Тауарихтың орнын толтыратын ғибадат

06 маусым 2019 8558 0
Оқу режимі

Рамазан айында отыз күн тарауих намазын оқыған мұсылман қауымы рамазан айы біткен соң бейне бір затын жоғалтқандай күйде жүреді. Күнде құптан намазынан кейін, Алланың алдында қарызын өтей алмағандай, өзін кінәлі сезінетіндер де баршылық. Отыз күн бойына тарауих намазын оқып үйренген дене мүшеміз тағы да сол құлшылықты аңсайды екен. Және рухани әлсіреу де осы тұста басталады. Енді дене мүшеміз бен рухани қажеттіліктің орнын толтыру үшін тарауих намазындай амал етудің жолы қандай? Ол – тәһәжжуд намазы. Әрине, тәһәжжуд намазын оқу тарауих намазының орнын толтыра алмайды! Сол себепті, рамазанда оқылмай қалған тарауихтың орнын толтырамын деп, нәпіл ораза ұстап, тарауих намазын оқуға болмайды! Рухани азып қалмау үшін, отыз күнде үйреншікті болып қалған әдетті ары қарай жалғастырып, иманымызды әлсіретпеу ниетінде тәһәжжуд намазын оқуды ұсынамыз. Осы күннен бастап, әр түні тәһәжжуд намазын үзбей оқуды әдетке айналдыру өте үлкен сауапты іс болмақ. Тарауих намазын 20 рәкағат оқуға ерінбеген жанымыз, 8 рәкағат намаз оқуға да ерінбейді. Тек нәпсіні жеңе білу қажет. Түнгі намаз – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қатты көңіл бөлген намаздарының бірі. Алла Тағала түнгі намазды жиі оқушыларды аса мақтап әрі олар үшін зор сауаптарды уәде еткен. Тәһәжжүд намазы – парыз намаздарынан кейін тұратын ең абзал намаз. Алла Тағала Мұса алейхиссаламға «Мен үшін ғибадат ет!» деп бұйырғанда, хазіреті Мұса «Ия, раббым, ғибадатым қабыл болуы үшін, саған қай кезде ғибадат етейін?» деп сұрайды. Алла Тағала: «Түнде тұрып, намаз оқы!» деп бұйырады.

Мұсылман бауырлар, нәпсінің арбауына ермей, тәһәжжүд намазын оқиық. Аллаға дұға етейік, әрине түнде істелген амалдар мен дұғалар қабыл болары хақ. Бұған мына хадис дәлел: Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Менің жолыммен жүрген адам түнде тұрып, өз нәпсісін жеңіп намаз оқуға ниет етсе, онда ол байланған арқанды шеше бастайды. Ол бетін жуғанда тағы бір арқан шешіледі, қолдарымен басына су тартқанда басқа арқан шешіледі, ал аяқтарын жуғанда соңғы арқан шешіледі. Сонда Алла бізден жасырын тұрғандарға «Менің құлдарыма қараңдар. Ол өз нәпсісін жеңіп, маған дұға етуде. Ол Менен не сұраса, Мен оған сұрағанын беремін!» деп айтқан»[1]. Құран Кәрімде де нәпіл намаздың қайыры туралы келтірілген. «Және түннің бір бөлігін ұйықтамай, өзіңе қосымша намазға тұр. Раббың сені мақтаулы орынға жібереді»[2], делінсе, енді бір жерде: «Олар жамбастары төсектерден ажырап, Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ, олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды»[3], – деп көрсетілген.

Тәһәжжүд намазы – түннің үштен екі бөлігі өткеннен кейін, таң намазы кіргенге дейінгі аралықта оқылатын нәпіл намаз. Ол кемі 2 рәкағаттан барлығы 8 рәкағаттан тұрады. Одан артық оқуға да болады. Тәһәжжүд – ұйқыны тәрк ету (бұзу) дегенді білдіреді. Түнде оқылатын нәпіл намазы күндіз оқылатын нәпіл намаздардан құнды саналады. Өйткені, түнгі тәтті ұйқыны бұзу нәпсіге ауыр тиеді. Хадис шарифте былай делінеді: «Ғибадаттың абзалы – машақатпен болғаны»[4].   

Алла оқып-білгенімізді игі амал етуге бұйыртып, мол сауаптан берсін!

Берік қажы Алпысбайұлы


[1] Ахмад Ибн Хиббан. Сахих аль Таргиб, 627 б.
[2] «Исра» сүресі, 79-аят.
[3] «Сәжде» сүресі, 16-аят.
[4] М. Фәлаһ, Ибни Әсир-Нихайа

Пікірлер Кіру