Сынған құмыра

05 наурыз 2021 6565 0
Оқу режимі

Үлкен әулие кісілердің бірі Ибраһим Хаққы бала кезінен бастап көп жыл бойы Исмайыл Фақыруллаһтың шәкірті болған. Ұстаздың ұлағатты тәрбиесін көрген Ибраһим бір күні қолына құмыра алып бастауға барды. Құмырасын суға толтырып жатқанда қасына жақындаған бір атты:

- Әй, бала, тұр былай жолдан! – деп, сонадай жерден әкіреңдеп, атымен баса-көктей бастауға беттеді. Ибраһим құмырасын алып, шетке шықпақ болып еді, атты кісі бұны қорқытып зәресін ұшырайын деген ниетпен атымен басып кетердей ентелей берді. Ибраһим құмырасын жерге қоя салып аттың аяғына түсіп кетпей, өз басын аман алып қалмақ болып шегіншектеді. Атты кісі әп-сәтте-ақ құмыраны аттың табанына салып үгітті де жіберді. Ибраһим болса жылаған күйі ұстазына келді:

– Бастаудан енді су ала бергенімде қасыма келген атты кісі омыраулата мені таптап кете жаздады, құмырамды да сындырып тастады, – дейді өксігін бас алмаған күйі.

Ұстазы:

– Құмыраңды сындырған аттыға сен бірдеңе дедің бе?- деп сұрайды.

– Жоқ, ләм-мим деп тіл қатпадым, – дейді шәкірті.

– Онда тез бар да сен де бір-екі ауыз түйрейтіндей қатты сөз айт, – дейді ұстазы.

 Ибраһим Хаққы бастау басына барғанмен, атын байламақ болып жатқан әлгі кісіге тәрбиесіз адамша бір-екі ауыз былапыт сөз айтуға ішкі ар-ұяты жібермей, ештеңе деместен қайта келеді.

Қайтып келген Ибраһимнен ұстазы:

– Иә, оған бірдеңе дей алдың ба? – деп сұрайды. Ол жүрегі дауалап ештеңе айта алмағандығын, тілін тістеген күйі үн-түнсіз қайтқандығын жасырмайды.

Алайда ұстазы бұған қатты ашуланады.

– Саған мен не айттым?! Бар да сен де оған қарсы бірдеме айт, әйтпесе арты жамандыққа ұласады, – дейді ұрсып.

Ибраһим Хаққы бұл жолы іштей тас-түйін бекінген қалпы бастауға келді. Алайда, бір таңғаларлығы, құмыраны сындырған аттының ат-матымен қоса омақаса құлап, өліп жатқанын көреді. Есі шыққан Ибраһим дереу ұстазына жүгіріп келіп көрген-білгенін ентіге жеткізеді. Ұстазы бұған қатты қапаланады. Сөйтеді де санын соққан күйі:

– Қап, әттеген-ай! Бір құмыраға бола бір адамнан айрылып қалғанымызды қарашы, тым өкінішті, – дейді тұнжырап. Маңайындағылар одан ештеңе түсінбегендіктерін айтқанда, ол:

– Әлгі атты кісі Ибраһимге тізесін батырды. Бұл дегеніңіз ап-ашық зұлымдық еді. Ал Ибраһим оған қарсы өздігінен ештеңе демеді, тек әлгіні Аллаға тапсырды да қойды. Алла соның арасынша залымға жазасын беріп те үлгерді. Ал егер Ибраһим де бірдеме айтып, өздігімен екеуара керілдескенде екі жақ та теңдесер еді. Алайда бұл жерде Ибраһим бір жақты жәбір көруші болып шығып отыр. Ал мен болсам өздері-ақ екеуара ымыраға келгенін қалап едім, әттең оны істете алмадым, – деп мәселенің мән-жайын ұғындырған екен. 

Құдайберді Бағашар

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру