Сүндеттеудің бізге беймәлім сырлары

26 наурыз 2019 10181 0
Оқу режимі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес амал фитраттан: сүндеттеу, кіндік асты түкті алу, қолтық түгін қыру, тырнақ алу және мұртты басу», – деген екен. Фитрат – адамның туа біткен жаратылысы. Басқаша айтқанда, Алла Тағала бейім еткен болмысы. Бұл хадис имам Малик, Ахмед, Бұхари, Муслим, Тирмизи, Әбу Дәуід, Ибн Мәжәнің хадис еңбектерінде бар.

Сүндеттеу Шафиғи мәзхабының көзқарасында – уәжіп амал, ал Ханафи мәзхабы және басым ғалымдар ұстанымы бойынша – сүннет. Сондықтан, Ислам дінін қабылдаған ер азаматқа сүндет жасауды кешіктірмей шұғыл жасауды міндеттеп талап етпеген жөн. Уақыт беріп, біршама дайындалғаны да абзал. Имам Маликтің еңбегінде: «Сағид бин Мұсайбтан мынадай дерек келтіреді: Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар – ең бірінші боп қонақ күткен адам, ең бірінші сүндеттелген адам, бірінші боп мұртын қысқартып басқан, ең бірінші боп шашындағы ақты көріп: «Уа, Раббым! Бұл не?» – деген. Сонда Алла Тағала: «Салмақтылық, байсалдылық», – деген. Ибраһим (ғ.с.): «Раббым, менің байсалдылығымды арттыра гөр!», – деген екен».

Ал, діни тұрғыдан сөз ететін болсақ, сүндеттеу – тамыры тереңге кететін діни әдет-ғұрып. Сүндеттеу – ер баланың жыныс мүшесін жауып тұрған қабықшасын кесу. Бұл амалды қазақтардың сүндеттеу деп атауының себебі де сонда жатыр. Сүндет – пайғамбарлардың амалы мен сөзіне қатысты қолданатын арнайы термин. Демек, бұл амал пайғамбарлардан бастау алады. Анығырақ айтқанда, пайғамбарлар атасы Ибраһимнен (ғ.с.) бастау алатын сүннет. Бала туылған алғашқы айдан бастап жасалатын амал. Алайда, балиғат жасына жетпей жатып та, кейде белгілі бір себептермен балиғат жасынан кейін де жасала беретін амал.

Әнас бин Малик (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) айтты: Раббымның маған көрсеткен сый-құрметінің бірі мен сүндеттелген боп тудым, сондықтан ешкім менің әуретімді көрген жоқ». Бұл хадис Табарани, Хатыб және Ибн Асакирде келген.

Мұсылман – Алланың әмірін орындаушы. Сөздің мағынасын бір ауыз сөзбен осылай жеткізуге болады. Яғни, өзін Алла Тағала әміріне толығымен тапсыру. Кейбір амалдардың мән-мағынасы адам баласына толық түсініксіз болса-дағы, Жаратушы әр нәрседен Хабардар, барлық сыр-құпияны Білуші болғандықтан, мұсылман Оның пәрменін міндетті түрде орындайды. Ал, мұндай амалдардың сыры уақыт өте келе ашылып, мұсылман үшін пайдасы бары ғылыми тұрғыда дәлелденуде. Соңғы кезде ғылым жетістіктері сол шақтағы сырт көзге қисынсыз көрінген көп дүниелердің құпиясы мен пайдасын аша бастады. Соның бірі – сүндеттеу.

Мұсылман шариғаттың әрбір амалы даналық пен парасаттан бастау алатындығына кәміл сенеді. Алайда, адамзат тарихында дін мен ғылым қақтығысы заманынан қалған бір сыңаржақ түсінік бар. Ол – әрбір діни амалға сандырақ немесе негізсіз әрекеттер деп қарау. Ендеше, сүндеттеудің тарихына зер салып көрейік. Ең алғаш сүндеттеу амалын жасаған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар. Ол өз-өзін сүндеттеген. Хадистегі деректер бойынша, сол шақта Алланың досы Ибраһим пайғамбар (с.ғ.с.) сексеннің сеңгіріне кірген екен. Ибраһим Пайғамбар мінәжатының жауабы ретінде Жаратқан Алла адамзаттың көбін Ибраһим нәсілінен шығарды.  Сонымен бірге, көптеген пайғамбарлар мен патшалардың атасы етті. Сондай-ақ, ұрпағының тәнінде бір нышан болатынын баяндады. Ол – сүндет еді. Құран Кәрімде: «Өң Алланікі, Өң (беру) де Алладан кім артық? Сондықтан біз оған құлшылық қыламыз»[1], – деп, Алла Тағалаға иман еткендердің бір реңкі, бояуы сүндет екенін баяндайды. Бұл бояу – жүректегі иман мен махаббат реңкі. Бала туылған сәтте оның шашының алынуы, бойындағы қанының жуып тазалануы және баланы жолдасынан шығарып алу – мұның барлығы да шариғаттың әмірі. Оның үстіне, медицина міндетті деп білген амалдардан. Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл туралы бір ауыз сөзбен: «Зиянкесті бойынан кетіріңдер», – деген.

Ал, енді, сүндеттеудің медицина мамандары айтқан пайдаларына тоқтала кетейік:

1. Жыныс мүшесінің қабынуының алдын алады.

Зәр жолы тар болғандықтан, мүшенің басын ұдайы ерекше тазалап отыруды талап етеді. Бұл балаға едәуір қолайсыздық тудырады. Есейгенде жыныс мүшесінің обыры сынды дертке де шалдыруы ықтимал. Мұны медицина мәліметтері де растайды. Мысалы, сүндеттелгендер арасында жыныс мүше обырына шалдығу қауіптілігі 0 пайыз. Мүлдем жоқ. Алайда, Қытай, Уганда және Пуэрто-Рико сияқты елдерде обыр ауруының 12-22 пайызы жыныс мүшесінің обыры үлесінде. Бұл – зияндылығы жағынан өте жоғары көрсеткіш. Бұған қоса нәрестелердің де зәр жолының қабынуының 95 пайызы сүндеттелмеудің салдарынан орын алады. Ал, сүндеттелген балалар арасындағы зәр жолы қабыну көрсеткіші 5 пайыздан төмен. Демек, бүйрек жұмысының бұзылуына, қанға және денеге зиянды бактерия таралуына соқтыратын басты себеп – сүндеттелмеу екен.

2. Жыныс жолы арқылы таралатын кеселдерді болдырмайды

Жыныс жолы арқылы таралатын көптеген аурулардың басым салмағы сүндеттелмеген адамдар жағында екенін зерттеулер нәтижесі көрсетті.

3. Әйелдің жатыр мойнының обырынан қорғайды.

Сүндеттелген жұптар арасында әйел жыныс мүшесінің обыры болмайтын көрінеді. Бұл мәліметтерді доктор Мұхаммед әл-Бар өзінің «Хитан» (сүндеттеу) атты кітабында жазады.

Сүндеттеу – адам денсаулығын сақтаудың маңызды прафилактикасының бірі. Хадисте: «Төрт амал пайғамбарлар сүннеті: сүндеттеу, иіс су мен мисуак қолдану және некелесу», – деген. Бұл Ахмед және Тирмизи еңбектерінде кездесетін хадис.

Бұл сүндетке отырғызудың бүгінгі ғылым дәлелдеген пайдалары ғана, ал оның ашылмай жатқан сырлары қаншама?! Алла бізді сүннетке сай амал етуші сүйікті құлдарынан қылсын!

Төлеби Оспан
Ақтөбе облысының өкіл имамы


[1] «Бақара» сүресі, 138-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру