«Тахник» жасау нәрестеңізді неден қорғайтынын білесіз бе?

11 қаңтар 2021 11624 0
Оқу режимі

Ардақты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) жеткен сүннет амалдардың қай-қайсысын алып қарасақ та, сансыз сауабымен қатар күнделікті өміріміз бен денсаулығымызға тигізер пайдасы шаш-етектен екеніне тағы да таңғала түсеміз. Сүннетке сүйенген мұсылмандар кейбір атқарған амалдары арқылы қандай қауіптің бетін қайтарғанын өздері білмей жатады. Сондай сүннеттердің бірі ретінде «тахник» жасауды айтсақ болады.

«Тахник» сөзі құрманы шайнап, сонымен нәрестенің таңдайын сүрту дегенді білдіреді. Шайналған құрманы саусақтың үстіне қойып, нәрестенің аузына салып, таңдайына жағып, ысқылайды. Бұхаридың «Ақиқа» кітабында Әбу Мұсаның (р.а.) ұлы туылғанда Алла Елшісінің (с.ғ.с.) оған Ибраһим деп ат қойғандығы және нәрестенің таңдайына құрмамен тахник жасап, дұға жасағандығы айтылады.

Тахник жасау дәстүрінде үлкен пайда жасырынған. Өйткені, құрманың құрамындағы нәрлі заттар сәби ағзасының қалыпты жұмыс істеуіне және иммунитетінің нығаюына көмектесетіні дәлелденген. Құрмамен тахник жасау, бұл – ең пайдалы екпе (прививка) секілді. Яғни, ол полиомиелит (жұлын қабынуы), дифтерия (жұқпалы тамақ ауруы), қызылша секілді қауіпті дерттердің алдын алады.

Бұған қоса, жақында ғана Жаңа Зеландия ғалымдары «тахник» жасаудың тағы бір қатерлі аурудың алдын алатынын дәлелдеп отыр. Зерттеушілер жаңа туылған 242 сәбидің таңдайын құрмамен сүртіп, тахник рәсімін жасай отырып, таңғаларлық қорытындыға келген. Нәрестенің таңдайына жағылған глюкозаға мейлінше бай құрма шырыны ерте туған сәбиді ми зақымдануынан қорғайтын болып шықты.

Күллі ғаламға рақым нұры болып түскен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) әрбір әрекеті мен сөзі адамзат баласына ақырет күніне дейін өнеге мен үлгінің асыл жиынтығы болып қала бермек! Тек сол тағылымды сүннеттердің сансыз сауабы мен пайдасынан құр қалудан сақтасын!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру