Тарыдай жақсылықтың таудай сауабы

03 желтоқсан 2019 13360 0
Оқу режимі

Кейде жасаған кішкентай жақсылығымыз ақыретте өзімізге таудай сауап болып қайтарылатынын біле бермейміз.  Демек, жасаған  кішкентай ғана жақсылығымыздың  өзі мыңдаған күнәміздің кешіріліп, Алланың разылығына жақындатуы мүмкін деген сөз. Алланың разылығына жетеміз деп, үлкен сауапты істер жасап, бірақ ниетіміз дұрыс болмаса, онда ол басқа әңгіме. Бәрі ниетке байланысты. Теңіз тамшыдан, теңге тиыннан құралатыны сияқты, үлкен сауаптардың да кішкентай жақсылықтардан құралатынын назарда ұстау керек. Себебі, Алла Тағалаға  аз да болса тұрақты орындалатын амал сүйіктірек болып табылады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аз да болса үнемі, үздіксіз жалғасып тұратын амалдың қайыры туралы айтып кеткен.

Бірде сахабалар Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі, қандай іс Аллаға ең ұнамды іс болып саналады?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз  Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үнемі және үздіксіз орындалатын нәрсе», - деп жауап береді (Тирмизи,  «Қираат», 2/2948). Демек, амалдың саны емес, аз болса да үздіксіз жасалып тұруы маңызды. Үнемі, үздіксіз орындалатын амалдардың сауабы арагідік істелетін амалдардың сауабына қарағанда көбірек болатыны туралы имам Ән-Нәуәуи: «Аз да болса үнемі орындалатын амалдар арқылы Аллаға бойсұну жалғасын табады. Бұл Алланы еске алу, Оның бақылауын сезіну, Оған ықылас қою және Оған қарай бет бұру арқылы болады. Ал көп әрі қиын амалдар үзіліп, тоқтап қалуы мүмкін. Тіпті үнемі орындалатын аз амалдар дами келе арагідік орындалатын көп амалдардан бірнеше есе асып түседі», – деп қалам тербеген. Құлшылықты тұрақты орындаушылар орындамаған құлшылықтарына да сауап алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонымен қатар, әр адамның өзі шамасы жететін істі ғана қолға алуды бұйырған. 

Тағы бір хадисте былай делінген: «Шөлдеген бір мүмин құдыққа түсіп су ішті. Бір ит те құдықтың алдында шөлден өлетіндей жағдайда күтіп отырған еді. Әлгі адам бұл итке жаны ашып, аяқ киімін шешіп, сонымен итке су берді. Бұл әрекетінен Алла Тағала разы болды. Бұл адамды жәннатқа кіргізді» (Муслим). Немесе мына хадисте: «Ақиқатында, құл өзі байқамастан Алла Тағалаға ұнамды нәрсе айтуы мүмкін, осы үшін Алла Тағала оның дәрежесін көтереді. Ақиқатында, құл байқаусызда Алла Тағаланың ашуын тудыратын сөз айтып қоюы мүмкін, осы үшін Алла Тағала оны Тозаққа тастайды» (Бұхари), - деп айтылғандай, кішкентай ғана жақсылықтың өзі  немесе бір ауыз сөз де пендені не тозақтық, не жәннаттық қыла алады екен.

Құдіреті шексіз Алла Тағала біздің  жасаған кішкентай ғана жақсылығымыздың өзін елеп, Құранды былай дейді:

 «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді». («Зилзал» сүресі, 7-аят).  

«...Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де» («Бақара» сүресі, 215-аят).

«...Және қайырдан не істесеңдер сөз жоқ, оны Алла біледі» («Ниса» сүресі, 127-аят).

Біздің жасаған әр ісіміз мейлі ол жақсы, жаман іс болсын жүректе өз ізін қалдырады. Жаны мен ойы таза, ниеті түзу адамның жүрегі де, ұйқысы да тыныш, құлшылығы мен тіршілігі де берекелі болады. Өйткені, ол ешкімге қастандық қылып, қиянат жасаған жоқ. Ниеті ізгі екен, демек айналасындағы адамдар да оған сондай ниетте болады. Осының өзі адамды түрлі жамандық атаулыдан айықтырады екен. Мұны тіпті психолог мамандардың өзі растап отыр. Мысалы, психолог мамандардың көмегіне жүгініп келген депрессия жағдайындағы көптеген адамдарға психологтар екі апта бойы жақсы амалдар жасап отыруға кеңес береді. Ең жаман деген адамның да жүрегінде иненің көзіндей болса да жақсылыққа орын табылады. Қайырлы іс жасаған сайын жүрек нұрланып, сол саңылаудай жақсылықтың өзі  теңіздей жақсылыққа апаруы мүмкін. Себебі, Алла Тағаланың біздерге деген мейірімінің шексіздігі соншалықты, біздің жасаған бір ғана амалымызға он, тіпті жүз жақсылық жасағандай  еселеп сауап жазады.

Жан-жағындағы адамдарға жақсы­лық жасаудан жалықпаған адам – үнемі құлшылық үстінде жүрген адам. Сондықтан жақсы іс болсын, жақсы сөз болсын немесе жәй ғана жақсы ой болсын, осы жақсылықтарды күнде жасауда немқұрайлылық танытпасақ, сол ісіміз бізді Алла қаласа таудай сауапқа, әр мұсылманның арманы болған жәннатқа жеткізуі мүмкін.

Лаура Қанатқызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру