір кәпірдің саған дұшпан екендігін біл»,- дейді. Сонымен қатар, осы аталмыш шейхтың пікірі бойынша намаз оқымайтын адам кәпір болып табылады. Еш себебіне қарамай, яғни адам намазды ерініп немесе білместіктен оқымай жатқанына қарамай, әрбір намаз оқымаған адам діннен шыққан кәпір болып саналады. Демек, бұндай ұстанымдағы адам, жобалап айтқанда еліміздегі мың адамның бірін ғана өзіне дос тұтады деген сөз. Себебі, намаз оқымаған адам кәпір болса, кәпірмен жоғарыда келтіріп кеткен мәміледе болуға тиіс. Яғни, намаз оқымаған адам кәпір, намаз оқымаған адамды өзімізге дұшпан тұтуымыз керек деген ұстанымда. Қазіргі кезде бұл сөздерді Мәдина қаласындағы ислам университетін бітіріп кеткен, өз еліміздің азаматтары ел арасында арнайы уағыздарында қасиетті пікір ретінде таратып жүр. Бұны олардың халық арасында және ғаламтор желісінде таратылып жүрген аудио-видео уағыздары мен дәрістерінен көруге болады. Ең қызығы әрі сорақысы, бұл сөздердің иелерін еліміздегі кейбір сарапшылар байсалды, яғни умеренный сәләфшы деп қарастырып жүр. Егер де сол сарапшылар осындай радикалды мазмұндағы пікірлерді байсалды деп санайтын болса, олардың пікірінше радикалды немесе төзімсіз идеология қандай болады деген сұрақ бізді мазалайды... Яғни, кейбір сарапшылардың айтуы бойынша, қазір біз осы уаһабилік ағымды екіге бөліп қарастыруымыз керек: байсалды сәләфизм және радикалды сәләфизм деп. Байсалды сәләфизммен күреспеу керек, оларды қабылдауымыз керек, олардың уағыз айтуына, елдің арасында тағылым, уағыз жүргізуіне ешқандай тосқауыл қоймауымыз керек деген пікірді алға тартып жатыр. Міне, жоғарыда сөзі келтірілген Мұхаммед ибн Салих Әл-Усеймин, сол байсалды сәләфизмнің шейхтарының бірі болып есептеледі. Ол кісінің намаз оқымаған адамға қатысты пікірі, көзқарасы қандай екенін сөздерінен көріп жатырмыз.

Үшіншіден, сәләфи ағымының идеологиясы бойынша: Алланы бір деп тану, яғни таухид мәселесін рубубия, улюһия және асмау уа сыфат деп үшке бөледі. Алла Тағала аспанда, оның екі қолы, екі көзі, екі балтыры бар. Ол жүреді, жүгіреді, отырады, шаршайды, шалдығады деген ұстанымда. Құранда ауыспалы мағынада ешқандай сөз жоқ деп есептейді. Шариғат мәтіндері, Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін, атап айтқанда, Алла Тағаланың заты мен сипаттарына қатыстысын тікелей мағынада ғана қабылдайды. Барлық іс Алланың қолында десе, яғни Алланың қолы бар. Пенде Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келем, деген хадисті алады да, яғни Алла жүгіреді деген секілді осындай тікелей мағынада қабылдайды. Және кімде-кім осылай қабылдамаса және барлық іс Алланың қолында дегенді, яғни барлығы Алланың билігінде, меншігінде; пенде Маған жүріп келсе, Мен оған жүгіріп келем дегенді, пендем тәубе етсе сәлірек әрекет жасаса, Мен әрекетке берекет беріп, оны мейіріміме бөлеймін деген мағынада деп айтса, міне мынаның ұстанымы дұрыс емес, бұның ақидасы яғни иманы дұрыс емес, бұл адасқан топтардың қатарында деп қарастырады. Ал ауыспалы мағына беріп, араб тілінің ережесіне сай түсіндіру – бұл біздің елімізде қалыптасқан Мәтрудия мектебінің ұстанымы. Сол үшін де олар мешіт имамдары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы адасқан олардың ақидасы, ұстанымы дұрыс емес деп есептейді. Нәтижесінде, олар өздерінің шариғатта негізі жоқ ұстанымдарына қайшы келген исламдағы дәстүрлі құқықтық Ханафи, Шафиғи, Малики, Ханбали мазһабтары және сенім мектептері Ашғари, Мәтрудий ілімдерін жоққа шығарып адасқан деп санайды. Сонымен қатар, ислам ғұламаларының шарттары толық сақталған ижтиһадпен іске асқан еңбектерін жоққа шығаруымен өз ерушілерін төзімсіздікке тәрбиелеуде.

Төртіншіден, асыл дініміз ұлттық еркшеліктерді жоюға әрекеттенбейді, керісінше адамзаттың ұлттар болып таралуын, тілдік ерекшеліктерді Алланың шексіз құдыретін сезіндіретін факторлары деп есептейді. Алла Тағала ол жайында Құранда: «Ұлттардың көп болуы, тілдердің ерекшеліктері Алланың құдыретінің белгілерінен», - дейді және дініміз ешқашан шариғатқа қайшы келмеген ұлттық ерешеліктерді, салт-дәстүрді жоюға әрекеттенбейді. Оның нәтижесін біз қазіргі уақытқа дейін көреміз қанша мұсылман халықтар бар, бірақ әрқайсысының өзінің салт-дәстүрлері бар, ұстанатын жолдары бар. Ал, мынау уаһабилік ағымның шейхтары мен уағызшылары біздің қоғамдағы күнделікті іске асатын діни немесе ұлттық рәсімдер, өмірден озғанға Құран оқып сауабын бағыштау, келіннің бетін ашу, дұғадан кейін бет сипауды бидғат дінге енген жаңалық деп әрдайым қайталап уағыздаумен болады және осындай уланған, бұрмаланған тәлімді бойына сіңіріп алған жастардың жүздерінен суықтық, көздерінен қатыгездік анық байқайсыз. Неге? Себебі, олар қайтадан алып келіп бидғатшы, Алланың дініне жаңалық енгізушілер, дінді бұрмалаушылар, біз оларды Алла разылығы үшін жеккөруіміз керек. Сен, егер, өзіңнің брат, яғни араласып жүрген мұсылман дос, бауырыңды адасып жүргенмен тең көретін болсаң, сенің көзқарасыңда ол екеуі тең болатын болса, сенің ақидаң дұрыс емес. Сенің Алланың алдындағы дінің дұрыс емес, қалайша дінді бұрмалап жүрген адаммен ақиқатта жүрген адамды теңестіресің? Мынаны Алла ризашылығы үшін жеккөруің керек. Мынаны Алла ризашылығы үшін жеккөруің керек, - деп уағыздайды. Осындай уағыздарды жүрегіне сіңіріп алған жігіттердің жүздерінен суықтық байқайсыз. Жұма намаздарында жүрегінде күмән туып адасып кетпейін деп мешіттерде ҚМДБ имамдарының айтатын уағыздарын тыңдамау үшін құлақтарына құлаққапты салып алып, өз көсемдерінің уағызын тыңдап отыратын жастарды көптеп көруге болады. Мешітке жұма намазына барып жүрген әрбір адам оны көреді. Әлгі сақалды, басқа ұстанымда жүрген жігіттер мешітке кірген кезде, мешіт имамдарының уағызын тыңдамайды, құлақтарына құлаққапты салып алып, өздерінің шейхтарының уағызын тыңдайды. Неге? Себебі, шейхтары мешіт имамдарын тыңдамаңдар, олар сендерді адастырады, жүректеріңе күмән салады деген фәтуа берген. Осыны мысал ретінде, Сарыағаш тумасы, Мәдина қаласында отырып интернет арқылы елдегі ерушілеріне фәтуа беретін ұлты өзбек жігіттің мына фәтуасын айтуға болады: ол өзіне қойылған бидғатшыларға қатысты ұстанымымыз және қарым-қатынасымыз қалай болу керек, олар мысалға секілді дүниелік істерге араласуга бола ма деген сияқты сұрақтарға, бидғатшылармен араласуға қарағанда, иегово куәгерлерімен араласу абзал. Себебі, иегово куәгерлерінің басқа дінді уағыздап жатқанын білесің, ал бидғатшы болса, саған аят-хадис айтып адастырады. Ол саған мұсылман болып, яғни қойдың терісін жамылған қасқыр болып келіп сені адастырады деп жауап берген. Оның бидғатшы сөзіндегі мақсаты - ҚМДБ және соған қарасты мешіттер мен мешіт жамағаттары болып табылады. Мұндай агрессиялық ұстаным елдің шырқын бұзып, діни алауыздыққа алып барары айдан анық. Міне, осы аталған діни идеологиялық ұстанымдардың негізінде еліміздің мұсылмандары арасында діни алауыздық, іштегі көзқарас ретінде ғана қалып қоймай, бейбіт адамдардың қанын төгуге бағытталған ланкесттік әрекеттерге ұласуда. Соңында айтатынымыз, салафилерді умеренный және радикальный деп бөлуде өте сақ болу қажет деп ойлаймыз. Себебі, жоғарыда айтып өткен діни мәселелер бұл екі топқа ортақ ұстанымдар болып табылады. Бұлардың арасындағы айырмашылық тек кейбір саяси ұстанымдарда ғана ерекшеленеді. Діни негіздегі ұстанымдар мен сенімдер өзгеріске ұшырауы әдеттегідей мүмкін емес. Бірақ, саяси көзқарастар мен ұстанымдардың, мүдде мен ахуал талаптарына сәйкес құбылып тұратыны белгілі. Сондықтан саляфизмді қарулы іс-әрекетке бару немесе бармау тұрғысынан байсалды немесе радикальный деп бөлуге шартты түрде келіссек те, идея тұрғысынан мұндай екі топқа бөлу мүлдем қателік болып есептеледі. Тек қателік қана емес, бұлай ету мемлекет пен қоғамды саляфизмге қатысты шешімдер мен шараларды қабылдау мәселесінде есептен жаңылдырады. Демек, қазіргі таңда саяси көзқарастарда байсалды болып көрінген саляфизмнің мадхалиттер тобы. Олар Рабиғ ибн Һади әл-Мадхалий деген шейхты асыра мақтайды және сол кісінің ұстанымын ұстанады. Олардың өздерінің шейхтары бар. Осы Мадхалиттер тобы мүдде талаптарына сәйкес болашақта жоғарыда айтылған негізгі мақсатты жүзеге асырмауына ешкім кепіл бола алмайды. Яғни, бүгінгі умеренный саляфизм, ертең радикальный саляфиіне айналуы тек қана болашақтың еншісінде деп айтуға болады. Сондықтан, тек елімізді ғана емес, бүкіл ислам әлемін алаңдатып отырған, жастардың санасын улап жатқан бұл идеологияға қарсы ғылыми-ақпараттық және құқықтық тұрғыдағы тиімді шараларды қабылдау ертеңге кешіктірілетін шаралар емес.     

Қорыта келе айтарым шынайы дін ұстанған адамның ісінде қайырымдылық, жүзінде мейірімділік көбейеді, жүрегі жұмсара бастайды. Өйткені, адам жүрегі Жаратушысын танып-білу, хикметін сезу арқылы жұмсарады. Ал енді көбінесе жат діни ағымның бойынан қатігездік белгілері байқалады. Сондықтан дін мәселесіне абай болайық, ағайын дегім келеді.

Саят Хасенов
Нұр-Сұлтан қаласы,
«Төлебай» мешітінің ұстазы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру