ТІЛГЕ ТОҚТАМ БОЛСА...

14 маусым 2024 1239 0
Оқу режимі

Ұлттық сөз өнерінің зергері, қай шығармасы болсын оқырманды бей-жай қалдырмайтын қарымды қаламгер Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романындағы «Неге біз осы...» деп басталатын Тағанның монологы бәрімізге таныс шығар иә?

«Неге біз осы өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, қысқасы - өтірік өмір сүреміз, а? Неге біз осы өзіміздің бұл әлемге артық, түкке де керегіміз жоқ бейшара мүскін екенімізді мойындамаймыз... неге біз осы қатыгез де, қасиетсіз болып кеттік» деген сөздердің өзі айтпақ ойымыздың ауанын дәл басқандай-ақ... Шынымен де неге біз осы осындай қалыпқа еніп кеттік?! Қолымыз қалт етсе, біреудің қателігін қылға тізіп, шалыс басқанын бетіне басатын жаман әдет таптық. Ол аздай оның намысын жер бауырлатып, абыройын аласартатын кеселді байлап алдық. Өзге түгіл өзіңе де тек кесепаты мен кесірін тигізетін бос сөз, құр даурықпадан, балағаттан, қарғап-тілдеуден, жала мен өтіріктен ауылымызды алыс салсақ керемет емей немене?! Қазіргі күні көпшілігіміздің пайдасыз әңгімелерге, өсек-аяңға, тірліктің болмашы ұсақ-түйектерін сөз етуге құмартуымыздың себебі неде екен... Әлде аузымыздан шыққан, тілімізден тапқан әр сөзімізге жауап беретінімізді ұмытып кеттік пе екен...

Қасиетті Құранның «Қаф» сүресінің 18-аятында: «Ауыздан шыққан әр сөздің аңдушысы бар», - делінеді. Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын﴿ өз хадисінде: «Кімде-кім сөйлемей, тыныш тұрса, бәледен құтылады», - деген. Демек, әр айтылған сөздің сұрауы да, соған сәйкес жазасы да бар деген сөз. Қарап отырсақ, шариғат танымдарының қазақы даналықтармен орайлас келетіні тектен-тек емес. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген қазақ мақалының астарында да пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын﴿ даналығы жатыр. Отыз тістен шыққан сөз, қырық рулы елге тарайтынын да осындай хадистен ұғынғандай боламыз.

Ауыздан шыққан әрбір сөздің аңдушысы дайын екенін айтқан Құран сөзі де "сөйлер сөзіңе есеп бер" дегенді нұсқайды. Өйткені, аңдамай сөйлеген сөз кейде адамды көрсоқырлыққа апаратынын ұмытамыз. Тіліне сақ болып, тыныш тұру – даналықтың бір белгісі екенін әрдайым санада берік ұстаудың өзіндік маңызы бар. Тілден туындайтын кесепаттың мысалдары жетіп артылады. Айталық: ғайбат айту, өсек тасу, арсыз сөз сөйлеу, пайдасыз әңгіме, жалған сөйлеу, құпия сырды жаю, уәдені бұзу, орынсыз әзілдеу, мазақтау, келемеждеу, өтірік мақтау, екі сөйлеу сынды кеселдер де пенде баласын жақсылықтан жылыстататыны имандай шындық.

Ардақты пайғамбарымыздың бір хадисінде:

«Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесуі көбейсе, күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса, тозаққа лайық болады», - делінеді.

Адам шынында күнәнің көбін тілінен табады екен. Шындықты бетке айттым деп біреуді еш негізсіз ғайбаттау көріністері аз кездеспейді. Осылай адал адамды қаралап, өзі осы қылығы арқылы күнә арқалайтынын білмей қалады. Сөйлеген әр сөзіне есеп бере алмай, ғайбат істің жетегінде жүргендерге иман ғана таразы бола алады. Алла Тағала Елшісі (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын﴿: "Кімде-кім бауырының кемшілігін жасырса, Алла Тағала ондай адамның айыбын жасырады", - деп ұдайы айтқанын әркім өз санасына берік түйсе ләзім болар еді.

Шариғат сабақтары қазақы қоғамның барлық тұстарында көрініс беретінін де жоққа шығара алмаймыз. Шешендік сөздердің өн бойы осындай сырларға толы. Қазақ – бір ауыз сөздің қадірін ұғынған халықтың бірі. Талай дау-дамайдың түйінін ағытқан бабаларымыз бір ауыз сөздің қарымын қадірлей білген. Себебі, қазақтың ақыны да, шешені де, батыры да ұйқастырып бір ауыз сөз айта алатын дәрежеде болған. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпаның білсеңіз», - дегенде Абай атамыз бес дұшпанның үшеуі – өсек, өтірік, мақтаншақтық тілмен өрбитінін айтады. Өсек айтып, ғайбат сөйлеу – адамды күнәге жетелесе, мақтаншақтық тәкәппарлыққа жетелейтінін ащы сынмен түйреп өтеді. Шынында, қазақ арасында имани ұғымға қайшы келетін мұндай мінез-құлықтар көптеп кездеседі. Ол бүгінгі күннің ащы да болса шындығына саяды.

Дала ділмарларының «Көнектей басыңа шүмектей тілің жау» деген бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады... «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген данагөйлеріміз «Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» деп сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын, сондықтан, әрбір сөзге абай болуды, сөзбен жұбатуға да, жылатуға да болатынын меңзейді.

Адам ақылының, көңіліндегі көрікті ойларының отыз тісті жарып тұрып, сыртқа шыққандағы айнасы саналатын тілімізді Рақымы мол Жаратқан ғайбаттан тазартуды нәсіп қылсын! Қара басымызға кесір-кесепатын тигізетін, бәле-жаланы жуықтататын тілімізге тоқтам салып, айтылған әр сөзіміз бен әр ісіміздің зияны да, пайдасы да тек өзімізге тиетінін көңіл зердемізге тоқысақ екен. Әмин!

 

ПЕРНЕБЕКҰЛЫ Темірбек

 

 

 

Пікірлер Кіру