СЕНІ ӨЛТІРГЕЛІ КЕЛГЕН СЕНДЕ ТІРІЛСІН

15 мамыр 2023 4434 0
Оқу режимі

Ислам әлемінен жетіліп шыққан ең күшті құқықтанушы, Ханафи мәзһәбінің көшбасшысы Имам Ағзам Әбу Ханифа Хазірет ғалым өте абзал тұлға болатын. Өмір сүрген кезінде оның жоғары қасиеттерін білетіндер мен оған лайықты орны мен мәртебесін бергендер болса да, оны қызғанып, көре алмаған дұшпандары да болған. Міне, сол дұшпандарының біреуі бір күні қызғанышы мен кегінен жарылатындай болып, шегінен шығып, еш себепсіз Имам Ағзам Әбу Ханифаны шапалақпен ұрды. Әбу Ханифа Хазірет оған қарап тұрып, ол еш күтпеген мына сөзін айтады:

– Сенің шапалағыңды шапалақпен қайтарсам, сенің бұл әрекетіңнің жазасын бере аламын, бұған күшім жетеді де. Бірақ бұлай жасамаймын.

Сені жазаласын деп, халифаға шағымданатын болсам, оны да істей аламын. Бірақ істемеймін.

Маған жасаған бұл жамандығыңды Аллаһ Тағалаға шағымданып, айтсам да болады. Бірақ мұны әсте  істемеймін.

Махшар күні сенен менің өшімді қайтарсын деп Аллаһқа мінәжат қылып, сұрай аламын. Бірақ сол үрейлі де қорқынышты күнде сенің осыншалық қиын жағдайға душар болуыңды қаламаймын.

Дәл қазір, қиямет күні болып, бұл айтқан сөздерім сен туралы шағымдану деп қабылданса, ілешала сөзімді өзгертіп, Аллаһ Тағалаға жәннатқа сенсіз кіруді қаламағанымды айтар едім».

Әлгі кек сақтағыш, қызғаншақ адам мархаматқа толы бұл сөздерді естіп, қатып қалғандай болды. Әбу Ханифаның шапқат пен мархаматқа толы әрбір сөзі ата-ананың баласына деген шексіз мархаматы мен махаббатының мысалындай еді.

Нәзік рухты Әбу Ханифа Хазіреттің бұл ұстанымына қараған жүрегі қатты адамның көңілінің астан-кестені шықты. Біраз уақыт рухани толқындар мен иірімдердің ортасында қалған бұл адамның жүрегіндегі кек пен дұшпандық, ашу сезімдері еріп, жойылды. Сөйтіп, қас қағым сәтте жүрегінде ерекше махаббат есігі ашылды. Біраз бұрын қызғанышынан жарылып, шабуылдауға дейін барған ол адам кетіп, орнына жасаған көргенсіздігіне өкініп, Имам Ағзамды жан-тәнімен жақсы көретін басқа бір адам келгендей болды.

Әбу Ханифа Хазірет бұл әрекетімен һәм өзін өшпенділік пен кек алу отынан құтқарды, һәм өзіне дұшпандық жасаған адамды тыныштыққа толы көңіл сарайында қонақ қылу абзалдығын көрсетті.

Бір ғалым былай деген екен: «Егер саған дұшпан болғанды жеңе алатыныңды білсең, бұл күшіңнің шүкірлігі ретінде оны кешір!».

Міне, Имам Ағзам Хазіретінің хикметке толы сөздерін естіп, бейне-бір еріп, жібіген дұшпаны іле-шала сол мүбәрак адамның қолына жабысып, кешірім сұрады. Әбу Ханифа Хазірет оны баяғыда кешіргенін, сол себепті Аллаһ Тағаланың да өздерін кешіреді деп үміттенгенін айтты. Өйткені ол мүбәрак кісі адамдарды кешіре отырып, Аллаһтың кешіріміне лайық бола білудің қайратында болатын.

Бұл қиссадан алынатын алғашқы әрі ең үлкен сабақ – адамдармен жасасқан мәмілелерінде, қарым-қатынастарында қарапайымдылық пен барынша кешірімді болуға тырысу керек екенін ұғыну. Егер Имам Ағзам Хазірет әлгі адамның шапалағын жегенде нәпсісіне жеңіліп, дәл сондай қарсылық көрсетсе немесе:

– Сен мені танисың ба? Менің кім екенімді біле-місің? – деп, тәкаппарлық пен мақтаншақтық сезімдеріне бой алдырып, қатты сөйлесе, онда бұл сөздері әлгі адамға еш әсер етпей, керісінше, оның нәпсісін қоздырып, кегі мен өшпенділігін одан ары арттыратын еді.

Бұл мәселенің екінші бір тұсы – күші бола тұра өш алмау әлсіздік пен қорқақтық емес. Адам күші жоқ кезінде онсыз да қолынан түк келмейді. Сондықтан негізгі ерекшелік пен абзалдық – пайғамбарлар мен уәлі (әулие) құлдар сияқты күші бар бола тұра кешіре білу.

Мәуләнә Руми күнәһарларды жаралы құс сияқты бағалап, оларды емдеу үшін өзінің көңіл сарайына былай деп шақырады:

«Кел! Кел! Не болсаң да, келе бер! Кәпір, мәжуси не пұтшыл болсаң да кел! Біздің дәргахымыз (Ислам) үмітсіздік дәргахы емес. Жүз рет тәубеңді бұзсаң да кел!..»

Бұл рахмет үндеуі қандай жағдайда болса да Аллаһтың барлық құлдарын шын бақыт дәмін татуға, шын абзалдық пен қасиетті ұғынуға және Исламның жайдары келбетін тамашалауға шақыру болып табылады.

Екіншіден, мазлұмның/зұлымдыққа ұшыраған адамның ең үлкен, ең күшті қаруы – дұға. Жоғарыдағы қиссада Әбу Ханифа Хазірет бұл қаруын алдындағысын жойып жіберетін қарғыс ретінде қолданудың орнына оның жүрегіндегі кек пен өшпенділікті ысырып тастайтын қару ретінде қолданған. Шынында, ол көрсеткен бұл сезім мен салмақты ұстаным іс жүзіндегі дұға ретінде алдындағысының көңілін аулаған, ақыры бұл оқиға екеуінің де жақсылығын көрсетті.

Сонымен қатар мынаны да айтып өткен жөн: Адамгершілігі мол, қасиеті жоғары адамдар әрқашан түрлі себептермен дұшпандық пен лайықсыз әрекеттерге тап болулары мүмкін. Кейде адамның малына, кейде отбасы мен сүйгендеріне, кейде жанына қастандық жасалуы мүмкін. Бұл мәселеде маңыздысы – көзге-көз, тіске-тіс деп өш алудың соңында жүру емес, жоғарыдағы мысалда айтылғандай мұндай жағымсыз оқиғаларды өзіміз бен алдымыздағы адамның жақсылығына айналдыра білу. Қысқасы, бізді өлтіруге келген адамның көңілін салмақты жаратылысымызбен тірілте білу. Бізге тікен кіргізгенге раушан иісін ұсына білу.

Бұл туралы Хазіреті Әлидің (р.а.) көңіл күйін бейнелейтін мына оқиға да ғибратты:

Шайқастың бірінде Хазіреті Әли дұшпан әскерін астына алып, оны өтіргелі жатқан болатын. Тап осы кезде дұшпан әскері жиіркеністі іс істеп, кенет Хазіреті Әлидің бетіне түкіріп жіберді.

Ол кезде сол кәпірдің басын бір әрекетпен шауып тастау Хазіреті Әли (р.а.)  үшін өте оңай болатын. Бірақ ол тек Аллаһ разылығы үшін қатысқан шайқасқа нәпсісі араласып кете ме деген уайыммен кенет тоқтап қалды. Қолындағы қылышты ақырын жерге қойып, қынына салды. Дұшпанын өлтіруден бас тартты.

Әлсіз халде өлімін күтіп жатқан әлгі әскер бұл жағдайға аң-таң болды. Өйткені ол түкіріп істеген жиіркенішті ісіне Хазіреті Әлидің (р.а.)  бұрынғысынан да артық ашуланып, оны тезірек өлтіреді деп ойлаған еді. Бірақ қиялынан да өтпейтін шындыққа тап болды. Хазіреті Әлидің бұл ісіне ақылы жетпеген дұшпан өлуді-өлтіруді ұмытып, таң қала сұрады:

– Ей, Әли! Мені тап өлтіргелі жатқанда неге тоқтадың? Не болды, қатты ашудан түсініксіз тыныштыққа кенелдің!.. Найзағайдай жарқырап тұрғанда кенет еш жел соқпаған, тыныш ауа сияқты бола қалдың?...

Хазіреті Әли (р.а.)  былай деп үн қатты:

– Мен Хазіреті Пайғамбар сыйлаған бұл қылышты тек Аллаһ жолында қолданамын. Аллаһ дұшпандарының басын Оның разылығы үшін аламын. Бұл ісіме нәпсімді әсте араластырмаймын... Сен бетіме түкіріп, мені ашуландырып, қорлағың келді. Мен сол кезде ашулансам, сені нәпсісіне берілу сияқты мүминге әсте жараспайтын, өте жаман да төмен себеппен өлтіретін едім. Алайда, мен нәпсімді қанағаттандыру үшін емес, Аллаһ үшін шайқасамын.

Ақыры, дұшпан әскерінің көңілі өлтіргелі келген адамының ұлық мінезі алдында бейне-бір қайтадан жанданып, тірілді. Хазіреті Әлидің нәпсісіне деген қарсылығы мен ықыласынан үлес алып, иман етумен ерекше абыройға бөленді.

Расында, аят кәримәда бұл ұстанымға байланысты былай делінеді:

«Жақсылықпен жамандық тең болмайды. Сен жамандықты ең көркем түрде қайтаруға тырыс. Сонда дұшпандығы бар боқас адамның өзіңнің сырлас досындай болып кеткенін (көресің)» (Фұссиләт, 34).

«Раббыңның жолына даналық және көсем сөздермен шақыр және (қажет кезде) олармен әсем түрде даулас...» (Нахл, 125).

Бұл аят кәримәлар адамдармен қарым-қатынасымыз туралы ең көркем ұстанымдарды баяндап, белгілейді. Бұл негіздерге негізделген жағдайда қателіктері болғандар ертелі-кеш өз қателерін біліп, жүректері таңбаланған болса, оны да біліп, шындықты мойындайды. Тура Юсуфтың бауырларының жылдар өткен соң, оның қадірін біліп, түсінгені секілді...

Юсуфтың (ғ.с.) Мысыр патшасы болған соң, өз кезінде оны өлтіруге бел буып, құдыққа тастаған бауырларының жәрдем талабын кері қайтармауы және өзінің кім екенін жасырып, оларға сый тартып, жәрдем беруі жүрек тәрбиесіндегі биік шың мен аса нәзіктікті көрсетеді. Алайда, сол кезде қолындағы күш пен биліктің арқасында бауырларынан еселеп отырып өш алуға мүмкіншілігі бар болатын. Бірақ ол хақ пайғамбар қателіктер мен кемшіліктерді көрсетіп, көз шұқумен көңіл құлату емес, жамандыққа да жақсылықпен қарсылық берудің, айып пен кемшіліктерді жабудың, өзіне жасалған зұлымдықтарды Хақтың разылығы үшін ұмыта алудың теңдесі жоқ абзалдығына қол жеткізген һидаят көшбасшысы болатын. Аллаһ Тағала Юсуфтың (ғ.с.)

«Юсуф: “Сендерге бүгін сөгіс жоқ, Аллаһ сендерді кешіргей, Аллаһ асқан мейірімді” деді» (Юсуф, 92).

Бұл көркем де керемет ұстанымды көрген бауырлары да пұшайман болып, тәубеге келді. Юсуфтың(ғ.с.) биік шыңдағы абзалдығы мен тұлғалылығын мойындап, шындығын растады. бауырларына көрсеткен бұл көркем ұстанымын аят кәримәда былай тілге тиек еткен:

Шайыр Зия Паша қандай жақсы айтқан:

«Залымдарға  бір  күні  айтқызар  Құдайдың  құдіреті,       

تَاللَّهِ لَقَدْ آثَرَكَ اللَّهُ عَلَيْنَا  (Таллаһи ләқад әсәракәлллаһү аләйнә)  [1]

О, Раббым! Бізді пайғамбарларың мен салих достарыңның көркем ахлағымен ахлақтандыр! Сенің ұлық дініңді аса көркем түрде ұстана білу турасында бізге иман шабыты мен күш-жігер бергейсің! Бізді разы болған құлдарыңның қатарына жаз және бізді салих, ізгі құлдарыңмен бірге тірілткейсің!

Әмин...

 

 

[1] Өлеңнің кейінгі жолы «Уаллаһи, Аллаһ сені бізден үстем қылды» деген мағынадағы Юсуф сүресінің 91-аяты болып, бауырларының Юсуфты (ғ.с.)  жылдар өткен соң көріп, танығаннан кейін айтқан сөздері.

 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру