СОФЫ АТАМЫЗДЫҢ СОНЫ ТӘЛІМДЕРІ
Адалдықты тани білгеннің абыройы артады.
Ал оны сақтай білгеннің адамгершілігі асқақтайды.
*
Өзіңнің өзіңнен əділетті іздеп табуың – өзгенің өзегін қабудан əлдеқайда қиын.
*
Əлемнің бүкіл қызығы да, шыжығы да бір адамның ішінен табыла береді.
* * *
Жұртты ойланта білуден өтер құдірет жоқ.
* * *
Сыйлықтың бəсі ұсынған иесімен құнды.
* * *
Көмекейі бүлкілдегендердің бəрі шешен болмайды.
Көптің үстінен зіркілдегендердің бəрі көсем болмайды.
* * *
Əділеттілікті əлемнің бар қазынасына да сатып ала алмайсың.
* * *
Намыстының тынысы тарылмайды.
* * *
Ана тілінде əсерлене ақтарылған басшы даналықтың бұлағынан сусындағанын дəлелдейді.
* * *
Жақсы емес жамандықтан жерімеген.
Ондайдың өрі – аласа, төрі – төмен.
Ғұмырды жалғандықпен тоздырғанша,
Дұрыс-ау көз жұмғаның жөніменен.
* * *
Жақсы айтылған əр сөзді жабықтан
сығалаған сəуледей сезінем.
* * *
Арың таза болса, жыртығың да бүтін.
Арың шала болса, бүтінің де тыртық.
* * *
Əділетті қорғағанды үміті жетелейді, арманы асқақтатады.
* * *
Ақиқаттың астарынан кір іздеу – ашық күнгі аспаныңнан бұлт іздеудей өлермендік.
* * *
Өзіңді өзгелерге кіріптар еткің келмесе, ұятыңды ұйықтамас қарауыл етіп қой.
* * *
Кемшіліксіз жанның қасиеті де аз болар,
Арзанға ұмтылып, ырду-дырдуға мəз болар.
* * *
Өзгенің əлсіздігін байқап қалсақ, қасқыр болып қабуға таяумыз. Өзіміздің нашарлығымызды тануға мүлдем баяумыз.
* * *
Араммен тапқан байлығы – қалталының қайғысына айналады.
* * *
Жақсы атағың барша байлығыңнан абзал.
* * *
Құпияны ашып беретін де,
Ақиқатты жасырып көметін де – уақыт.
* * *
Өз замандастарына қарыз болғаннан да, келешегімен араз болғанды ұнататындар арамызда акула болып жүйткіп жүр.
* * *
Жинаған байлығың өзіңе қызмет те етеді,
Өзіңді құл қылып, қызмет те еткізеді.
* * *
Алтыны жоқ кездің алтын дəуірін сезбеппіз-ау.
* * *
Билігі мықтының бишігі де ұзын.
* * *
Байлығың асқан сайын тыныштығың қашады.
* * *
Алтыны көп болғанымен
Ақылы жоқ болса – сол кедей.
* * *
Алтын сөйлеген кезде, халқың құлға айналады.
* * *
Жеңбесе де айқасып өткен ғұмырдың атышулы атағы болады.
* * *
Өмір мен өлімнің арпалысын үміттің ұлылығы жеңгізіп,
Ал ұсақтығы көнгізіп шешіп береді.
* * *
Өзгенің қайғысын көтеріп кету үшін өңгеміздің қажыр-қайратымыз мол-ақ қой. Бірақ қарайласар қолымыз тым шолақ қой.
* * *
Қауіп-қатеріміз бен уайым-қайғымыз қанша болса, соншалықты күйкі күй кешетінімізді ескеріп, солармен күресудің орнына қауіпке үрей жамап, уайымға қасіретті қосып алып, жаутаң көзді жалтақтатудан бір арылмай келеміз.
* * *
Кемшілікті даттауда,
Шыбындаған аттаймыз.
Жақсылықты мақтауда,
Бір ауыз сөз таппаймыз.
* * *
Қателігіңді кешіретін, ақиқатыңды өсіретін
Уақыттан асар құдірет болмайды.
* * *
Жұрттың бəріне сүйкімді болып көрінуден өтер сүйкімсіз тілек жоқ.
* * *
Мақтағанға емес, даттағанға құлақ асқан жан – сыпайы жан.
* * *
Əділ ханның жүрегі баста болар
Адал жанның тілегі доста болар.
* * *
Мінезсізге мінез бітірем десең,
Ат пен таққа мінгіз.
* * *
Шаруасын тыңдырғанның шаршағаны сезілмес.
* * *
Өтірікшінің денесін жапқан терісінен шайтанның жымын білдірмес өрісі басталады.
* * *
Ізгілік іздеп, сүйіспеншілікке сүйенген жанның ажалы алыстай береді.
* * *
Байсыз əйел сай жағалағыш.
* * *
Арым – барым еді. Бүгін жербауырлата еңіреткен зарым болды.
* * *
Күліп тұрып,
Күйінерсің кейде сен.
Жылап тұрып,
Сүйінерсің кейде сен.
* * *
Бірін бірі жек көрген жандар бірін бірі жеп тынады.
* * *
Жаһілдің даттағаны да – мақтағаны,
Наданның мақтағаны да – даттағаны.
* * *
Біреудің шекпенінен шыққаннан гөрі өзіңнің шеменіңнің шерін ұққан əлдеқайда артық.
* * *
Мінгеніңді ауыстырсаң да,
Мінезіңді ауыстырма.
* * *
Сыпайыгершіліктің жіңішке сүрлеуінен адамгершіліктің кең даңғылы басталады.
* * *
Өзгені саған даттаған жан
Сені де өзгеге мақтамайды.
* * *
Желді саудалаған, елді де, жерді де саудалар.
* * *
Бір-ақ рет келер өмірде екі туу болмаса, ұятыңнан сан мəрте өлудің қажеті қанша.
* * *
Өзгенің өкінішіне күйіне білген жан,
Күрсініп тұрып та сүйіне біледі.
* * *
Қойшысы қорқақ қотанға қасқыр шапқыш.
* * *
Батылдықтың бағасы қымбат.
* * *
Өтірік өтірікті сүйрей туар,
Шындықты шырылдатып түйрей туар.
* * *
Біріңді, қазақ, бірің жау көрсеңдер, істің бəрі – дау.
* * *
Өзгенің қайғысын көтеріп кету үшін өңгеміздің қажыр-қайратымыз мол-ақ қой, бірақ қарайласуымыз аз-ау.
Софы СМАТАЕВ