ТАУХИД ДЕГЕН НЕ?

06 наурыз 2024 2099 0
Оқу режимі

Ислам дінінің іргетасы таухид сенімі. Таухид – Алла жалғыз дегенді білдіреді. Қасиетті Құранда бұл ақиқат былай деп баян етілген: «Сендердің құдайларың – жалғыз бір Құдай. Одан өзге тәңір жоқ» («Бақара» сүресі, 163-аят).

Иә, Алла Тағала –жалғыз. Оның теңдесі, ұқсасы немесе серігі жоқ. Ол тумаған, туылмаған. Жалғыздық Құдайға жарасады деген мәтел осы сенімді білдіреді. Біз көріп тұрған және бәзге көрінбейтін барлық нәрсенің жаратушысы Жалғыз Алла. Жаратуда да Алла жалғыз. Одан өзге жаратушы жоқ. Алла бүкіл кемшілік, нұқсандық атаулыдан пәк.

Құлшылық тек Аллаға ғана жасалады. Одан өзгеге құлшылық жасауға болмайды. Таухид сенімі «Ықылас» сүресінде былай деп баян етілген: «(Оларға) айт: Ол – Аллаһ, нағыз жалғыз Құдай. Аллаһ –Самад (Өзі ештеңеге мұқтаж емес, алайда барлық жаратылыс түп-түгел Оған мұқтаж). Ол тумаған да, туылмаған  Сондай-ақ Оған тең келетін ешкім де, еш нәрсе де жоқ» («Ықылас» сүресі, 1-4-аяттар).

Алланың жалғыздығына сенім жүректерді ортақ бір мақсатқа біріктіретін, мұсылмандар арасындағы  бірлік-ынтымақты күшейтетін маңызды  күш.

 

 

Пікірлер Кіру