Сымданған сұлулар

23 маусым 2021 6374 0
Оқу режимі

Ұзын етекті көйлек киген қыз баласын көру сирек құбылысқа айналғаны қашан. Бүгінде бойжеткен қыз да, тұрмыс құрған келіншек те шалбарланып алған. Ыңғайлы әрі жылы дейді. Алайда, мұны дін де, ғылым да (медицина) құп көріп тұрған жоқ. Тіпті, аяғы ауыр келіншектерге де арналған шалбарлар бар. Қала берсе, немере жетектеген әжелердің де біршамасы сымданып алған. Кешегі қыздары мен келіндеріне етекті көйлек кигізген ата-бабамыз ақымақ болмаған шығар. Бір білгені бар шығар.

Сахаба Абдулла бин Аббас (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) ер кісілердің ішінде әйелдерге ұқсағысы келгендерді және әйелдердің ішінде еркектерге ұқсағысы келгендерге лағынет айтты[1]», - дейді. Бұған қатысты Табари: «Ер кісілер әйелдерге ғана тән болған киім кию және сәндену сияқты жайттарда әйелдерге ұқсамауы және керісінше болмауы жайлы айтылған[2]», - деп түсіндірген. Демек, тек киім киюде ғана емес сонымен бірге, сөйлеу мәнерінде, жүріс-тұрысында да әйелдер әйел затына тән ерекшелігін жоғалтпауы тиіс. Ер азаматқа да еркекке тән болмысынан ажырап, әйелдерше сөйлеп, жүріп-тұруына тыйым салынады. Әрине, шалбар киген соң жүрісі де, сөзі де соған сай қалыптаса бастайды. Ал, сыртқы сымбаты сырт көзге тайға таңба басқандай көрініп тұратыны айтпаса да түсінікті.Негізі, шалбарды киюдегі мақсаты да сол болатын. Еркектің көзіне түсу. Бір қызығы, еркекше киінген әйелдің мінезінде өзгеріс байқалып, ақыры соңында еркек сияқты еркектердің өзінен үстем болуға деген әрекеті пайда болады екен. Ең жаманы әйелдің болмысына керағар, әйелдің туа біткен асыл қасиеті һәм болмысының қорғаны ұяттан жұрдай болатын көрінеді. Медицинада да джинсы шалбар кию ана болу бақытынан айыруы мүмкін екендігін алға тартады.

Сондықтан, ежелден ұзын етекті серік еткен нәзік жандылар сол серігімен қайта қауышса. Ерлерге ұқсаудан аулақ болып, өзінің табиғи жартылысына сай киінсе деген уәжіміз бар.


[1] Бұхари, Тирмизи
[2] Фатхул-Бари

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру