Толеранттылық – Ислам талабы

01 мамыр 2020 8939 0
Оқу режимі

Ислам – барлық діндерге құрметпен қарайтын дін. Әсіресе, яһуди, христиан дініндегілерге аса ілтипат көрсетіп, оларды «Кітап иелері» деп атайды. Осы диалог көп уақыттан бері Исламның дінаралық келісім жағында екенін білдіріп, достық, ынтымақ, бірлік жолында қызмет атқарып келеді. Бейбітшілік, татулық, қарым-қатынас пен көркем достық, жақсылық пен өзара жәрдемдесу секілді игілікті істердің барлығы да Ислам діні насихатының негізі. Өйткені, Ислам – иман құндылығын бағалайтын күллі адамзатқа арналған дін. Сондықтан Ислам дінінің өз ұстанымы, көзқарасы, менталитеті, ерекшелігі бар.

Біріншіден, мұсылман өзге дін өкілдерін, тіпті дінсізді де «кәпірсің» деп ренжітпейді. Алайда, оның күпірлігіне разы да болмайды. Дінімізде күпір іске разы болу күпірлік саналады.

Екіншіден, мұсылман емес адам Алланы ызаландыратын амал жасаса, мұсылман оған ашуланады, ашу, ызамен қарайды. Дегенмен мұсылмандарда жақсы көру немесе ашулану сезімі тек Алла үшін ғана болуы тиіс. Хазіреті Әли (р.а.) бірде бір кәпірді жерге құлатып салады. Кәпір құлап бара жатып Әлидің бетіне түкіріп жібереді. Қылышымен оны турап тастағалы тұрған Әли (р.а.) бірден райынан қайтып, кәпірді өлтірмеді. Соңынан әлгі кәпір Әлиге арнайы келіп: «Жаным қиналмай тез шықсын деп мен сенің бетіңе түкірген едім. Ал сен мені өлтіруден бас тарттың. Соның себебін сұрай келдім», – дейді. Сонда Әли (р.а.): «Мен саған Алла үшін ашуланып тұрған едім. Кенет бетіме түкірген кезде ашуым Алла үшін емес, өзімнің нәпсім үшін бола қалды. Сондықтан өзім үшін ашуланып соққы беру күнә болады деп райымнан қайттым», – деген екен. Міне, осы оқиғадан кейін әлгі кәпір боп жүрген кісі Ислам дінін қабылдаған екен.

Үшіншіден, Ислам діні олармен, яғни өзге дін өкілімен мәмілеміз дұрыс, маңызды болуын, қарым-қатынасымыз ынсапты, әділ, тура болғанын қалайды. Егер арамызда соғыс болып жатпаса, сыйлық жасап, қарым-қатынасты нығайта беру керек деп ескертеді. Құранда: «Алла Тағала сендермен дін жайында соғыспаған және жұрттарыңнан шығармағандарға жақсылық жасауға, әділ болуларына тыйым салмайды. Расында, Алла Тағала әділдікті жақсы көреді» («Мұмтахина» сүресі, 8-аят) дейді.

Төртіншіден, мұсылман өзге дін өкіліне толық сеніп, сүйеніп те қалмайды. Құранда: «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген бір елдің – Аллаға, оның елшісіне қарсы келгендерді дос санайтынын көрмейсің...» («Мужадәлә» сүресі, 22-аят) деген. Демек, Ислам өзге діндегілермен жақсы қарым-қатынаста болуды құптағанымен, олардан сақ болуды да ескертеді. Мұсылман мұсылманмен дос болғанындай, кәпір мен мұсылман арасында ондай деңгейде қарым-қатынас болмайды.

Бесіншіден, «Кітап иелері» дайындаған тағамдарды жеуге болады (әрине, дінімізде халал саналған болса), сыйлықтары қабылданады. Құранда: «...Кітап иелерінің дайындаған тағамы, (бауыздағаны да) халал етілді» («Мәида» сүресі, 5-аят) делінген. Бірде Мәдина қаласында бір яһуди Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйіне тамаққа шақырғаны айтылады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның шақыруын қабыл етіп, үйіне қонаққа барады. Алдына әкелген тағамнан дәм ауыз тиеді.

Алтыншыдан, мұсылман әйелдің кәпірге күйеуге шығуына рұқсат жоқ. Яғни мұсылман емес жанға қыздарымызды некелеп бермейміз. Ондай некеге Ислам діні түбегейлі қатаң тыйым салады. Ал мұсылман қызға үйлену үшін ислам дініне кіру керек. Қасиетті Құранда: «(Мұсылман) әйелдің, оларға (кәпірлер ер кісіге некесі) халал емес, олар (кәпір ер кісінің) бұларға (мұсылман әйелдерге некесі) халал емес» («Мұмтахина» сүресі, 10-аят)

дейді. Ал мұсылман ер кісілерге кәпірлердің ішінде тек кітап иелерінің қыздарын некелеп алуға болады. Бұл туралы Құранның «Мәида» сүресінің 5-аятында: «Мүміндерден абыройлы әйелдермен және сендерден бұрын кітап берілгендерден (христиан, яһуди) де абыройлы әйелдермен мәһірлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді», – деп келеді.

Ислам дінінің тұжырымы бойынша дінаралық үн қатысу – Алла Тағаланың әмірі, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қай кезде де Құранның әміріне бойұсынып, кітап иелерімен тығыз байланыста болып, үнемі үн қатысып отырды. Оның христиандармен диалогы алғаш рет өзіне Жаратушыдан уахи келген сәттен-ақ басталған болатын. Өйткені Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығын алғашқы болып растаған Уарақа ибн Науфал деген христиан ғұламасы еді. Ол – Мұхаммедке Мұса мен Иса пайғамбарларға (ғ.с.) Жәбірейіл періште арқылы Алла Тағаланың уахи хабары түскені секілді уахидің келе бастағанын түсінген алғашқы адам.

Меккеде алғашқы мұсылмандарды мүшріктер өз елінен қуып, үйінен көшіріп жіберіп, қатты жәбір көрсеткенде – қиналған мұсылмандарды Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кітап иелері христиандардың елі Эфиопияға шығарып салды. Пайғамбарымыз оларға: «Эфиопияға қоныс аударыңдар. Өйткені, сол елді басқарған патша туралы жақсы ойдамын. Оның құдайы мен біздің құдайымыз бір ғана Алла. Біздің дініміз бен оның дінінің ортақ сенімдері көп. Ол патшаның жерінде ешкім сендерге зұлымдық көрсетпес. Ол жер дұрыс және сенімді өлке. Алла елде жеңілдік бергенге дейін сол жерде қалыңдар», – деп бұйырды. Тіпті, сол христиан патшасынан көмек сұрап хат та жаздырып жіберді.

Уақыты келіп, Пайғамбарымыз Хабашстаннан Мәдинаға келген христиандарды өзінің үйіне қонаққа шақырады. «Бұлар кезінде Эфиопияға паналап барған мұсылмандарды құрмет тұтқан. Сондықтан бұлар біздің үйде қонақ болады» деп оларды өз үйінде қонақ етіп, құрмет көрсеткен.

Мәдинаға көшіп келгеннен кейін де Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) христиандармен диологы арта түскен. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) христиан мемлекеттері болып тұрған Мысыр патшасы және Рим императорына хат жазып, ортақ тіл табысуға шақырды. Сонымен қатар, христиан дінбасыларына да хат жолдап, ақиқат дін Исламға шақырды. Бұлардың ішінде ең назар аударарлық диолог Хақ елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нажрандық христиандармен үнқатысуы еді.

Ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Өзара жәрдем беру, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу – оның ұлық тәлімдерінен. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) делінген. Бұл – дініміздің ұстанымы, адамзатқа көрсеткен жолы, Алла Тағаланың нығметін қадірлеу, салиқалы мақсат қоюына көмектесу деп бағамдаймыз. Жаратушы Иеміз әлемдегі барлық іс-шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен кейін адам баласының қай жолды таңдауын өз еркіне салады.

Әрине, Алла Тағаланың барша адамзаттың бір ғана сенім-нанымына ұйытып қоюына құдіреті жетеді. Бірақ Ол адамзатқа өзі жаратқан басқа мақұлықтарына бермеген ақыл-ой, сана бостандығын бергендіктен, үлкен сеніммен еркіне жібереді. Бұл тұрғыда Алла Тағала: «Сен адамдарды мұсылман болуға күштеп көндіремін деп ойлайсың ба? Жоқ, жер бетіндегі адамдар тек Алла Тағаланың бұйрығы болса ғана түгел мұсылман болады» («Юнус» сүресі, 99-аят) дейді. Бұдан шығатын қорытынды – Исламды жаппай қабылдау тек бір Алланың қалауында. Жаратушымыз адам баласын жалпы қай дінде болсын, өзара мәмілемен бейбіт өмір сүруге міндеттейді.

Дін – саналы адамдарды, өз еркі және қалауымен қайырлы, игі істерге жетелейтін құдіретті күшті Жаратушының заңы. Дін – тәрбие, бақытқа жетелейтін, Иман мен Хақ заңдарын қамтитын тура жол. Дін – сүйіспеншілік, құрмет. Дін – сенім, ғибадат, дұға. Дін – адамзат, отбасы, қоғамды дамытып, үйлестіруші күш.

Асыл дініміздің ұлағатты да тәрбиелі қағидаларынан дінаралық татулық пен үйлесімнің адамзат атаулының алдында киелі борыш екенін ескерсек, сол киелі борышымызды әр саналы азамат тиесілі дәрежеде атқарса, қоғамымыздың тыныш та бейбіт ғұмыр кешетініне біздің күмәніміз жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз сөзінде: «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы. Бір ғана жаратушы бар, ол – Алла Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір», – деп атап өтеді. Олай болса, осы татулық пен ізгілік жолында Ұлы Жаратушымыз біздерге имандылық пен тақуалықты, береке-бірлік пен өркендеуді нәсіп етсін!

Ерболат ЖҮСІПОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының және
«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Пікірлер Кіру